Марат Бекетаев Парламент Сенатының депутаттарына Заң жобасын ұсынды

Марат Бекетаев Парламент Сенатының депутаттарына Заң жобасын ұсынды

Бүгін ҚР Әділет министрі Марат Бекетаев Парламент Сенатының депутаттарына «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне меншік құқығын қорғауды күшейту, төрелік, сот жүктемесін оңтайландыру және қылмыстық заңнаманы одан әрі ізгілендіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» (бұдан әрі – Заң жобасы) Заң жобасын ұсынды.

Заң жобасы түзетулердің 4 тобын қамтиды. Олар:

-  банктік қарыз шарттары бойынша тараптардың мүліктік құқықтарын қамтамасыз ету;

-  жер учаскелерін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп алып қою кезінде тең құнды өтеу үшін жағдай жасау;

-   мүлікті тәркілеу кезінде адамдардың мүліктік құқықтарын қорғауға;

- мұрагерлік, нотариат, жауапкершілігі шектеулі серіктестік қатысушыларының үлестерін бөлу және заңды талаптарды тіркеудің кейбір мәселелерін шешу.

Сонымен қатар, заң жобасы шеңберінде жаңа «Төрелік туралы» Заңды қолдану тәжірибесіндегі практикалық мәселелерді шешу ұсынылып отыр.

Министр Марат Бекетаевтың айтуынша, осы заң жобасында Елбасының 2018 жылғы 5 қазандағы Жолдауын іске асыруға бағытталған заңнамалық ұсыныстар да бар. Олар экономикалық қылмыстық құқықбұзушылықтарды ізгілендіруге және сот жүктемесін оңтайландыруға бағытталған.