Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігінің Қоғамдық кеңесі (бұдан әрі – Агенттік) алғаш рет 2021 жылғы 6 наурызда құрылды.
2024 жылғы 18 сәуірде Қоғамдық кеңестің (бұдан әрі – Кеңес) өкілеттілігінің мерзімі аяқталуына байланысты конкурс нәтижелері бойынша оның жаңа құрамы бекітілді. Жаңартылған құрамға 16 мүше кірді, оның ішінде 14 азаматтық қоғам өкілі және 2 Агенттік өкілі бар.
2024 жылы Кеңес 5 отырыс өткізді, оларда ең өзекті және маңызды мәселелер қаралды.
Мысалы, маусым айында Қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өткізіліп, оған Төтенше жағдайлар министрлігі (бұдан әрі – ТЖМ) мен Су ресурстары және ирригация министрлігінің (бұдан әрі – СРИМ) өкілдері қатысып, бюджет қаражатын мақсатты пайдалану мониторингі, сонымен қатар су тасқынынан зардап шеккендерге бөлінген демеушілік қаражатты бақылау мәселелері қаралды.
Қаржылық құқық бұзушылықтарды жасауға қарсы іс-қимыл мақсатында осы объектілердегі алдын алу шаралары талқыланды.
Отырыс барысында көрсетілген мемлекеттік органдардың өкілдері тыңдалды.
Отырыс нәтижелері бойынша СРИМ және ТЖМ-ке келесі жылдардағы бюджет жоспарында осы саладағы ғылымды дамытуға, соның ішінде су тасқынының жағдайын алдын алу мақсатында әртүрлі ғылыми зерттеулерге қаржы бөлу ұсынылды; қабылданған шаралар мен олардың себептері мен шарттарын жою туралы ақпараттарды БАҚ-та кеңінен жариялау ұсынылды.
Бұдан басқа, отырысқа қатысушылар «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жөніндегі өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасын талқылады.
Бұл Заң жобасы КЖҚ/ТҚ жүйесінің жұмысын жақсартуға бағытталған бірнеше ұсыныс блогын қамтиды.
Қоғам белсенділері қаржылық барлау бөлімшелерінің өкілеттіктерін кеңейтуге, қаржылық ағындарды мониторингтеу механизмдерін күшейтуге, қаржылық операциялар туралы қосымша ақпаратқа қол жеткізуді қамтамасыз етуге және басқа мемлекеттік органдармен ынтымақтастықты күшейтуге бағытталған түзетулерді қабылдауға келісім білдірді.
Қоғамдық кеңестің қызметі тек жиындармен шектелмейді.
Жекелеген мәселелер бойынша жұмыс сапарлары мен презентациялар өткізілді.
Қараша айында Алматы қаласында өткен кезекті көшпелі отырыста Агенттіктің құрылымдық бөлімшелері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын (ӘМАТ) сату кезінде спекулятивті схемаларды жою жөніндегі қабылданып жатқан шаралар туралы есеп берді, сондай-ақ өңірлердегі көлеңкелі экономикаға қарсы күрес мәселелері бойынша аумақтық органдардың басшылары тыңдалды.
Қоғамдық кеңес мүшелеріне электронды шот-фактуралар деректері негізінде ӘМАТ-қа рұқсат етілген сауда үстемесін асыра пайдалану фактілерін автоматты түрде анықтауға мүмкіндік беретін аналитикалық жүйенің мүмкіндіктері таныстырылды.
Сауда үстемесін асыра пайдаланғаны үшін жауапкершілікті қатаңдату бөлігінде ӘҚБтК-қа өзгерістер енгізу ұсынылды. Бұл ретте, норма шығармашылығы қызметінде депутаттық бастаманы пайдалану және «Парламентаризм институты» ШЖҚ РМК сараптамалық бағасын алу ұсынылады.
Қоғамдық кеңес мүшелерінің барлық ұсынымдары Агенттік тарапынан міндетті түрде қаралып, қажетті шаралар қабылданады.
Мысалы, Кеңес ұсынған ұсыныс бойынша Агенттік жергілікті атқарушы органдардың ӘМАТ бағаларын тұрақтандыру үшін бөлінген бюджет қаражатының мақсатты пайдаланылуына талдау жүргізді, нәтижесінде кейбір өндірушілер мен сатушылардың қарыз келісімдері бойынша тауарларды іске асыру фактілері анықталды.
