GOV.KZ – Мемлекеттік органдардың цифрлық ресурстарының бірыңғай платформасы

Меню
Страницы
Баспасөз орталығы
Департамент туралы
Құжаттар
Байланыс ақпараты
Қызметі
Онлайн қабылдау
Все материалы
Қаржы мониторингі
Құқық қорғау қызметі
16 октября 2026
Алматы қаласында «Asar Baspana» қаржы пирамидасын ұйымдастырушыларға қатысты үкім шықты

Тергеу барысында Туғанбаев Н.М. бастаған топтың 90 мыңға жуық азаматтан жалпы сомасы 25 млрд теңге қаражат тартқаны анықталды. Олар салымшыларға ай сайын 30%-ға дейін табыс түсетінін уәде еткен. 

Сотталғандар салымшыларды құрылыс материалдарын өндіру, тігін цехын жүргізу, тұрмыстық және медициналық техника шығаратын зауыт жұмыс істеп тұрғаны туралы жалған мәліметпен жаңылыстырған. Шын мәнінде, өнімдер өзге жеткізушілерден сатып алынып, «Asar Baspana» логотипімен таңбаланған.

2024 жылғы желтоқсаннан бастап, азаматтардың пирамидаға деген сенімі азайған тұста, ұйымдастырушылар автомагазиндердің ашылғаны және дилерлермен ынтымақтастық орнатылғаны туралы жалған ақпарат таратқан. Іс жүзінде автокөліктер салымшылардың ақшасына сатып алынып, туыстарының атына рәсімделген. 

Сот үкімімен Туғанбаев Н.М. 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Тағы үш ұйымдастырушының әрқайсысына 7 жылдан бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Он үш өңірлік жетекші 5 жылға шартты түрде сотталды. 

Сонымен қатар, жалпы сомасы 5,6 млрд теңгеге бағаланған бұғатталған активтер жәбірленушілерге келтірілген залалды өтеуге бағытталады. Мүліктің қалған бөлігі мемлекет кірісіне өткізіледі.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Қаржы мониторингі
Құқық қорғау қызметі
21 сентября 2026
Алматыда заңсыз интернет-казинолардың жұмысын қамтамасыз еткен адамдар тобының әрекетіне тосқауыл қойылды

Тергеу дерегінше, күдіктілер «Olymp Casino», «Rukh Poker» және «7Kcasino» интернет-казиноларының төлем жүйесін ұйымдастырған. Оның ішінде «Rocket.do» онлайн-платформасы арқылы ойыншылардан ақша қабылдау және оны өңдеу жолға қойылған.

Бұл іске қатысушылардың бірі — шетел азаматы. Ол 200 АҚШ долларына дейін сыйақы алып, өз банк шоттарын пайдалануға беруге келісетін адамдарды іздеген.

Тапқан дропперлерін Қазақстанға әкеліп, ЖСН рәсімдету үшін ХҚКО-ға ертіп барған. Одан кейін банк бөлімшелеріне апарып, шот аштырған.

Соның нәтижесінде күдікті 15 шетел азаматының банк шоттарына қол жеткізген, сондай-ақ өз шотын да пайдалануға берген.

Ойыншылардан 16 дроппердің шотына түскен қаражаттың жалпы көлемі 110 млн теңгеден асты.

Күдіктілердің бірі қамауға алынды, тағы үшеуіне ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлық туралы қолхат түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.

Қылмыстық іс сотқа жолданды.

Өзге ақпарат ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес жария етілмейді.

Қаржы мониторингі
Құқық қорғау қызметі
21 сентября 2026
Қаржылық мониторинг агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті прокуратураның үйлестіруімен Alemcredit.com интернет-ресурсы арқылы азаматтарға криптовалюта түрінде микрокредит береміз деген желеумен жасалған алаяқтық дерегі бойынша тергеу жүргізіп жатыр

Тергеу деректеріне сәйкес, ықтимал қарыз алушылар әлеуметтік желілер арқылы белсенді тартылған. Онда тиімді шарттармен қарыз берілетіні туралы жарнама кеңінен таратылған. Қарыз рәсімдеу үшін азаматтардан жеке басын сәйкестендіру рәсімінен өту, дербес деректерін ұсыну және электрондық құжаттарға қол қою талап етілген.

Алайда аталған рәсімдер аяқталғаннан кейін мәміленің нақты шарттары бастапқыда көрсетілген талаптардан едәуір өзгеше болған. Қарыз алушыларға уәде етілген сомадан әлдеқайда аз қаражат аударылып, оның бір бөлігі алдын ала ескертілмеген комиссиялар мен өзге де төлемдер ретінде ұсталған.

Сондай-ақ мәміле жасалғанға дейін қарыздың толық құны, артық төлем мөлшері, сыйақы мен айыппұлдар туралы ақпарат толық көлемде берілмеген.

