
Бүгін, 17 ақпанда Әділет министрі Азамат Есқараевтың төрағалығымен заң жобалау қызметі мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті 613 отырысы өтті.
Комиссия отырысында квазимемлекеттік секторды дамыту мәселелері бойынша заң жобасына Реттеуші саясаттың консультативтік құжаты қаралды. Негізгі ережелер туралы әзірлеуші – Ұлттық экономика вице-министрі Ілияс Өсеров баяндады.
Әзірлеуге ұсынылатын заң жобасы мыналарды көздейтін болады: - «мемлекеттік кәсіпорын» ұйымдық-құқықтық нысанын және тиісінше «шаруашылық жүргізу құқығы» санатын алып тастау; - мемлекет қатысатын ұйымды экономикалық (АҚ және ЖШС) және экономикалық емес (ведомстволық бағынысты мемлекеттік мекеме) болып бөлу; - мемлекеттің кәсіпкерлік қызметке қатысу өлшемшарттарын нақтылау, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің корпоративтік басқару элементтерін жетілдіру; - мемлекеттік мүлікті жоспарлау және басқару саласындағы уәкілетті органдардың функцияларын қайта қарау және күшейту. Жан-жақты талқылау қорытындысы бойынша құжатты елеулі ескертулермен қайта пысықтауға жіберу ұсынылды.
ВАК төрағасы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша сапаны арттыру үшін заң жобалау жұмысында, оның ішінде ВАК қызметінде сүзгілер қатаңдатылғанын ерекше атап өтті.