
2022 жылғы 15 маусымда Алматы қаласында Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының алаңында отандық құқық иеленушілердің құқықтарын қорғаудың өзекті мәселелерін жан-жақты талқылау және оларды шешу жолдары бойынша Құқық иеленушілердің республикалық конференциясы өтті. Іс-шараның ұйымдастырушылары «Абырой» авторлық қоғамы» республикалық қоғамдық бірлестігі және «Құқық иеленушілердің Еуразиялық одағы» өңірлік қоғамдық бірлестігі болып табылады
Іс-шараға мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйымдардың, Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің, Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының, Қазақстан суретшілер одағының өкілдері, сондай-ақ авторлар, композиторлар, фотографтар, журналистер, баспалар, интернет-қауымдастықтар, тауар белгілерінің иелері, бизнес саласының өкілдері және зияткерлік меншік саласындағы сарапшылар қатысты.
Авторлық құқық, креативті индустрия, репрографиялық қайта шығару және музыкалық туындыларды пайдалану саласындағы мәселелер талқыланды.
Зияткерлік меншік құқығы департаментінің директоры Е.М. Алтынбеков өз сөзін авторлық құқық және сабақтас құқықтар саласындағы заңнамадағы новеллаларға арнады.