Бұл мәселені шешу үшін барлық аймақтардағы экономикалық тергеп-тексеру департаменттеріне жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, бөлінген қарыздардың нақты игерілуін (оның ішінде қарыздардың қайтарылуын) тексеруді, СПК-дан қарыз келісімдерінің шарттарын орындау туралы деректерді сұрауды (көлемдер, бағалар және т.б. сәйкестігін), кәсіпкерлік субъектілерінің бөлшек сауда нүктелерінің бар-жоғын анықтауды ұсынды.
Сонымен қатар, қаржылық пирамидаларға қарсы іс-қимыл бойынша алдын ала жұмыстарының нәтижелері қаралды. Кеңес пен Агенттіктің бірлескен жұмысының нәтижесінде самокаттар жалға берумен айналысатын компаниялардың қаржылық пирамида болуы мүмкіндігін тексеру қажеттілігі анықталды.
Сондай-ақ, қаржылық пирамидаларға қарсы іс-қимыл бойынша арнайы жобаның іске асырылу нәтижелері таныстырылды.
Осы орайда, Қоғамдық кеңес мүшелері Алматы қаласы бойынша ЭТТД-нің экономикалық қылмыстарды тергеу кезінде артық бизнес-процестерді минимизациялауға мүмкіндік беретін ақпараттық жүйелерімен таныстырылды.
Сонымен қатар, қоғам өкілдері қаржылық пирамида ұйымдастыру фактілері бойынша жәбірленушілердің арызы мен салдарынан келтірілген шығынды анықтаусыз қылмыстық істерді тіркеудің бірыңғай тәжірибесін енгізу мәселесін пысықтауды ұсынды, бұл алаяқ құрбандарының санын арттыруды болдырмауға бағытталған.
Қолданыстағы заңнамаларға сәйкес, азаматтардың құқықтары, бостандықтары және міндеттері туралы жобалар міндетті түрде Қоғамдық кеңестің қарауына жіберіледі.
2024 жылдың қорытындысы бойынша Қоғамдық кеңес 8 НҚА жобасын, соның ішінде Заң жобасын («Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру (жылыстату) және терроризмді қаржыландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы») мақұлдады.
Агенттіктің іс-шараларына және әлеуметтік жобаларына қатысуда.
Атап айтқанда, 2024 жылғы маусымда Агенттік «АФМ онлайн 2024» атты талқылау алаңын ұйымдастырып, Кеңес мүшелерін жетекші сарапшылар мен спикерлер ретінде тартты. Талқылаудың мақсаты – жастардың қаржылық сауаттылығын арттыру және блогосфера өкілдері арасында дұрыс құқықтық ақпараттық-цифрлық мәдениетті қалыптастыру. Іс-шараның қорытындысы бойынша әлеуметтік желілерде (сторис, посттар, рилстер, шейрлер) 15 миллион қаралым болды.
2024 жылғы қарашада Кеңес мүшелері Агенттікпен бірлесе отырып, алаяқтыққа қарсы іс-қимыл және қаржылық сауаттылықты арттыру тақырыбында «Alayaq.net» форумын өткізді, онда Кеңес мүшелері нақты жағдайлармен бөлісті. Іс-шара «АФМ-online» WhatsApp каналының қатысушылар санын 800 адамға арттыруға мүмкіндік берді.
Қоғамдық кеңес мүшелері осындай бағыттар бойынша іс-шараларға қатысып, оларға бастамашы болуда. Мысалы, Кеңес өкілдері мен Батыс Қазақстан облысы Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің ұйымдастыруымен студенттерге лудомания, дроперлер және қаржылық пирамидалардың алдын алу тақырыбында дәрістер өткізілді.
Агенттіктің ресми сайтында «Қоғамдық кеңес» атты бөлім ашылып, онда НҚА (бұйрық, ережелер), хаттамалар және Кеңестің жұмыс жоспары орналастырылған (қызмет - негізгі құжаттар - қоғамдық кеңес). Қоғамдық кеңестің қызметін автоматтандыру үшін ЦДЖАӨМ қызметі белсенді түрде қолданылады.
Агенттік пен Қоғамдық кеңестің тиімді өзара іс-қимыл жөніндегі жұмысы қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес жалғастырылатын болады.
Негізгі назар қоғам мен мемлекет арасындағы диалогты нығайтуға, Агенттіктің қызметінің ашықтығын қамтамасыз етуге және қаржы қауіпсіздігі саласындағы қабылданған шаралардың тиімділігін арттыруға аударылады.