
2019 жылғы 4 желтоқсанда Вашингтон қ. Қазақстан мен АҚШ арасындағы кеңейтілген стратегиялық серіктестік жөніндегі комиссияның (бұдан әрі - Комиссия) кезекті отырысы өтті.
Екіжақты комиссия отырысының негізгі мақсаты – тараптардың 2019 жылғы бірлескен жұмысының қорытындысын шығару және екі мемлекет арасындағы стратегиялық серіктестікті одан әрі кеңейту перспективаларын айқындау болды.
Қазақстандық делегация құрамында әділет, сыртқы істер, ішкі істер, ұлттық экономика, сауда және интеграция, ақпарат және әлеуметтік даму, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктерінің өкілдері кірді.
Комиссия отырысының күн тәртібі Қазақстан мен АҚШ арасындағы саяси және экономика салаларында, сондай-ақ адам құқықтары саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелерін қамтыды.
Комиссия отырысының аясындағы Адами өлшем жөніндегі комитет отырысында адам саудасына қарсы күрес, білім беру (соның ішінде ағылшын тілінде оқыту), БАҚ-ты дамыту, сот ынтымақтастығы және Қазақстанның үкіметтік емес секторын қолдау бойынша ынтымақтастықты тереңдету мәселелері көтерілді.
Бұдан басқа, Әділет министрлігінің өкілдері зияткерлік меншік құқығын қорғау мәселелері талқыланған Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі комитеттің жұмысына қатысты.
Комиссия отырысының қорытындысы бойынша Тараптар қарастырылған сұрақтар бойынша өзара іс-қимылды одан әрі дамытуға дайын екендерін білдірді.