
2024 жылдың 13 ақпанында Сыртқы істер министрлігі алаңында Халықаралық құқық қорғау ұйымдары (БҰҰ, ЕҚЫҰ) өкілдері, Еуропалық Одақ елдері, Америка Құрама Штаттары, Канада, Ұлыбритания елшілерінің және дипломатиялық корпустың өкілдерінің қатысуымен «Адам құқықтарын ілгерілету: Қазақстанның трансформациялық реформалары туралы жан-жақты диалог» тақырыбында брифинг өтті.
Іс-шарада ҚР Әділет вице-министрі Ботагөз Жақселекова Үкіметтің адам құқықтары саласындағы қолданыстағы жоспарларын іске асыру нәтижелерімен таныстырып, жаңа шаралар пакетінде көзделген міндеттерге тоқталды. (Президенттің 2023 жылғы 8 желтоқсандағы №409 Жарлығымен қабылданды).
Әділет министрлігі Үкіметтің Адам құқықтары мен заң үстемдігі жоспарларын жүзеге асыруды үйлестіретін мемлекеттік орган болып табылады.
Еліміздің жетістіктері туралы презентацияда вице-министр келесі маңызды қадамдарды атап өтті:
1) Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияға және Хабарламалар рәсіміне қатысты балалардың құқықтары туралы конвенцияға Факультативтік хаттамалар ратификацияланды;
2) БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің және адам құқықтары жөніндегі шарттық органдардың арнайы рәсімдерімен өзара іс-қимыл тетігін көздейтін Президенттің Жарлығы қабылданды;
3) Стамбул хаттамасының және БҰҰ Палермо хаттамасының ережелерін ескере отырып, әлеуметтік бейімсіздікке және әлеуметтік депривацияға әкеп соққан қатыгез қарым-қатынастың болуын бағалау критерийлері жетілдірілді;
4) «Қазақстан Республикасында адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасы әзірленді;
5) Қылмыстық сот төрелігі, жазаны орындау және азаптау мен қатыгездік қарым-қатынастың алдын алу саласындағы адам құқықтары мәселелері жөніндегі заң қабылданды;
6) «Азаптау туралы істерді прокуратура органдарында сотқа дейінгі тергеп-тексеруді ұйымдастыру туралы» нұсқаулық бекітілді;
7) Сотталғандарды медициналық қамтамасыз ету Денсаулық сақтау министрлігінің қарауына берілген және т.б. жетістістер атап өтілді.
Б. Жақселекова қазіргі заманда Іс-қимыл жоспарының маңыздылығына назар аударып, онда келесі мәселелерді атап өтті. Олар: тең құқықтар мен мүмкіндіктер, оның ішінде еңбек қатынастары саласында ілгерілету; отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық саласындағы қылмыстық заңнаманы қатаңдату; бала құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі қорғау тетіктерін күшейту, ауыл шаруашылығында, құрылыста және қызмет көрсету саласында балалар еңбегін заңсыз пайдалануға қарсы күреске бағытталған құқықтарын қорғауды нығайту, халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру; азаматтығы жоқ адамдардың және мүмкіндігі шектеулі адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі жұмысты жалғастыру; қауіпсіз еңбек саласындағы заңнаманың талаптарын күшейту, кәсіподақ идеологиясы мен кәсіпкерлік қызметтегі адам құқықтарын ілгерілету.
Сонымен қатар Үкімет үшінші іс-шаралар пакетін іске асыруға кірісті.
Өз кезегінде, дипломатиялық корпус өкілдері Қазақстанның Адам құқықтары мен заң үстемдігі саласындағы халықаралық міндеттемелерін имплементациялау жөніндегі жүйелі жұмысты жетілдіру және жалғастыру шеңберіндегі Үкіметтің жұмысын оң бағалады және осы салада одан әрі қолдау білдіретіндерін жеткізді.