💳 Қаражат үшінші тұлғалардың, яғни дропперлердің банк карталары арқылы қайтарылған.

Интернет-ресурстың жұмысын қамтамасыз ету және қарыз алушылармен байланыс орнату үшін заңды тұлғаларды, телекоммуникациялық ресурстар мен техникалық құралдарды қамтитын тармақталған инфрақұрылым пайдаланылған.

🔨 Тінту барысында жаппай SMS-хабарлама таратуға қолданылған SIM-бокстар мен көп мөлшерде SIM-карта тәркіленді.

Тергеу жалғасып жатыр.

ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді.

Қаржы мониторингі
Құқық қорғау қызметі
29 июня 2026
Алматыда AFM AI Hackathon 2026 қаржылық қылмыстарға қарсы технологиялар атты іс-шара өтті

2026 жылғы 24–25 маусым аралығы Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігі әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетімен бірлесіп, «AFM AI Hackathon 2026: қаржылық қылмыстарға қарсы технологиялар» - атты байқауын өткізді.

Ауқымды іс-шараға Қазақстанның әр өңірінен келген 350-ден астам қатысушы, оның ішінде IT-мамандар, деректер талдаушылары, бағдарламалық жасақтама әзірлеушілері, жасанды интеллект саласының сарапшылары және еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының студенттері қатысуда.

Хакатон «Заң мен Тәртіп» қағидатын іске асыру аясында ұйымдастырылып, экономикалық және қаржылық қылмыстарға қарсы іс-қимыл саласына заманауи цифрлық шешімдерді енгізуге, сондай-ақ жастардың инновациялық әлеуетін дамытуға бағытталған.

Екі күн бойы қатысушылар келесі үш негізгі бағыт бойынша жобалар әзірледі:

  • Digital Shadow – көлеңкелі интернетті мониторингтеу және ашық дереккөздерден (OSINT) мәліметтер жинау;
  • AI Shield – деректер базасын қорғауға және киберқауіпсіздікті қамтамасыз етуге арналған жасанды интеллект алгоритмдерін әзірлеу;
  • AI Media Watch – әлеуметтік желілерде заңсыз ойын бизнесі мен қаржы пирамидаларының белгілерін анықтау.

AFM AI Hackathon 2026 жас мамандарға өз білімдері мен дағдыларын көрсетуге, қаржылық қауіпсіздік саласындағы өзекті мәселелердің практикалық шешімдерін ұсынуға және мемлекеттің экономикалық мүдделерін қорғауға бағытталған заманауи технологияларды дамытуға үлес қосуға мүмкіндік береді.

Байқау қорытындысы бойынша үздік жобалар әрі қарай дамыту және қаржылық құқық бұзушылықтарға қарсы іс-қимылдың практикалық қызметіне енгізу үшін қолдауға ие болады.

 

ҚР ҚМА баспасөз қыхметі

 

Қаржы мониторингі
Құқық қорғау қызметі
10 июня 2026
AFM AI Hackathon 2026: қаржылық қылмыстарға қарсы технологиялар

Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігі әл-Фараби ҚазҰУ бірлесе IT-мамандарды, аналитиктерді және жасанды интеллект саласындағы сарапшыларды «AFM AI Hackathon 2026» - ауқымды инновациялық байқауына қатысуға шақырады.

Іс-шара «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру аясында өткізіліп, экономикалық және қаржылық қылмыстарға қарсы күреске арналған озық цифрлық құралдарды әзірлеуге бағытталған.

Өтетін күні: 2026 жылғы 24–25 маусым

Өтетін орны: Алматы қаласы, «Farabi Hub».

 

Қатысушылар өз білімдері мен дағдыларын келесі үш бағыт бойынша көрсетеді:

🔹 Digital Shadow – көлеңкелі интернетті мониторингтеу және ашық дереккөздерден (OSINT) ақпарат жинау;

🔹 AI Shield – деректер базасын қорғауға және киберқауіпсіздікті қамтамасыз етуге арналған жасанды интеллект алгоритмдерін әзірлеу;

🔹 AI Media Watch – әлеуметтік желілердегі заңсыз ойын бизнесі мен қаржылық пирамидалардың белгілерін анықтау.

«AFM AI Hackathon» – технологиялар елдің экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету құралына айналатын, ал жас мамандардың идеялары нақты цифрлық шешімдерге ұласатын бірегей алаң.

Болашақтың технологияларын жаса. Цифрлық кеңістікті қорға. Заң мен тәртіпті нығайтуға өз үлесіңді қос!

          Тіркелу www.qmahackaton.kz сайтында жүргізілуде, команда құрамы 3 адамнан аспауы тиіс.

