
Әділет министрлігінде Министрлік Аппаратының басшысы Сандуғаш Ерсеитованың төрағалығымен Қазақстан халқы тілдері күніне арналған арнайы іс-шара өтті.
Іс-шараның мақсаты – еліміздегі мемлекеттілігіміздің негіздерін нығайтуға ықпал ететін барлық қазақстандықтардың азаматтық бірегейлігінің маңызды факторы ретінде мемлекеттік тілді насихаттау бойынша түрлі іс-шараларға қатысу.
Іс-шара шеңберінде Министрлікте ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Ербол Тлешовпен кездесу ұйымдастырылды.
Ербол Тілешов «Ұлт, таным, және тіл» тақырыбында дәріс оқып, Ахмет Байтұрсыновтың өмір мен шығармашылықтың құнды деректерін мысалға келтіре отырып, ғалымның қайраткер, педагог ретіндегі рөлін ерекше атап өтті.
Сондай-ақ, «Тіл-Қазына «Ұлттық ғылыми-практикалық орталығы» L-Нub коммерциялық емес акционерлік қоғамының Тіл-қазына ғылыми-практикалық орталығының басшысы Мөлдір Бақытқызы «Қазақ тілін оқытудағы IT жобалар» тақырыбындағы әлеуметтік желі платформаларында қазақ тілін оқытуды цифрландыру бойынша танымдық материалдарымен бөлісті.
Іс-шараға Министрліктің құрылымдық бөлімшелерінің басшылары қатысып, zoom платформасы арқылы ведомстволық бағынысты ұйымдары мен облыстардың, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының әділет департаменттерінің басшылық құрамы мен ұжымы дәріс тыңдады.
Естеріңізге сала кетейік, 5 қыркүйек елде Қазақстан халқының тілдері күні аталып өтіледі. Біздің көпұлтты еліміз үшін бұл күн ерекше маңызға ие. Олардың бірі – бейбітшілік пен келісімде 130 ұлт пен ұлыс өмір сүретін республиканың тұтастығын сақтау, қазақ тілін дамыту және насихаттау.