Заң жобалау қызметі мәселелері жөніндегі Ведомствоаралық комиссиясының мерейтойлық отырысы өтті

Заң жобалау қызметі мәселелері жөніндегі Ведомствоаралық комиссиясының мерейтойлық отырысы өтті

2019 жылғы 12 желтоқсанда Әділет министрлігінде Заң жобалау қызметі мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның 500-ші мерейтойлық отырысы өтті.

Іс-шараға Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, үкіметтік емес сектордың, бизнес-қауымдастықтың, сондай-ақ мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.

Әділет министрі Марат Бекетаев құттықтау сөзінде Ведомствоаралық комиссияның жұмысы мүмкіндігінше ашықтыққа, заң шығару қызметі мен мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдар арасындағы ынтымақтастық мәселелерін жан-жақты талқылауға  бағытталғанын атап өтті.  

"Ведомствоаралық комиссияның жұмысы заң шығармашылық қызметіне айтарлықтай үлес қосып келе жатқанына сенімдімін. Сіздерге жұмыс үшін алғысымды білдіремін", - деді М. Бекетаев.

Министр құттықтау сөзінен кейін күн тәртібіндегі мәселелерді қарауға көшті. 

Отырыс барысында ҚР Парламентінің депутаттары бастамашылық еткен мынадай заң жобалары қарастырылды: «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне жер қойнауын геологиялық зерттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы және Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау мәселелері және электр энергетикасы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы.

17 жыл ішінде ведомствоаралық комиссия 700-ден астам заң жобаларының тұжырымдамаларын, Парламент депутаттары бастамашылық еткен 140-тан астам заң жобаларын, 180-ге жуық Үкімет қаулыларын және заңнамалық қызметке қатысты 300-ден астам нақты мәселелерді қарастырғанын айта кету керек.