GOV.KZ – Мемлекеттік органдардың цифрлық ресурстарының бірыңғай платформасы

Меню
Страницы
Байланыс ақпараты
Баспасөз орталығы
Қызметі
Құжаттар
Департамент туралы
Онлайн қабылдау
Все материалы
16 сентября 2026
«Qyran» тұрғын үй кешеніне қатысты іс бойынша төрт адам сотталды

Елордада «Qyran» тұрғын үй кешеніндегі жылжымайтын мүлікті сату кезінде жасалған алаяқтық ісі бойынша үкім шықты.

Сот «International Invest Company IIC» ЖШС-нің төрт қызметкерін кінәлі деп танып, оларды 8 жылдан 9 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына кесті.

Қаржылық мониторинг агенттігінің Астана қаласы бойынша департаменті тергеу барысында сотталғандардың сатып алу-сату шарттарын жасасудың орнына мемлекеттік тіркеуге жатпайтын әрі сатып алушыларға меншік құқығын бермейтін брондау шарттарын, кепілақы туралы келісімдер мен алдын ала шарттарды рәсімдегенін анықтады.

Сату кеңсесінде ЖШС атынан әлеуетті сатып алушыларға нысандардың макеттері, техникалық паспорттар, сенімхаттар мен компанияның жылжымайтын мүлік нысандарына меншік құқығы бар дегенді растайтындай анықтамалар көрсетілген.

Азаматтарға пәтерлерді, тұрғын емес үй-жайларды және автотұрақ орындарын нарық бағасынан төмен бағаға сатып алу ұсынылып, мәмілелердің толықтай заңды екеніне сендірген.

Жәбірленушілер төлемді қолма-қол да, алаяқтық сызбаға қатысушылардың жеке шоттарына аудару арқылы да жүргізген.

Бұл операциялар «International Invest Company IIC» ЖШС-нің бухгалтерлік және банктік құжаттарында көрсетілмеген.

Бұдан бөлек, сотталғандар құрылыс салушы компанияның өз қаражатын жымқыруға бағытталған екінші алаяқтық сызбаны да іске асырған.

Олар «International Invest Company IIC» ЖШС атынан клиенттермен жалған сатып алу-сату шарттарын жасап, жылжымайтын мүлік нысандарына меншік құқығын тіркеген. Алайда сатудан түскен ақша компанияның кассасына түспеген.

Сот 35 жәбірленушінің жалпы сомасы 2,2 млрд теңгеден асатын талап арыздарын қанағаттандырды. Сондай-ақ «International Invest Company» ЖШС пайдасына 3,9 млрд теңге өндіріп алу туралы шешім шығарды.

Жәбірленушілерге жалпы құны 1,3 млрд теңге болатын 78 жылжымайтын мүлік нысаны берілді. Тағы 73 нысан адал ниетті сатып алушыларға берілді.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

 

ҚР ҚМА Баспасөз қызметі

03 августа 2026
2,5 млрд теңге жымқырды деген ұйымдастырушы Вьетнамнан жеткізілді

Вьетнам Социалистік Республикасынан Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Сот сараптамалары орталығы» РМКҚ- да мемлекеттік сатып алуларды жүргізу кезінде 2,5 млрд теңге көлемінде бюджет қаражатын жымқыруды ұйымдастырды деген күдікті елге жеткізілді.

⚠️ Еске салсақ, 2023–2025 жылдарға арналған Есірткіге қарсы іс-қимыл және есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі кешенді жоспар аясында сот сараптамасы органдарының материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында республикалық бюджеттен 10 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген.

Алайда күдікті орталық директоры Сатыбалдиев Р.К., Мемлекеттік сатып алу департаментінің басшысы Искендерова Д.Б., сондай-ақ «Марк Инвест» ЖШС мен «Direct Services» ЖШС-нің басшысы Шинтемирова А.А.-мен сөз байласып, жабдықтардың құнын үш есеге дейін негізсіз көтеру және жалған коммерциялық ұсыныстарды пайдалану арқылы бюджет қаражатын жымқыруды ұйымдастырған.

👨‍⚖️ Сот үкімімен Сатыбалдиев Р.К., Искендерова Д.Б. және Шинтемирова А.А. кінәлі деп танылып, олардың әрқайсысының мүлкі тәркіленіп, 3 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

2025 жылғы наурызда ұйымдастырушы халықаралық іздеуге жарияланып, сот санкциясымен оған қатысты сырттай қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.

Биылғы жылдың басында ол Вьетнам Социалистік Республикасының аумағында ұсталды.

