
2019 жылғы 20 маусымда Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі мен Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты Германия халықаралық ынтымақтастық жөніндегі қоғамы (GIZ) және Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасының қолдауымен «Әкімшілік-процестік құқықтық қатынастар қатысушыларының құқықтық жағдайы» тақырыбына дөңгелек үстел өткізді.
Іс-шара өткізу мақсаты мемлекеттік органдармен келіспеушіліктерде азаматтардың құқықтарын қорғауға және әкімшілік-процестік құқықтық қатынастарға қатысушылардың құқықтық мәртебесі бойынша ұсынымдар әзірлеуге бағытталған әкімшілік әділетті қалыптастыру мәселелерін талқылау болды.
Жиынға Парламент депутаттары, мемлекеттік және құқық қорғау органдарының басшылары, «Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері, Әзербайжан, Грузия және Ресейдің халықаралық сарапшылары қатысты.
Қазақстан Республикасының Әділет вице-министрі Н.В. Пан өзінің құттықтау сөзінде Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаевтың 2019 жылғы 12 маусымдағы ұлықтау сөзінде мемлекеттің он міндетінің бірі болып табылатын сот жүйесін реформалау қажеттігі туралы айтқанын атап өтті.
– Президент өз сөзінде, сот – әділдіктің соңғы шегі болуы тиіс. Құқық қорғау жүйесінің басты міндеті – халықтың сеніміне ие болу керек деп айтып өткен болатын. Сондықтан заң бұзылған жағдайда, оның ішінде мемлекеттік органдар өкілдерінің заңсыз іс - әрекеттерінен (әрекетсіздіктерінен) адам сотқа барып, ол жерде барлық өркениетті әлемдегідей өзінің құқықтары мен бостандықтарының сенімді қорғалуын табуы тиіс, – деді Наталья Пан.
Осыған орай, іс-шара аясында талқыланған тақырып азаматтардың құқықтарын қорғауды кепілдендіруді күшейтуге, әкімшілік рәсімдер мен процестің объективтілігі мен шынайылылығын қамтамасыз етуге септігін тигізеді.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының мамандандырылған сот алқасының төрайымы А.Қ. Қыдырбаева мен Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институтының директоры Р.Қ. Сәрпеков те әкімшілік сот өндірісін енгізудің маңыздылығын атап өтті.

Дөңгелек үстелде Қазақстан Республикасындағы әкімшілік әділеттің шет елдердің заңнамасын салыстырмалы-құқықтық талдау негізінде әкімшілік сот өндірісі қатысушыларының құқықтық жағдайымен байланысты қазіргі кезеңдегі жай-күйінің мәселелері талқыланды.
Дөңгелек үстелдің қорытындылары бойынша Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің жобасын одан әрі жетілдіру бойынша ұсынымдар әзірленді.