Жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу

Жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу

«Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Заңның 118-бабына сәйкес жеке сот орындаушысының (бұдан әрі - ЖСО)  қызметіне ақы төлеу атқарушылық іс жүргізу шеңберінде борышкердің қаражаты есебінен жүргізіледі және он мың айлық есептік көрсеткіштен аспайтын шекті мөлшерін белгілей отырып, істердің санаты мен өндіріп алу сомасына қарай 3-тен  25 %-ға дейінгі мөлшерде белгіленеді.

Мысалы 2 млн. теңгені өндіріп алу кезінде төлем 15 %, яғни 300 мың теңгені, ал салық және айыппұл сияқты шағын сомалар бойынша  25%-ды құрайды.

Мүліктік емес сипаттағы атқарушылық құжаттар бойынша (баламен қарым-қатынас тәртібі, баспанадан шығару, соттың ұйғарымы бойынша тыйымды салу немесе алып тастау және т.б.)  ЖСО-ның қызметіне ақы төлеу айлық есептік көрсеткіштермен белгіленеді.

ЖСО-ға өз қызметіне ақы  төлеу сомасының белгіленген мөлшерін өзгертуге тыйым салынады.

Сонымен бірге, ЖСО өз қызметі үшін ақы алумен қатар келесідей міндетті шығындарды көтереді:

кеңсе сатып алу (жалға алу), оны күтіп ұстау, жабдықтар алу, жөндеу және күзет, жұмыс орындарын құру бойынша шығыстарды төлеу;

жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасына мүшелік жарналар;

азаматтық-құқықтық жауапкершілікті міндетті сақтандыру;

өз көмекшілерінің жалақысы;

кеңсе жұмысына қажетті жабдықты сатып алу;

коммуналдық қызметтер (жарық, су, жылыту, интернет);

салықтарды және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді төлеу;

кеңсе мұрағатының сақталуын қамтамасыз ету;

ұйымдық-шаруашылық,көліктік және техникалық қамтасыз етуге байланысты басқа да шығындар.

Қалған қаражат ЖСО-ның иелігінде қалады және өз қалауы бойынша жұмсалады.