|
|
Қазақстан Республикасының Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының 2021 жылғы 25 ақпандағы № 2 бұйрығына 7-қосымша
|
Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті туралы ереже
1-тарау. Жалпы ережелер
- Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті (бұдан әрі – Департамент) Қазақстан Республикасының заңнамасында осы органның құзырына жатқызылған экономикалық және қаржылық құқық бұзушылықтардың алдын алу, анықтау, жолын кесу, ашу және тергеп-тексеру бойынша іске асыру функцияларын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де функцияларды жүзеге асыратын Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігінің (бұдан әрі – Агенттік) аумақтық органы болып табылады.
- Департамент өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасы Президентінің және Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
- Департамент республикалық мемлекеттік мекеме ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, мемлекеттік тілде өз атауы бар мөрі мен мөртабандары, белгіленген үлгідегі бланкілері, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің қазынашылық органдарында шоттары бар.