Қаржы мониторингі
Құқық қорғау қызметі
28 мая 2026
ҚМА Алматы қаласы бойынша департаменті мемлекеттік сатып алу саласындағы алаяқтық фактісі бойынша тергеп-тексеруді аяқтады

Тергеу амалдарына сай, «КазСтройОпыт LTD» ЖШС басшысы консалтингтік қызмет көрсету желеуімен коммерциялық ұйымдар үшін құрылыс жұмыстары тәжірибесін жасанды түрде қалыптастыру схемасын ұйымдастырған.

«Электрондық депозитарий» жүйесіне орындалған жұмыстар мен нысандарды пайдалануға беру туралы жалған актілер енгізіліп отырған. Бұл клиент-компанияларға мемлекеттік сатып алуға қатысу кезінде негізсіз артықшылықтар берген.

Схема әлеуметтік желілер мен интернет-платформалар арқылы белсенді түрде жарнамаланған.

Қылмыстық топ құрамына 11 адам кірген. Сонымен қатар, Шымкент қаласының Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының лауазымды тұлғаларына жалған жұмыс тәжірибесін растағаны үшін заңсыз сыйақы жеткізіп отырған делдалдар анықталды.

Қылмыстық кірістерді заңдастыру үшін бақылаудағы заңды тұлғалар пайдаланылып, олар арқылы ақша қаражаты жинақталып, қолма-қол ақшаға айналдырылған.

Қылмыстық табыс көлемі 490 млн теңгеден асты.

Тергеп-тексеру барысында жалған жұмыс тәжірибесін алған және мемлекеттік сатып алуға қатысқан 56 компания анықталды. 

Тексеру жүргізу үшін материалдар уәкілетті органдарға жолданды.

Үш күдікті қамауға алынды, тағы сегіз тұлғаға қатысты ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлық туралы қолхат түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.

Қылмыстық іс сотқа жолданды.

Қазақстан Республикасы ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жариялауға жатпайды.

 

Айта кету қажет, мұндай қылмыстар адал емес компанияларға мемлекеттік келісімшарттарға қол жеткізуге мүмкіндік береді. Бұл сапасыз жобалардың жүзеге асу тәуекелін арттырып, адал бизнес субъектілерін тең емес жағдайға қояды.

Қаржы мониторингі
Құқық қорғау қызметі
08 мая 2026
Алматы қаласы бойынша ЭТТД Жеңіс күні қарсаңында батырлар рухына тағзым жасап, гүл шоғын қойды.

Ұлы Жеңіс күні қарсаңында Алматы қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің қызметкерлері Ұлы Отан соғысы қаһармандарының рухына тағзым етіп, аты аңызға айналған батыр қыздар — Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметова ескерткіштеріне гүл шоқтарын қойды.

Салтанатты рәсімге Департамент басшылығы, жеке құрам және жас қызметкерлер қатысты. Іс-шара барысында қатысушылар қаза тапқан батырларды бір минут үнсіздікпен еске алып, соғыс жылдарында ерлік пен жанқиярлық танытқан қазақстандықтардың рухына құрмет көрсетті.

 

Қаржы мониторингі
Құқық қорғау қызметі
13 апреля 2026
ҚМА Алматы қаласы бойынша департаменті «Boxy Wealth» қаржы пирамидасын құру және оған басшылық ету фактісі бойынша тергеуді аяқтады

Тергеу барысында күдіктінің бір жыл бойы Алматы қаласы аумағында осы жобаның құрылымдық бөлімшесін басқарғаны анықталды.

Жоба «www.boxywealth.com» интернет-ресурсы және мессенджерлер арқылы жұмыс істеген. Соның ішінде «Күнделікті табыс» чатында бастапқыда халық тұтынатын тауарлар туралы ақпарат таратылып, кейін азаматтарды инвестициялық платформаға тарту жүзеге асырылған.

Қатысу үшін пайдаланушыларға түрлі пакеттердің бірін сатып алып, күн сайын жарнамалық материалдарды қарау ұсынылған. Бұл ретте тәулігіне 5%-дан 10%-ға дейін табыс уәде етілген.

Сонымен қатар жаңа қатысушыларды тартқаны үшін бонус берілетін рефералдық жүйе жұмыс істеген.

Қаражаттарды қабылдау жеке тұлғалардың (дропперлердің) банк шоттары арқылы жүргізіліп, кейін P2P операциялар арқылы криптовалютаға аударылған.

Сенім қалыптастыру мақсатында компания тіркеліп, кеңсе ашылған, жарнамалық жұмыстар жүргізілген, «табыс» көрсеткіштері көрсетіліп, салымшыларға кеңес беру ұйымдастырылған.

Нәтижесінде 78 жәбірленуші қаржы пирамидасына 110 млн теңгеден астам қаражат салған.

Күдікті қамауға алынды.

Сот санкциясымен оның Алматы қаласындағы жер учаскесіне тыйым салынды.

