Рашид Темірбеков,
Қызылорда облысы бойынша
экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы
Экономикалық тергеу органдарының басым бағыттары «көлеңкелі» экономиканы азайту және кәсіпкерлерді қылмыстық қудалаудан қорғауды күшейту болып белгіленген. Еліміздің Президенті Қасымжомарт Тоқаев өткен жылы жариялаған «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына жолдауында «Көлеңкелі» экономика» сыбайлас жемқорлыққа жол ашып отырғаны жасырын емес. Сондықтан Қаржы министрлігіне қарасты экономикалық тергеу қызметінің жұмысын негізінен «көлеңкелі экономикамен» күресуге бейімдеуді тапсырамын» деген болатын.
Бүгінгі тәжірибе қоғамдық қауіптілігі жоғары, әрі маңызды қылмыстарды ашуға бағытталған, толықтай «саннан сапаға» принципіне көшірілген. Яғни, адал кәсіпкерлердің мүддесіне қайшы келмейтіндей, тек «көлеңкелі» экономика қылмыстарын анықтау және тергеу басты назарда.
Қызылорда облысы бойынша экономикалық тергеу департаменті экономикалық және қаржылық қылмыстар аясында 2020 жылы 67 қылмыстық істің өндірісі жүргізілген. Аяқталған істердің 51 пайызы сотқа жолданды. Аяқталған қылмыстық істер бойынша мемлекетке келтірілген залал мөлшері 2,2 млрд. теңге, оның қаржылай 317,9 млн. теңгесі өндіріліп, 834,6 млн. теңгенің мүлкіне тиым салынды.
Қылмыстық процес барысында азаматтардың конституциялық құқықтарын бұзу және бизнеске заңсыз араласу фактілері орын алған жоқ.
Мемлекеттік бағдарламалар аясында бюджеттен бөлінген қаражатты жымқырудың 8 дерегі анықталған, 6 іс отқа жолданды. Соның ішінде, «Жұмыспен қамту – 2020 Жол картасы» бағдарламасы бойынша бөлінген қаражатты мақсатсыз пайдалану бойынша 2 қылмыстық іс бойынша тергеу амалдары жүргізілуде.
Қолма қол ақша үшін қылмыстық әрекеттер. «Көлеңкелі» экономиканың салдарынан аса ірі көлемдегі қаржы көздері бақылаудан тыс қалып, мемлекеттің экономикасына үлкен қауіп төндіріп отыр. Бұл бағыттағы заңсыздықтың кең тараған түрі – кәсіпкерлік субъектілерінің салықтан жалтару және «қолма қол ақша» алу мақсатында ресми бухгалтерлік құжаттарда шаруашылық әрекеттерді көрсетпеуі болып табылады. Яғни, мүліктік пайда алу мақсатында жеке кәсіпкерлік субъектісінің іс жүзінде орындалмаған жұмыстарға, көрсетілмеген қызметтерге, тиеп-жөнелтілмеген тауарларға жалған шот-фактура жазуы. Қолма қол ақша алуға қатысты осындай қылмыстармен күресу кәсіпкерлік субъектілерінің қызметтері бойынша ақпараттардың жабық болуына байланысты күрделі болып келеді. Соған қарамастан, Қазақстан Республикасы Қаржылылық монитринг агенттігінің экономикалық тергеу органдары аталған бағытта жұмыстарды белсенді жүргізуде. Республика бойынша талдау көрсеткендей, негізі, 2017 жылдан бастап, қаржыны қолма-қолға айналдырудың өсуі байқалады. Мемлекеттік сатып алу саласында, квазимемлекеттік секторда көлеңкелі айналым өте жоғары. Жымқырылған ақша қаражатының үлкен көлемі қолма-қолға айналдырылғаннан кейін республикадан сыртқа шығарылатынын ескерсек – бұл мемлекетке келтірілетін үлкен залал.
