Қаржы пирамидалары – салымшылар кірістерді жаңа қатысушылардың жарналары есебінен ғана алатын, қылмыстық жаза көзделген (ҚР ҚК 217-бабы) инвестициялық схемалар. Ақша ағымы тоқтағаннан кейін, төлемдер де тоқтатылады және схемаға қатысушылардың көпшілігі қаражатсыз қалады. Табыс алуға кепілдік берілген жалғыз адам – қаржы пирамидасының ұйымдастырушысы.
Технологиялардың дамуы жағдайында пайда алу тәсілдері де қатар дамып келеді. Бүгінгі таңда қылмыстық схемаларды құрудың әртүрлі маркетингтік құралдары (мессенджерлер арқылы ақпарат тарату, әлеуметтік желілердегі жарнама және т.б.) қолданылады.
Шығыс Қазақстан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті айналымы 200 млн.теңгеден асатын «Денежный поток» қаржы пирамидасының қызметін тоқтатты.
Тергеу барысында 2019-2020 жылдары ШҚО-ның екі тұрғыны мессенджер арқылы Ресейдің ірі құрылыс компаниясының қызметі түрінде алаяқтық схеманы ұйымдастырғаны анықталды.
Қаржы пирамидасын ұйымдастырушылар екі ай ішінде жарна сомасының 25%-ы мөлшерінде апта сайынғы мол пайда табуға уәде берген. Бұл ретте, сеніп қалған салымшылар ресми шарттар жасаспаған, ал ақша аударымдарын ұйымдастырушылардың картасына жіберген.
Қаржы пирамидасына 370-тен астам адам алданып, олардың тек 43-і органдарға жүгінді.
Кінәлі тұлғалар 5 жылға бас бостандығынан айырылды.
Құрметті азаматтар! ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі Сізді сақтық танытып, қысқа мерзімде «үстеме табысқа» уәде беретін күмәнді жобаларға ақша қаражатын салудан бас тартуға шақырады.
Егер Сізге қаржы пирамидасын құрудың деректері белгілі болса немесе Сіз осындай схеманың құрбаны болсаңыз, Агенттіктің әлеуметтік желілердегі ресми аккаунттары арқылы жүгінуді немесе
+7 (7172) 70-84-78 сенім телефонына хабарласуды сұраймыз.