
2022 жылғы 13 сәуірде ҚР Президентімен «Мемлекеттік аппараттың қызметін бюрократиядан арылту жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойылды.
Бұл Жарлық мемлекеттік аппаратта шешімдер қабылдаудың тиімділігі мен жеделдігін арттыру, атқарушы органдардың қызметінде артық заңнамалық регламенттеуді болдырмау, мемлекеттік органдар басшыларының дербестігін, дербес жауапкершілігін арттыру, есептілік пен құжат айналымын қысқарту мақсатында қабылданды.
Президенттің «Мемлекеттік аппаратының қызметін бюрократиядан арылту жөніндегі шаралар туралы» Жарлығын іске асыру шеңберінде Әділет министрлігі «Құқықтық актілер туралы» Заңына және тиісті заңға тәуелді актілерге норма шығармашылығы процесін оңтайландыруды (мерзімдер мен кезеңдерді екі есе қысқартуды) көздейтін түзетулер әзірледі.
Түзетулер ағымдағы жылғы 5 қарашадағы қабылданған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекет Басшысының 2022 жылғы 16 наурыздағы Жолдауын іске асыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы шеңберінде көзделген.
Сондай-ақ осы Жарлықтың 3-тармағын іске асыру үшін (Қазақстан Республикасының Үкіметі 2022 жылғы 1 желтоқсанға дейін Президент жанындағы Қазақстан Республикасындағы цифрландыруды енгізу мәселелері жөніндегі комиссияның қызметі шеңберінде мерзімдер мен кезеңдерді екі есеге жалпы қысқартып, бюджет және норма түзушілік процестерінің кешенді реинжинирингін қамтамасыз етсін) норма шығармашылығы процесінің мерзімдері мен кезеңдерін екі есеге қысқартуды көздейтін 2022 жылғы 2 маусымда Қазақстан Республикасы Үкіметінің № 355 қаулысы (бұдан әрі – Регламент) қабылданды.
Өз кезегінде мемлекеттік органдармен келісу мерзімдері 10 (он) жұмыс күннен 3 (үш) жұмыс күніне дейін және әділет, қаржы және ұлттық экономика министрліктерімен келісетін жобалар 5 (бес) жұмыс күніне (бұдан алдын 10 (он) жұмыс күні көзделген) дейін қысқартылды.
Бұдан басқа, Премьер-Министр Кеңсесінде құқықтық актілердің жобаларын қарау мерзімдері 20 (жиырма) жұмыс күннен 10 (он) жұмыс күніне дейін екі есеге қысқартылды, оның ішінде жобаларды пысықтау және қайта енгізу бойынша да оларды қайтару күнінен бастап бір айдан 10 (он) жұмыс күніне дейін қысқартылды (Үкімет Регламентінің 54-тармағы).
Сонымен қатар, жобаларды Премьер-Министр Кеңсесіне енгізуді жеделдетуге, болашақта қабылданған заңнамалық актілерді іске асыруға ықпал ететін, келісу кезеңдерін оңтайландыру бойынша қосымша шешімдер енгізілді, атап айтқанда:
«әдепкі қалпы бойынша келісу» (егер жоба мемлекеттік органда 3 (үш) жұмыс күнінен артық келісілсе (әділет, қаржы, Ұлттық экономика және сыртқы істер министрліктерінде – 5 (бес) жұмыс күні) және ол бойынша жауап берілмеген жағдайда);
«қоса берілетін ескертулермен келісілді».