Венециандық комиссияда Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің жобасы талқыланды

Венециандық комиссияда Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің жобасы талқыланды

19 қазанда Италияның Венеция қаласында «Еуропа Кеңесінің құқығы арқылы демократияға»  атты  Еуропалық Комиссиясының (Венециандық комиссия) 116-шы Пленарлық отырысы өтті.

Комиссия жұмысының негізгі бағыты – қатысушы мемлекеттердің конституциялық құқық мәселелеріне қатысты заңдар мен заң жобаларына талдау жасау.

Еліміздің бастамасымен аталған комиссияның күн тәртібіне ҚР Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің жобасы енгізілген болатын.

Аталған заң жобасы бойынша Венециандық комиссия сарапшыларының  пікірлері тыңдалып,  Қазақстан Республикасы Әділет министрі Марат Бекетаев баяндама жасады.

Сондай-ақ, аталған комиссияның пленарлық сессиясына ҚР Конституциялық Кеңесінің бұрынғы төрағасы және Қазақстан Республикасы атынан Венециандық Комиссиясының мүшесі Игорь Рогов қатысты.

Халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, қос тарап пікір алмасты. Жалпы Венециандық комиссия сарапшылары Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің жобасын қолдайтындарын жеткізді.

Атап айтқанда, бұл заң жобасы ұлттық заңнамадағы бірқатар кемшіліктердің орнын толтыратын және оң халықаралық тәжірибені қамтитын жаңа тетіктер мен процедураларды енгізетін құқықтық ережелердің кең ауқымын біріктіретіні атап өтілді. 

Егер заң жобасы қабылданатын болса, ол әкімшілік салада жүргізілетін реформаларға айтарлықтай серпін береді.

Естеріңізге салайық, бұдан бұрын Венециандық комиссия 2017 жылы 10 наурызда өткен 110-шы пленарлық отырысында «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына оң қорытынды берген болатын.

Анықтама:  

Венециандық комиссия 1990 жылы Еуропа Кеңесі жанынан құрылған  консультативтік орган. Қазақстан 2012 жылғы наурыздан бастап Комиссияның   мүшесі болып табылады.

Құқық арқылы демократия үшін Еуропалық Комиссия демократия, адам құқықтарын қорғау және заң үстемдігі сияқты үш негізгі қағиданы басшылыққа ала отырып жұмыс жасайды.