Қылмыстық іс сотқа жолданды.

Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.

❗️ Қаржылық мониторинг агенттігі азаматтарға инвестициялық жобалардың заңдылығын мұқият тексеруді, ұсынылатын ақпараттың шынайылығын бағалауды және қаражат салмас бұрын ұйымдардың қызметінің заңды екеніне көз жеткізуді ұсынады.

Қаржы мониторингі
Құқық қорғау қызметі
08 апреля 2026
ҚМА Алматы қаласы бойынша департаменті «NBC TV» қаржы пирамидасын құру және оған басшылық ету фактісі бойынша тергеуді аяқтады

Тергеу амалдарына сай, 2025 жылы күдікті интернеттегі «www.nbcms.com» ресурсы және WhatsApp мессенджері арқылы азаматтарды тарта отырып, инвестициялық онлайн-жоба ретінде бүркемеленген қаржы пирамидасын ұйымдастырған.

Аталған мессенджер чаттарында («Дискуссионная группа NBC Charlotte», «NBCUniversal Media LLC» және басқа) 200-ден астам адам болған.

Қатысушыларға қысқа бейнероликтерді (фильм трейлерлерін) қарағаны үшін табыс табу сылтауымен инвестиция салу ұсынылған.

Жобаға қатысу үшін құны 11 000-нан 160 000 теңгеге дейінгі инвестициялық пакеттерді сатып алу талап етілген.

Бұл ретте тәулігіне 5–10%-ға дейін (айына 150%-дан астам) табыс уәде етілген, ал мұндай төлемдер тек жаңа салымшылардың қаражаты есебінен қамтамасыз етілген.

Сонымен қатар тартылған тұлғалардың салымынан 10%-ға дейін сыйақы төленетін рефералдық жүйе, сондай-ақ екінші және үшінші деңгейдегі қатысушылар үшін қосымша бонустар қарастырылған.

Заңды қызметтің көрінісін қалыптастыру мақсатында ұйымдастырушылар әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде жарнама таратқан, жалған құжаттарды жариялаған, жасанды табыс көрсеткіштерін көрсеткен, блогерлерді тартқан және тақырыптық чаттарды жүргізген.

Қаражаттарды қабылдау жеке тұлғалардың шоттарына жүргізіліп, кейін Р2Р операциялары арқылы криптовалютаға айырбасталып, анонимді әмияндарға жіберілген.

🧑‍⚖️ Сот санкциясымен шамамен 528,5 млн теңгені құрайтын криптовалютаға тыйым салынды.

👨‍⚖️ Күдіктіге қатысты елден шықпау және тиісті мінез-құлық туралы қолхат түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.

Қылмыстық іс сотқа жолданды.

Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.

❗️ Қаржылық мониторинг агенттігі азаматтарға қаражат салмас бұрын жоба туралы ұсынылған ақпаратты мұқият зерделеуді, компанияның ресми тіркелуін, қызметінің құқықтық мәртебесін және қажетті рұқсат құжаттарының бар-жоғын тексеруді, сондай-ақ уәде етілген табыстың шынайылығын бағалауды ұсынады.

Қаржы мониторингі
Құқық қорғау қызметі
31 марта 2026
Алматы қаласы бойынша ЭТТД «Е-лицензиялау» ақпараттық жүйесіне жалған мәліметтер енгізумен айналысқан тұлғалар тобының заңсыз әрекетін әшкереледі

ҚМА Алматы қаласы бойынша департаменті прокуратураның үйлестіруімен лицензия алу мақсатында «Е-лицензиялау» ақпараттық жүйесіне жалған мәліметтер енгізумен айналысқан тұлғалар тобының заңсыз әрекетін әшкереледі

Тергеу мәліметіне сәйкес, 2021 жылдан бері қылмыстық схемаға қатысушылар Алматы қаласы «Қалалық қала құрылысы бақылау басқармасы» КММ қызметкерлерімен сөз байласу арқылы, өздеріне қарасты компаниялар арқылы өндірістік базалардың, арнайы техниканың және білікті инженерлік-техникалық мамандардың бар екендігі туралы жалған мәліметтер ұсынған. Алайда бұл талаптарға нақты сәйкестік болмаған.

Нәтижесінде қолданыстағы біліктілік талаптарын айналып өтіп, 400-ден астам заңды тұлға сәулет, қала құрылысы және құрылыс салаларында І санаттағы лицензияларды заңсыз алған.

Тінту шаралары барысында заңсыз әрекеттерді дәлелдейтін құжаттар мен заттай айғақтар тәркіленді.

Осындай «қызметтер» көрсеткені үшін ұйымдастырушылар 2 млн-нан 5 млн теңгеге дейін ақшалай сыйақы алып отырған.

Тергеу жалғасуда.

ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.

Социальные сети
Меню подвал
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы