Әділет министрі Азамат Есқараев Қоғамдық кеңес мүшелерінің отырысында баяндама жасады

Әділет министрі Азамат Есқараев Қоғамдық кеңес мүшелерінің отырысында  баяндама жасады

Бүгін Әділет министрі Азамат Есқараев Қоғамдық кеңестің кезекті отырысында министрліктің 2023 жылға атқарған жұмыстары туралы есеп беріп, 2024 жылға арналған жұмыс жоспарымен таныстырды.
Азамат Есқараев министрлік атқарған жұмыстарының маңызды тұстары мен елеулі жетістіктеріне кеңінен тоқталды.
Министрлік мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, шамадан тыс регламенттелуге қатысты 260 заңға тексеру жүргізген. Оның нәтижесінде заңнамаға түзетулер енгізіліп, олардың біразы Парламент қарауына түсті.
Министрлік нотариустардың, адвокаттардың және заң кеңесшілерінің қызметін жетілдіру бойынша жұмыс жүргізуде. Осы жылы тегін заң көмегін алған азаматтардың саны 195 мыңнан астам адамды құрады (2022 ж. – 165 495).Туу туралы куәліктерді алу тәртібі электронды форматқа көшіру арқылы жеңілдетілді. Әділет органдарының көрсететін 37 мемлекеттік қызметі eGov mobile қосымшасында халыққа қолжетімді болды.
Сот орындаушыларында жалпы сомасы 11,5 триллион теңгені құрайтын 8,6 миллионға жуық құжат болған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 21%-ға артық.
Тауар таңбаларын, халықаралық тіркеуді қоса алғанда өнеркәсіптік меншік объектілеріне берілген қорғау құжаттарының саны 11 849 ды құрады. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда (10 663) 11,12%-ға артық.
Әділет министрлігінің Сот сараптама орталығына 179 мыңнан астам сараптама (179 945) келіп түсті. Оның 167 мыңнан астамына сараптама жүргізілді (167 616, оның ішінде сот сараптамасы – 42 922, сот медицинасы – 124 694).
Республика бойынша онлайн түрде 22 171 сенімхат берілді.
Электрондық форматта тапсырылған емтихандар саны 39,8%-ға өсті.
Пилоттық жоба аясында сот сарапшысы, нотариус, адвокат және жеке сот орындаушылары үшін автоматтандырылған режимде аттестаттау жүргізілуде.
Отырыс барысында айтылған ұсыныстар хаттамаға енгізілді.
Жиын соңында Әділет министрі Қоғам өкілдерінің министрлік қызметіне қатысты сауалдарына жан-жақты жауап беріп, бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табатынын айтты.