Департамент, «СТОП ОБНАЛ» жедел-іздестіру шаралары аясында, 2017-2020 жылдар аралығында ұзақ уақыт бойы жалған шот-фактураларды жазу арқылы қыруар қаражатты қолма қол айналымнан өткізген қылмыстық топты құрықтады. Алдын ала есеп бойынша бюджетке келтірілген залал көлемі 776 млн. теңгені құрап отыр. Өткен жылы бұл бағытта 6 қылмыс анықталған.
Аумақтың әлеуметтік-экономикалық даму ерекшеліктерін ескере отырып, тәуекелділігі басым объектілер, яғни қылмыс жиі жасалатын орындар бақылауға қойылды. Екінші деңгейлі банктердің қатысуымен «дөңгелек стол» кездесулерінде талқыланатын тақырып: заңды және жеке тұлғалардың есеп шоттарынан қолма қол ақша шешуіне қатысты күдікті операцияларға талдау жасау, комплаенс-контроль қызметін жүйелі ұйымдастыру, күдікті операциялар бойынша шұғыл әрекет ету тетіктерін жетілдіру.
Мұнайлы өңір Қызылордада мұнайдың заңсыз айналымына қатысты қылмыстық құқықбұзушылықтар тоқтамай тұр. Мұнай және мұнай өнімдерінің заңсыз айналымына қарсы 2020 жылы 8 қылмыстық іс тіркелген, 5 қылмыстық іс сотқа жолданды. Жақында Қызылорда қалалық №2 сотының қашықтықтан өткен ашық сот отырысы осындай бір қылмыстың жазасын тағайындады. 2016 жылдан бастап кәсіпкерлікпен, яғни облыстағы мұнай компанияларымен арада жасалған келісім шарттар негізінде мұнай бассейндерін тазалау, нефтешламдарды шығару және жою қызметтерімен шұғылданған азамат араға жылдар салып заңсыз әрекеттерге бет бұрған. Мұнай бассейндерін тазалау және қалдықтарды жою үшін жасалған келісімдерді пайдаланып, өңделмеген мұнай өнімдерін қыздырып, тұндырылған өнімді иемдену және сату жоспарын іске асырған. Пайда болған өнімді мұнай қалдықтарын тасымалдауға арналған көлік құралдарының көмегімен кен орнынан алып шығып, заңсыз өнімнің тоннасын 110 мың теңгеден бірнеше заңды тұлғаларға сатуды жүзеге асырған. Осындай әрекеттері үшін Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 197 бабы 3-бөлігімен, 218 бабы 1-бөлігімен 1 жыл 6 айға бас бостандығынан шектеу жазасына кесілді.
Заңсыз ойын бизнесі, теріс әлеуметтік салдарымен қоса, жалпы қылмыстардың өсуіне әкелуде. Эксперттердің бағалауы бойынша, осы саладағы жылдық көлеңкелі табыс 60 млрд. теңгеден асады. Қызылордалық экономикалық тергеу дапартаментімен осы бағытта 9 қылмыстық істің өндірісі жүргізілді. Жедел іздестіру шаралары нәтижесімен тіркелген бұл істердің барлығы сотқа жолданған. Заңсыз айналымнан 116-монитор, 109-процессор, 43-телевизор, 8-кассалық апарат, 31-терминал, 13-бейне жазғыш және 11,2 млн.теңгеден аса ақша алынды.
Тағы бір ескеретін жағдай – ойын бизнесін ұйымдастыруға үй-жайлар бергені үшін де заңмен жауапкершілік көзделген. Сонымен қатар, құмар ойын ойнағандарға әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Қоғамның және өскелең ұрпақтың болашағы үшін келтірілетін залалдың алдын алу мақсатында «Жастар заңсыз ойын бизнесіне қарсы» атты акция ұйымдастырылып тұрады. Акция кезінде студент жастармен кездесулер өткізіліп, арнайы жасалған бейнематериалдар арқылы түрлі оқиғалар мен жағдайлар түсіндіріледі. Сауалнама жүргізу арқылы құмар ойындарға деген жастардың ішкі қарсылықтарын қалыптастыру әдістемесі қолданылады.
