
2019 жылғы 8 ақпанда Қазақстан Республикасының Әділет министрі Марат Бекетаевтың төрағалығымен Әділет министрлігінің кеңейтілген алқа отырысы өтті.
Шараға Парламент Мәжілісінің депутаттары, Президент Әкімшілігінің, Премьер-Министр Кеңсесінің, сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.
Алқа отырысы барысында ведомство өкілдері 2018 жылғы жұмысты қорытындылап, 2019 жылдың басым міндеттерін айқындады. Әділет вице-министрі Наталья Пан, министрдің орынбасарлары Эльвира Әзімова мен Жанат Ешмағамбетов, сонымен қатар, жауапты хатшы Данияр Айтмұхаметов ведомствоның жетекшілік ететін бағыттары бойынша баяндама жасады.
Өз баяндамасында Наталья Пан министрлік 2017 жылы әзірлеген «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне меншік құқығын қорғауды күшейту, төрелік, сот жүктемесін оңтайландыру және қылмыстық заңнаманы одан әрі ізгілендіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға ағымдағы жылғы 21 қаңтарда қол қойылғанын атап өтті. Заң жер мәселелерін, мүлікті тәркілеу, банктік қарыз шарттарының жекелеген түрлерін орындау және жасасу кезінде меншік құқығын қорғауды күшейтуге; төрелік туралы заңнаманы халықаралық стандарттарға сәйкес келтіруге; сот жүктемесін оңтайландыруға және қылмыстық заңнаманы ішінара ізгілендіруге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, Наталья Пан министрліктің зияткерлік меншікке құқықтарды қорғау саласында қабылданған реформалар туралы айтып өтті. 2018 жылғы 20 маусымда Мемлекет басшысы Зияткерлік меншік саласындағы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша заңға қол қойды. Қабылданған заң әділет министрлігінің тіркеу функцияларын «ҰЗМИ» РМК-ға беру арқылы зияткерлік меншік объектілерін тіркеу рәсімін едәуір жеңілдетті. Айта кету керек, авторлық құықтарды тіркеу бойынша көрсетілетін қызметтің көрсетілу мерзімі 20 күннен 1 жұмыс күніне дейін қысқарту арқылы электрондық форматқа толығымен ауыстырылғанын атап өтеміз.
Министрдің орынбасары Эльвира Әзімова нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу саласындағы жұмыс қорытындылары және басым міндеттері туралы баяндады. ҚР заңнамасы 2,5 мыңнан астам заңнамалық актілерді және 20 мыңнан астам орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың ведомстволық актілерін қамтитынын атап өтті. 2018 жылдың өзінде Нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тізілімінде 10 008 ведомстволық акт тіркелді (2017ж. – 8142).
Әділет министрінің орынбасары Жанат Ешмағамбетов өз баяндамасында атқарушылық іс жүргізу, сот сараптамасы, тіркеу қызметі, адвокат пен нотариус саласындағы заңнаманы жетілдіру мәселелерін, сондай-ақ, сот актілерін және мемлекеттік қызметтерді орындау процестерін оңтайландыру және автоматтандыру үшін цифрландыру шеңберінде жүргізілетін жұмыстар туралы айтып өтті.
Әділет министрлігінің жауапты хатшысы Данияр Айтмұхаметов жаңа еңбекақы жүйесін енгізу және әділет министрлігінің құрылымдарын оңтайландыру туралы баяндама жасады.
Іс-шараның соңында министр Марат Бекетаев 2019 жылға арналған министрліктің алдына қойылған негізгі міндеттер туралы айтып берді. Ағымдағы жылы министр Мемлекет басшысының Жолдауда, сондай-ақ, Президенттің қатысуымен өткізілген Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын орындау басты басымдығы ретінде белгіленгенін атап өтті. Сонымен қатар, стратегиялық және бағдарламалық құжаттарды сапалы және уақтылы орындауды қамтамасыз ету қажет, деп атап өтті ведомство басшысы.
Ол сондай-ақ, заң үстемдігін қамтамасыз ету әділет органдарының қызметінде басты міндет екенін атап көрсетті.