ҚР Президентінің өкілеттілігі туралы

ҚР Президентінің өкілеттілігі туралы

18 сәуірде ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде Мемлекет басшысының «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі шараларға қатысты баспасөз конференциясы өтті. Мемлекет басшысы «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына Жолдауында саяси реформалардың негізгі 10 бағытын айқындады. Мемлекет басшысының өкілеттілігін қайта қарауға бағытталған Конституцияға өзгерістер туралы Әділет министрі Қанат Мусин айтып берді.

Министрдің айтуынша бүгінгі күні жүргізіліп жатқан конституциялық реформа Президенттің әлеуметтік-экономикалық және ұйымдастырушылық процестерді реттеу жөніндегі өкілеттіктерін төмен тұрған деңгейге қайта бөлген 2017 жылы жүргізілген конституциялық реформаның жалғасы болып табылады.

Осы Жолдауда келесі бағыттар айтылған.

«Мемлекет басшысының саяси партиялардағы мүшелігіне оның президенттік кезеңінде тыйым салуды белгілеу.

Осылайша, мемлекеттік аппаратты партиялық құрылымдармен біріктіру мәселесіне ерекше назар аударылды. Бұл тыйымның алғышарты кезекті съезд барысында Amanat партиясының төраға қызметінен кету ниеті туралы Президенттің мәлімдемесінен болды»,-деді министр.

Қанат Мусин мұндай тыйымның Орталық сайлау комиссиясы, Есеп комитеті және Конституциялық кеңестің төрағалары мен мүшелеріне, әкімдер мен олардың орынбасарларына да қатысты болатынын айтты. Бұл жаңалық барлық мемлекеттік аппараттың жұмысына оң әсерін тигізіп, саяси бәсекелестікті арттыруға ықпал етеді және барлық партиялардың дамуы үшін тең жағдай жасайды.

Президент өзінің соңғы Жолдауында Президентке жақын адамдарды кадрлық іріктеу мәселесін бөлек атап өтті. Заңнамада жақын туыстарға ата-аналар, балалар, асырап алушылар, асырап алынғандар, ата-анасы бір және ата-анасы бөлек аға-інілері мен апа-сіңлілері, атасы, әжесі, немерелері жатады. Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнама да жекжаттар, яғни ерлі-зайыптылардың жақын туыстары үшін шектеулер белгілейді.

«Осылайша, заңнамалық деңгейде тиісті тыйымдар белгіленгеннен кейін, мысалы, Президенттің ағасы, әпкесі, балалары «Самұрық-Қазына» немесе «Бәйтерек» сияқты ұлттық компанияларда басшылық қызметке орналаса алмайды»,-деді Әділет министрі.

Бұдан басқа, мемлекет басшысы Парламент Сенатындағы президенттік квотаны 15 депутаттан 10 депутатқа дейін қысқартуды ұсынды, олардың бесеуін Қазақстан халқы Ассамблеясы ұсынатын болады, қазіргі уақыттағыдай сайламайды.

Нәтижесінде Мемлекет басшысының өкілді органның жоғарғы палатасын құруға қатысуы айтарлықтай төмендейді.

Министрдің сөзінше, Президенттің Жоғары Сот Кеңесінің құрамын құруға қатысты өкілеттіктері өзгереді. Конституцияда белгіленген қолданыстағы тәртіпке сай Президент өзі Жоғары Сот Кеңесінің құрамын қалыптастырады, сондай-ақ Конституциялық Кеңестің төрағасын тағайындайды. Енді Президент Конституциялық Кеңестің және Жоғары Сот Кеңесінің төрағалары қызметіне кандидатураларды келісу құқығын Парламент Сенатының депутаттарына беруді ұсынды.

Бұл ретте Жоғары Сот Кеңесінің құрамын қалыптастыру заңмен айқындалатын болады.

Қанат Мусиннің айтуынша, Президенттің облыстар және Республикалық маңызы бар қалалар әкімдерінің актілерін тоқтата тұру немесе олардың күшін жою жөніндегі құқығын, сондай-ақ аудан және ауыл әкімдерінің лауазымдарынан босату құқығын алып тастауға байланысты өзгерістер жоспарланып отыр. Президенттің мұндай өкілеттіктері жойылады.

Бұл реформа жергілікті өкілді және атқарушы органдардың күшеюіне және тұтастай алғанда, саяси жаңғыртуға ықпал етуі тиіс.

Өз кезегінде, аталған бастамаларды іске асыру үшін «Қазақстан Республикасының Президенті туралы» Конституциялық заңына және басқа да бірқатар заңдарға өзгерістер енгізу талап етіледі.

Тиісті заң жобаларын Парламенттің қарауына енгізу тамызда, ал оларды қабылдау ағымдағы жылдың соңына дейін жоспарланған.