Экономикалық қылмыстарды анықтау құқықтану ғылымының бірнеше саласын қамтуды талап етеді. Соның ішінде, айтарлықтай үлес қосатын сала – криминалистика.
Криминалист мамандығын таңдағаныма еш өкінбеймін. Қызылорда облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінде қылмысты анықтау, сотқа дейінгі тергеу барысында криминалистік зерттеулер жүргізумен айналысқалы салмақты тәжірибе жинақтадым. Криминалист құжаттамалық зерттеу, компьютерлік-техникалық зерттеу, экономикалық және тауартану зерттеулерін жүргізе отырып, қылмыс әлемінің ашылуында маңызды роль атқарады.
Экономикалық қылмыстар әлемінің әдістері жаңарған сайын – оған қарсы мамандардың тәсілі мен дайындығы да дамып отыруы шарт. Қаржы мониторингі комитеті тарапынан криминалистік зерттеулерді жетілдіру мақсатында оқу-әдістемелік және ғылыми-әдістемелік жұмыстар жүргізіліп келеді. Мысалы, осы бағыттағы арнайы бағдарлама жасалған, бұл бағдарлама концепциясы зерттеудің жаңа түрлерін (фонография, психологиялық-филологиялық, химия-физикалық т.б.) енгізу, экономикалық тергеу органдарын материалды-техникалық жағынан заманауи жарақтандыруды қарастырады. Мұндағы түпкі мақсат – сапалы дәлел базасын қамтамасыз ету.
Экономикалық тергеу органдарындағы криминалитік қызметті үйлестіретін құқықтық актілер бекітілді. Криминалистердің арнайы білімдерін, ғылыми-техникалық құралдарды және әдістемелерді тиімді пайдалануға бағытталған әдістемелік нұсқаулар жасалды. Қазақтан Республикасы Жоғары сотының «Экономикалық қызмет саласындағы қылмыстық жауапкершілік және заңнаманы қолданудағы сот тәжірибесі туралы» нормативтік қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы жанындағы құқыққорғау органдарының Академиясы базасында компьютерлік технологиялар мен экономикалық зерттеулер бойынша видеоконференс байланысы арқылы өткізілген бірнеше курстар мен шеберлік-кластарына қатыстым.
2020 жылы қызылордалық мамандар 76 зерттеу жүргіздік. Оның ішінде 1246 объектіге 10 экономикалық зерттеу жүргізілген, барлығы да нәтижелі. Экономикалық зерттеулер қаржы-бюджеттік, қаржы-кредиттік, қаржы-бухгалтерлік болып келеді. Тағы үш зерттеу тауартану бойынша жасалған. Бұл бағыттарда тәжірибелі әріптесім Садиков Батырханның біліктілігін ерекше айту керек.
158 нысан компьютерлік-технологиялық зерттеуге алынды, жүргізілген 58 зерттеу толығымен оң нәтижелі. Жыл көлемінде криминалист-мамандар 37 мәрте тергеу амалдарына және жедел іздестіру іс-шараларына қатыстық. Бұл дегеніңіз – айғақ заттарға қарау жүргізу, тінту, жауап алу және дауыс үлгісін алу барысын айғақтау.
Мен компьютерлік-технологиялық зерттеу маманымын. Компьютерлік-технологиялық зерттеу (2019 жылы – 448, 2020 жылы - 58) заңсыз ойын бизнес объектілерін анықтау мақсатында жүргізіледі. 2020 жылы Департаментпен заңсыз ойын бизнесіне қатысты 9 қылмыстық құқық бұзушылық дерегі анықталып, тергеу амалдары жүргізілді. Нәтижесінде 8 ойын мекемесі жабылды, 116 монитор, 109 процессор, 43 телевизор, 8 кассалық апарат, 31 терминал, 13 бейнежазғыш және 11,2 млн.теңгеден аса ақша заңсыз айналымнан алынды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру нәтижесімен 7 қылмыстық іс айыптау актілерімен сотқа жолданды.
Жедел сапарлар, республиканың әр аумағында шиеленіскен іздеулер мен зерттеулер біздің жұмысымыздың үйреншікті көрінісі. Өткен жылдың ірі оқиғаларының бірі Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Қаржы мониторингі комитетінің арнайы тобымен республикалық «ОЙЫН ТОҚТА» жедел-сауықтыру шаралары аясында, Қызылорда, Алматы, Қарағанды, Тараз, Шымкент қалаларында заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырған қылмыстық топтың құрықталуы. Қылмыстық топтың жетекшілері Қазақстан Республикасының және Германия Федеративті Республикасының азаматтары екені анықталды. Аталған топ тотализатор қызметін жамылып еліміздің бірнеше қалаларында заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырып, жүргізген. Бірнеше қалаларда тінтулер жүргізіліп, нәтижесімен 5 покер столы, 11 ойын автоматы және 7 млн.теңге, 60 мың АҚШ доллары ақша қаражаты айналымнан алынды.
Тергеу амалдарына және жедел іздестіру іс-шараларына қатысқан әр сапарымыз нәтижелі болуы үшін бізден ұдайы ізденісте болу талап етіледі. Себебі, қылмысқа шығарылатын үкімге негіз болатын дәлелдің бірі – криминалистік зерттеу қорытындысы. Сонымен қатар, криминалистік зерттеу нәтижесіне байланысты жасалған қылмыстың мемлекетке келтіретін залал мөлшері айқындалады. Ал экономикалық қылмысқа қатысты жүргізілген тергеудің аяқталуы – сол залалдың мемлекет пайдасына өндірілуімен құнды.