ҚР Әділет министрлігінде ведомствоның кеңейтілген алқа отырысы өтті

ҚР Әділет министрлігінде ведомствоның кеңейтілген алқа отырысы өтті

2020 жылғы 17 қаңтарда Қазақстан Республикасының Әділет министрі Марат Бекетаевтың төрағалығымен Әділет министрлігінің кеңейтілген алқа отырысы өтті.

  Шараға Парламент Сенатытның депутаты Владимир Волков, Парламент Мәжілісінің депутаты Нұрлан Әбдіров, ҚР Президентінің Әкімшілігі басшысының орынбасары Ержан Жиенбаев, Премьер-Министр Кеңсесінің, сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.

  Алқа отырысы барысында ведомство өкілдері 2019 жылғы жұмысты қорытындылап, 2020 жылдың басым міндеттерін айқындады. Әділет вице-министрлері Наталья Пан, Алмат Мадалиев, сонымен қатар жауапты хатшы Азамат Әмірғалиев ведомствоның жетекшілік ететін бағыттары бойынша баяндама жасады.

  Өз баяндамасында Наталья Пан жоспарланған 32 заң жобасының жетеуіне Мемлекет басшысы қол қойғанын және 25 Заң жобасы Парламенттің қарауында екенін айтып өтті. Министрлік есепті кезеңде "ӘҚБтК-ға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңның қабылдануын қамтамасыз етті. Ол Президент қол қойғаннан кейін 2020 жылғы 16 қаңтардан бастап өз күшіне енді. Кодекс әкімшілік құқық бұзушылықтардың жекелеген санкцияларын ізгілендіруді, бюджет қаражатын тиімсіз жоспарлап, пайдаланғаны үшін лауазымды тұлғалардың жауапкершілігін белгілеуді, ережелерінің тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында ӘҚБтК-ге өзгерістер енгізу рәсімін жүйелеуді көздейді. Қазіргі уақытта Парламент Мәжілісінің қарауында тағы да 3 заң жобасы бар.

  Сондай-ақ, Наталья Пан НҚА мемлекеттік тіркеу, заң жобалары мен заңға тәуелді актілердің заң сараптамасынан өту бойынша, сонымен қатар халықты құқықтық ақпараттандыру саласында жүргізілген жұмыстар туралы егжей-тегжейлі айтып берді.

Әділет вице-министрі Алмат Мадалиев сот-сараптама, сот актілерін орындау және мемлекеттің мүліктік құқықтарын қорғау бойынша негізгі жұмыс бағыттары туралы баяндады. Есепті кезеңде жалпы 6,5 млрд. теңгеден астам сомаға 4 млн. жуық құжат орындалды, толық көлемде орындалған құжаттардың жалпы көрсеткіштері 36% - ға артты.

  Мадалиев мырза баяндамасында 2019 жылы сот-сараптамаға 190 мыңнан астам материал келіп, олардың 96%-дан астамы орындалғанын атап өтті. Осылайша Министрліктің Стратегиялық жоспарының тиісті көрсеткішіне қол жеткізілді. Сот сараптамасы органдарын қызметтік үй-жайлармен қамтамасыз ету үшін өңірлер әкімдерімен бірлесіп жұмыс жүргізілді. Жоғары стандарттар мен талаптарға сай келетін 1,5 миллиард теңгенің жаңа ғимараты алдағы екі жылда Нұр-Сұлтан қаласында салынатын болады. Сонымен қатар Батыс Қазақстан облысында сот сараптамасы органдары үшін жаңа ғимарат бөлінді. Ақтөбе және Алматы сияқты басқа қалаларда мәселе ЖСҚ әзірлеу сатысында.

   Әділет министрлігінің жауапты хатшысы Азамат Әмірғалиев жаңа еңбекақы жүйесін енгізу және әділет министрлігінің құрылымдарын оңтайландыру  туралы баяндама жасады.

   Іс-шараның соңында министр Марат Бекетаев 2020 жылға арналған Министрліктің алдына қойылған негізгі міндеттер туралы айтып берді. Ағымдағы жылы министр Мемлекет басшысының Жолдауда берген тапсырмаларын  орындау басты басымдығы ретінде белгіленгенін атап өтті.

  «Биыл алдымызда маңызды реформаларды заңнамалық қамтамасыз ету бойынша үлкен міндет тұр. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру бойынша жұмыс жалғасады. Бұл ретте халықпен тиімді кері байланыс орнатып, азаматтардың өтініштерін сапалы қарау қажет. Сонымен қатар биыл Еріктілер жылы болып жарияланды. Осыған орай, Әділет органдары барлық деңгейде заң қауымдастықтарымен бірлесіп белсенді ат салысуы керек. Бұдан басқа стратегиялық және бағдарламалық құжаттарды сапалы және уақтылы орындауды қамтамасыз ету қажет»,- деп қорытындылады өз сөзін ведомство басшысы.