Қаржылық мониторинг агенттігінің, Интерполдың Ұлттық орталық бюросының және Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің бірлескен жұмысының нәтижесінде күдікті ұсталып, Қазақстан Республикасына жеткізілді.

Қылмыстық іс сотқа жолданды.

Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.

19 июля 2026
Астанадағы жеке клиникада медициналық қызметтер үшін жалған есептеулер анықталды

Астанада азаматтарды медициналық ұйымға тіркеу туралы мәліметтерді қолдан жасау арқылы бюджет қаражатын жымқыру ісі бойынша сот үкімі шықты.

Тергеп-тексеруді ҚМА Астана қаласы бойынша департаменті жүргізді.

«Forte Clinic (Tumar)» ЖШС жеке клиникасының басшысы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан негізсіз қаржы алу мақсатында емханаға тіркелген азаматтар санын жасанды түрде көбейту схемасын ұйымдастырған.

Бұл схеманы жүзеге асыру үшін ол «Денсаулық сақтауды дамытудың ұлттық ғылыми орталығы» ШЖҚ РМК қызметкерін тартқан. Ол қызметтік қолжетімділігін пайдаланып, жалған өтінімдерді заңсыз мақұлдап отырған.

⚠️ Нәтижесінде қолданыстағы ережелер бойынша мұндай тәсіл тек жекелеген санаттағы азаматтарға ғана қолданылатынына қарамастан, 15 мыңнан астам адам жазбаша өтініштер негізінде емханаға тіркелген.

Тексеру барысында басқа өңірлердің тұрғындарын, заңды өкілдерінің құжаттарынсыз кәмелетке толмағандарды, сондай-ақ елден тыс жерге кеткен азаматтарды тіркеу фактілері анықталды.

Сонымен қатар клиника басшысы «Damu Med» ақпараттық жүйесіндегі медицина қызметкерлерінің аккаунттарын әкімшілік өкілдерінің телефон нөмірлеріне байланыстырып, олардың есептік жазбаларын бақылауға алған.

Осы қолжетімділікті пайдалана отырып, заңсыз тіркелген азаматтарға медициналық қызметтер көрсетілгені туралы жалған мәліметтер енгізіп, Қордан қаржы аударуға негіз қалыптастырған.



Нәтижесінде мемлекетке келтірілген залал 79 млн теңгеден асты.

🧑‍⚖️ Сот үкімімен клиника басшысы 5 жылға, ал Денсаулық сақтауды дамыту орталығының қызметкері 3 жылға бас бостандығынан айырылды.

Келтірілген залал толық көлемде өтелді.

Үкім заңды күшіне енді.

12 июня 2026
Астанада ЖСН-ды қашықтан рәсімдеудің заңсыз схемасы әшкереленді

ҚМА Астана қаласы бойынша департаменті шетел азаматтарына мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелері мен сыбайлас жемқорлық тетіктерін пайдалану арқылы жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН) заңсыз рәсімдеу схемасын анықтап, жолын кесті.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес шетел азаматтарына ЖСН беру олардың Қазақстан аумағында жеке қатысуы және міндетті биометриялық сәйкестендіруден өтуі арқылы ғана жүзеге асырылады.

Алайда 2024–2025 жылдары өтініш берушілердің елге келуінсіз-ақ ЖСН рәсімдеуге заңсыз көмектесетін қылмыстық схема ұйымдастырылған.

Схеманы жүзеге асыру үшін әлеуметтік желідегі арна пайдаланылып, сол арқылы ЖСН-ды қашықтан алуға мүдделі шетел азаматтары іздестіріліп, тартылған.

Қылмыстық әрекетке «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ-ның Астана қаласы бойынша филиалының қызметкерлері тартылған. Олар ХҚКО ақпараттық жүйесіне көрінеу жалған мәліметтер енгізіп, ЖСН алуға қатысты жалған өтінімдер рәсімдеген.

Заңсыз сыйақы делдалдар арқылы банк аударымдары түрінде беріліп, кейін схемаға қатысушылар арасында бөлінген.

Қылмыстық іс сотқа жолданды.

ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.

 

 

ҚР ҚМА Баспасөз қызметі

 

14 мая 2026
Астанада жүк техникасын заңсыз әкелу схемасы әшкереленді

ҚМА Астана қаласы бойынша департаменті Бас көлік прокуратурасының үйлестіруімен экологиялық талаптарға сәйкес келмейтін көлік құралдарын заңсыз әкелу фактісі бойынша тергеуді аяқтады.