Жалған ақша жасау саласы бойынша өткен жылы 11 қылмыстық істің өндірісі жүргізілген, аяқталған 4 іс сотқа жолданды. Жалпы сомасы 286 500 теңге (51), 800 доллар (8) және 500 рубль (1) болатын барлығы 60 жалған купюра айналымнан алынды.
Ұлттың денсаулығын қамтамасыз ету мақсатында, экономикалық тергеу органдары жалған және контрафакт өнім айналымына қатысты деректермен күреседі. Акцизделетін тауарлардың заңсыз айналымына қатысты 3 қылмыстық іс тергеліп, 2-еуі сотқа жолданды. Жедел іс шаралар жүргізу барысында күмән туғызған 22 735 дана алкоголь өнімдері және есепке алу-бақылау маркалары заңсыз айналымнан алынып, тәркіленді.
Өткен жылдың сәуір-шілде аралығында, елімізде пандемия белең алып, карантин жарияланған тұста жекелеген тұлғалар тарапынан антисептикалық құралдарды заңсыз және көтеріңкі бағамен сату, дәріханаларда көтеріңкі бағамен дәрілік препараттар сату фактілері анықталып, құрықталды. 4 литрлік бөтелдегі әрқайсысы 24000 теңгеден сатылған 113 бөтел антисептик, сыйымдылығы 5 литрлік 77 бөтелде әрқайсысы 1800 теңгеден сатылған 385 литр спирт айналымнан алынды. Айналымнан алынған барлық өнімдер, сонымен қатар 2019 жылғы өндірісте болған қылмыстық істер бойынша айғақтық заттар ретінде алынып, сақтау қоймаларында тұрған 23772 дана арақ өнімдері мен 1567,5 литр спирт өнімдері облыстық денсаулық сақтау басқармасына берілді.
"Цифрлы Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасы аясында стратегиялық даму жоспарымен 2025 жылға дейінгі құқық қорғау және сот органдарына, қылмыстық істерді кезеңді түрде электронды форматқа ауыстыру тапсырылды. Электронды қылмыстық істерді жүргізу – қылмыстық процесті қылмысты тіркеуден бастап сотқа дейінгі тергеу, соттың істі қарауы және жазаның орындалуына дейін толық қамтиды. Тергеу барысы онлайн режимде, қадағалаушы прокурорға, сондай-ақ ҚПК белгіленген көлемде, қорғаушы жаққа да қолжетімді болды. Жыл басынан бері Департаментте 6 қылмыстық іс «Е-қылмыстық іс» жүйесінде тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу электронды форматта жүргізілді.
Экономикалық қылмыс әлемінің әдістері жаңарып барады. Ал оларды дер сәтінде анықтау, мүлтіксіз тергеу және алдын алу мақсатындағы халықаралық шарттар талабына сай Бас прокуратурамен, Жоғарғы сотпен, Ұлттық банк жүйесімен алгоритмдер мен ұсынымдар, әдістемелер жасалуда. Мұндай шаралар азаматтардың конституциялық құқықтарының сақталуына, тергеуші мен процеске қатысушы тұлға арасындағы жемқорлық тәуекелін азайтуға, тергеу әрекеттерінің ашықтығына мүмкіндік береді. Әсіресе, қылмыстық әрекеттер жүйесін, адал кәсіпкердің ісіне араласпастан, дәлме-дәл анықтауға қол жеткізіледі.
Көлеңкелі сектор сыбайлас жемқорлықтың етек жайып дамуына қолайлы аймақ, экономиканың өсуін тежейді, сонымен қатар инфляцияны жоғарылатып, бюджет тапшылығын туындатады. Ал экономикалық тергеу органдары – осы кедергілермен күресуді жүзеге асырады.