«Doing Business» рейтінгісінің «Келісім-шарттарды орындау» индикаторы бойынша анықтамалар берілді

«Doing Business» рейтінгісінің «Келісім-шарттарды орындау» индикаторы бойынша анықтамалар берілді

5 қарашада Түркістан облысы Әділет департаменті Кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, өңірдегі бизнес өкілдеріне елімізде кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жүйесін жетілдіру бағытында іске асырылып жатқан жұмыстар, сондай-ақ жалпы атқарушылық өндіріс саласын реттейтін заңнама және сот орындаушылардың қызметі туралы түсіндірмелер беру үшін кездесу өткізді.

Елімізде экономиканың нығаюына бизнестің маңыздылығын ескере отырып, Мемлекет басшысы кәсіпкерлікті дамытуға әрдайым ерекше көңіл бөлуде.

Мемлекетте кәсіпкерлікті қолдау бойынша бірқатар бағдарламалармен қоса, биылғы жылдың 5 қазанында жарияланған Елбасының Қазақстан халқына «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында да бизнесті дамытуының жоғары маңыздылығы тағы да ерекше атап өтілді және мемлекеттік органдар алдында тиісті міндеттер қойылды.

Сонымен бірге, елімізде бизнесті жүргізудің қолайлылығы жағдайын басқа елдермен салыстырма түрде анықтау және жақсарту мақсатында, Қазақстан Дүниежүзі Банкінің 10 индикаторы бойынша жүргізілетін «Doing Business» рейтингісіне 2009 жылдан бастап әлемнің басқа 190 мемлекеттерімен бірге қатысуда. 

Осы рейтингтің «Келісім шарттарды орындау» индикаторы мемлекетте кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау үшін жасалған жағдайды көрсетеді.

Қазақстанның бұл индикатор бойынша алатын орнына жауапты мемлекеттік органдар ретінде Әділет министрлігі, Жоғарғы Сот, Бас прокуратура белгіленген.

Атқарушылық өндіріс – құқықтарды қорғау жүйесінің ең соңғы сатысы, бұзылған құқықтарды қалпына келтіру, шығарылған сот актілерінің орындалуын қамтамасыз ету мақсатын көздейтін институт болып табылатындықтан, сот актілерін орындау процедуралардың барысы да рейтингке әсер етеді.

Сондықтан бұл институтты жетілдіріп, орындау процестерін жеңілдету үшін, Дүниежүзілік Банктің «Doing Business» рейтингіндегі «Келісім-шарттарды орындау» индикаторы аясында мемлекет тарапынан бірқатар жұмыстар атқарылуда.

Атап айтқанда, биылғы жылдың мамыр айында қабылданған заңнамалық өзгерістерге сәйкес, сот орындаушыларының борышкерлерге қатысты шетелге шығуларды шектеу шараларының күшін 3 күннің ішінде, арнайы құқықтарының қолданысын қалпына келтіру әрекетін 1 күннің ішінде қабылдау қажеттілігі белгіленген.

Сот орындаушысына атқарушылық құжатты орындау тәсілін өзгерту туралы ұсынысты барлық санаттағы істер аясында беру мүмкіндігі енгізілді (бұрын мұндай мүмкіндікке тек өндіріс тараптары және мемлекет пайдасына өндірулер аясында мемлекеттік сот орындаушылары ие болған).

Мүлікті сатқан сот орындаушысына бұл мүлікке басқа сот орындаушыларымен қойылған тыйымдарды алып тастауға құқық берілген.

Жеке сот орындаушысына төленетін алғытөлемнің (аванс) мөлшері 15 айлық есептік мөлшерінен аспайтыны туралы жаңа ережелер қабылданды.

 «Doing Business» рейтингіндегі «Келісім-шарттарды орындау» индикаторы бойынша 2018 жылы Қазақстан 6-шы орынды иелінгенін атап өту қажет.

 

Түркістан облысы

Әділет департаменті