Тергеу амалдарына сай, бір топ адам бақылауындағы ЖШС-тер арқылы «Евро-2» экологиялық класына жататын FAW маркалы жүк көліктерін Қазақстан аумағына заңсыз импорттауды ұйымдастырған.

Импорт қолданыстағы «Евро-4»-тен төмен стандарттағы техниканы әкелуге тыйым салынғанына қарамастан жүзеге асырылған.

Техника Қытай Халық Республикасынан сыртқы экономикалық келісімшарттар негізінде жеткізіліп, кейін кедендік рәсімдеу кезінде жалған мәліметтер пайдаланылған.

Атап айтқанда, көлік құралдарының қауіпсіздік сертификаттары (СБКТС) қолдан жасалып, онда әдейі «Евро-5» экологиялық класс көрсетілген.

Нәтижесінде Қазақстан аумағына 20 бірлік арнайы техника заңсыз әкелінген.

Олардың жалпы кедендік құны 284 млн теңгеден асқан.

Кейін бұл техника байланысы бар компаниялар тізбегі арқылы сатылып, мемлекеттік сатып алу аясында 600 млн теңгеден астам сомаға жеткізілген.

Сот санкциясымен күдіктілердің мүлкіне: 9 автокөлік пен бір пәтерге тыйым салынды.

Күдіктілердің бірі қамауға алынды, ал оның екі сыбайласына елден шықпау туралы бұлтартпау шарасы қолданылды.

Өзге мәліметтер ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес жария етілмейді.

Айта кету қажет, экологиялық стандарттарға сай келмейтін көліктерді заңсыз әкелу қоршаған ортаға елеулі зиян келтіреді. «Евро-2» класына жататын техника «Евро-4» және «Евро-5» стандарттарына қарағанда әлдеқайда көп зиянды заттар бөліп, ауа сапасының нашарлауына және халық денсаулығына қауіп төндіреді.

 

ҚР ҚМА Баспасөз қызметі

14 мая 2026
«Nura Elite» ісі бойынша күдіктіге үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды

ҚМА Астана қаласы бойынша департаменті аса ірі көлемдегі алаяқтық фактісі бойынша бірнеше құрылыс компаниясының басшысы Мөлдір Суюншалиге қатысты тергеп-тексеру жүргізуде.

Тергеу амалдарына сай, 2021–2024 жылдар аралығында Мөлдір Суюншали «Nura Elite» коттедж қалашығын салу сылтауымен азаматтардан қаражат тартқан.

Жоба аясында 37 коттедж және 24 таунхаус салу көзделген. Алайда бүгінгі күні таунхаустар толық аяқталмаған (тек қаңқалары ғана тұр), 2023 жылдың 4-тоқсанына дейін аяқтау жөніндегі міндеттемелер орындалмаған.

Сатып алушылармен алдын ала сатып алу-сату шарттары жасалған.

Нәтижесінде 56 адам жәбірленуші ретінде танылып, тартылған қаражаттың жалпы сомасы 3,9 млрд теңгені құраған.

Оның ішінде 322 млн теңге Мөлдір Суюншали, жұбайының және анасының есепшоттарына аударылған, сондай-ақ 145 млн теңге қолма-қол ақшаға айналдырылған.

Сондай-ақ бір жылжымайтын мүлікті бірнеше рет сату фактісі анықталған. Мәселен, жәбірленуші толық төлеген коттедждің бірі күдікті тарапынан жеке міндеттемелері бойынша кепілге қойылып, кейін үшінші тұлғалардың атына рәсімделіп, бірнеше рет қайта сатылған.

Суюншали Мөлдір сатып алушылармен іс жүзінде жер учаскелеріне құқық беруді көздейтін шарттар жасасқан, алайда оларды иеліктен шығаруға заңды құқығы болмаған.

Үлескерлердің қаражатының бір бөлігі Астана қаласында «Асылхан» тұрғын үй кешенін салуға арналған жер телімін сатып алуға жұмсалған.

Сонымен қатар, құрылысқа қажетті рұқсат құжаттары болмағанына қарамастан, ол Перизат Қайраттың «Біз біргеміз» қайырымдылық қоры арқылы бұқаралық ақпарат құралдарында мұқтаж әйелге пәтер берілетіні туралы мәлімдеген.

Алайда іс жүзінде тұрғын үй кешенінің құрылысы басталмаған.

Соттың санкциясымен оған үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.

Тергеу жалғасуда.

Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жариялауға жатпайды.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 77-бабы 3-тармағының 1) тармақшасына және Қылмыстық-процестік кодекстің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, адамның кінәсі заңды күшіне енген сот үкімімен дәлелденгенге дейін ол кінәсіз деп есептеледі.

 

ҚР ҚМА Баспасөз қызметі

26 апреля 2026
«Sirius Energy» қаржы пирамидасының қызметі тоқтатылды

ҚМА Астана қаласы бойынша департаменті «Sirius Energy» қаржы пирамидасының құрылымдық бөлімшесін басқару фактісі бойынша тергеу жүргізуде.

Ұйымдастырушы өзін чилилік «Sirius Energy» компаниясының өкілі ретінде таныстырып, азаматтарды жаңартылатын энергия көздері саласындағы жоғары табыс әкелетін жобаларға инвестиция салуға үгіттеген.

Қаражат тек USDT криптовалютасы арқылы қабылданып, кейін қатысушыларға шартты бонустар көрсетілетін жеке кабинеттер ашылған.

Салымшыларды тарту мақсатында күдікті Алматы және Астана қалаларында кеңсе ашып, тұрақты түрде тренингтер өткізген. Сонымен қатар Instagram және TikTok әлеуметтік желілері арқылы белсенді жарнама жүргізіп, заңды қызмет атқарып жатқандай әсер қалыптастыру үшін үшінші тұлғаның атына ЖШС тіркеген. Алайда іс жүзінде ешқандай қызмет көрсетілмеген.

Нәтижесінде 380 азамат қаржы пирамидасының құрбанына айналған.

Жәбірленушілердің бірі ұйымдастырушының жоғары табыс туралы уәдесіне сеніп, жобаға инвестиция салу үшін 3 млн теңге көлемінде несие рәсімдеген.

Алайда ешқандай төлем жасалмаған, енді ол несиені пайызымен бірге өз қаражатынан өтеуге мәжбүр.

Сот санкциясымен ұйымдастырушының банк шоттарына тыйым салынды.

Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жарияланбайды.

26 апреля 2026
Танымал блогерлер заңсыз кәсіпкерлік қызметке айыпталуда

ҚМА Астана қаласы бойынша департаменті заңсыз кәсіпкерлік қызметпен айналысу және қылмыстық жолмен алынған ақша қаражатын заңдастыру фактілері бойынша блогерлер Ерболат Жанабылов пен Эльмира Толегеноваға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді аяқтады.

Тергеуге сәйкес, Instagram әлеуметтік желісінде (15 миллионнан астам жазылушысы бар) көп миллиондық аудиторияға ие ерлі-зайыптылар өз жазылушыларының сенімін заңсыз табыс табу мақсатында пайдаланған. 2025 жылы олар онлайн-курстарды сату деген желеумен заңсыз схема ұйымдастырған. Аталған «курстарды» сатып алудың негізгі себебі – қымбат сыйлықтар ұтысына қатысу болған.

Таратылған бейнематериалдар бірегей болмаған, олардың басым бөлігі ашық дереккөздерден, соның ішінде YouTube платформасынан алынған. Бұл курстардың нақты білім беру құндылығы болмаған және олар заңсыз лотерея қызметін формалды түрде жасыру үшін ғана пайдаланылған.

Жүлде қоры жария түрде мәлімделгендей жеке қаражаты есебінен емес, онлайн-курстарға ақы төлеу түрінде қатысушылардан түскен ақша қаражаты есебінен қалыптастырылған.

Электронды «сәттілік барабанының» параметрлерін өзгерту фактілері анықталды, соның нәтижесінде 5 000 теңгелік жүлдені ұтып алу ықтималдығы жасанды түрде арттырылып, ал анағұрлым құнды жүлделерді ұтып алу мүмкіндігі едәуір төмендетілген.

Күдіктілер жария түрде ең көп репост жасаған қатысушыға 11-автокөлік табысталғаны туралы мәлімдеп, акцияның қамту аясын кеңейту мен назар аудару мақсатын көздеген. Алайда іс жүзінде жеңімпаз анықталмаған және сыйлық табысталмаған.

Нәтижесінде азаматтардан «Zhana Business» ЖШС-нің бақылауындағы шоттарға түскен қаражаттың жалпы сомасы 247,5 млн теңгені құраған, оның 60 млн теңгесі депозиттік шоттарға орналастырылған.

Сот санкциясымен 17 iPhone ұялы телефонына және Lamborghini Urus пен Lexus LX 600 автокөліктерін қоса алғанда, 10 автокөлікке тыйым салынды.

Күдіктілерге қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды.

Қазіргі уақытта күдіктілер қылмыстық іс материалдарымен танысуға кірісті.

Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.

04 февраля 2026
Елордада «S-Group» қаржы пирамидасының құрылымдық бөлімшесінің қызметі тоқтатылды

ҚМА Астана қаласы бойынша департаменті «Sincere Systems Group LTD» («S-Group») қаржы пирамидасының құрылымдық бөлімшесін ұйымдастыру және басқару фактісі бойынша тергеу жүргізуде.

«S-Group» компаниясы өзін Ұлыбританиядағы инвестициялық қор ретінде таныстырып, Forex нарығында сенімгерлік басқару, майнинг және SWP, SWCT ішкі криптотокендерімен сауда жүргізу қызметтерін ұсынатындығын мәлімдеген.

Салымшыларға айына 15%-20%, жылына 120%-180% көлемінде табыс кепілдендірілген.

Инвестициялық қызметтің шынайы жүргізіліп жатқандай көрінуі үшін қатысушыларға компанияның сайтындағы жеке кабинетке қолжетімділік берілген, онда виртуалды депозиттер, «табыстың өсуі» және есептелген қаражат көрсетілген.

Алайда іс жүзінде салымшылардың қаражаты инвестицияланбаған, күдіктілердің жеке қажеттіліктеріне жұмсалған.

Келтірілген залалдың жалпы сомасы 136 млн теңгеден асты.

Қылмыстық жолмен алынған табысқа ұйымдастырушылар елордада 2 пәтер және 2 автокөлік сатып алған, оларды мүмкін болатын тәркілеуден жасыру мақсатында сенімді тұлғалардың атына рәсімдеген.

Сот санкциясымен аталған мүлікке тыйым салынды.

Күдіктілерге қатысты бұлтартпау шарасы ретінде елден шықпау және тиісті мінез-құлық туралы қолхат қолданылды.

Тергеу жалғасуда.

ҚР ҚІЖК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жариялауға жатпайды.

 

ҚР ҚМА Баспасөз қызметі

02 декабря 2025
Астанада «Qyran» тұрғын үй кешеніндегі жылжымайтын мүлікті сату бойынша жасалған алаяқтық схема әшкереленді

ҚМА Астана қаласы бойынша департаменті «Qyran» тұрғын үй кешеніндегі жылжымайтын мүлікті сату желеуімен ақша қаражатын жымқыру схемасын ұйымдастырған құрылыс компаниясының қызметкерлеріне қатысты тергеу жүргізуде.

Сату офисінде құрылыс компаниясы атынан сатып алушыларға компанияның жылжымайтын мүлік нысандарына меншік құқығы бар екенін «дәлелдейтін» макеттер, техникалық паспорттар, сенімхаттар мен анықтамалар көрсетілген.

Азаматтарға пәтерлерді, коммерциялық үй-жайларды және паркинг орындарын нарықтық бағадан төмен сатып алу ұсынылып, мәмілелердің толық заңды екені айтылған.

Алайда сатып алу-сату шарттарын жасау орнына күдіктілер брондау шарттарын, кепіл туралы келісімдер мен алдын ала шарттарды рәсімдеген. Бұл құжаттар мемлекеттік тіркеуге жатпайды және сатып алушыларға меншік құқығын бермейді.

Жәбірленушілер төлемді қолма-қол және колма-кол ақшасыз түрде схеманың қатысушыларының жеке шоттарына аударған.

ЖШС-нің бухгалтерлік және банктік құжаттарында бұл операциялар көрсетілмеген.

Нәтижесінде азаматтардың 3,8 млрд теңгеден астам қаражаты жымқырылған.

Бұдан бөлек, күдіктілер құрылыс компаниясының өз қаражатын ұрлауға бағытталған екінші алаяқтық схеманы жүзеге асырған.

Құрылыс компанияның атынан клиенттермен жалған сатып алу-сату шарттарын жасап, объектілерге меншік құқықтарын тіркеген, алайда сатудан түскен қаражат компанияның кассасына түспеген.

76 жылжымайтын мүлік объектісінің сатылуынан 4,1 млрд теңге жымқырылған.

Осылайша азаматтарға және компанияға келтірілген жалпы залал 7,9 млрд теңгені құрады.

Сот санкциясымен 94 пәтерге, 51 паркинг орнына, 8 коммерциялық үй-жайға және бір автокөлікке тыйым салынды.

Үш күдіктіге қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.

ҚР ҚІЖК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.

 

ҚР ҚМА Баспасөз қызметі

Социальные сети
Меню подвал
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы