
14 сәуірде ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде Мемлекет басшысының «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі шараларға қатысты жалпыұлттық жоспарды түсіндіруга бағытталған баспасөз конференциясы өтті. Мемлекет басшысы «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына Жолдауында саяси реформалардың негізгі 10 бағытын айқындады. Жолдаудың заңнамалық бастамалары туралы Әділет министрі Қанат Мусин айтып берді.
Министрдің айтуынша бүгінгі күні Президенттің Жарлығымен Жолдауды іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс – шаралар жоспары бекітілді, онда 36 іс-шара қарастырылған, оның ішінде 18-і заңнамалық сипатта, 5-і заңға тәуелді актілерді қабылдауды талап етеді, қалған 7 іс-шара жалпы сипатқа ие.
Қанат Мусиннің айтуынша бірінші кезекте, «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы әзірленетін болады. Оны бүгінгі күнде Президенттің өкімімен құрылған жұмыс тобы пысықтауда. Конституцияға енгізілетін түзетулер келесі бағыттарды көздейді, Президенттің өкілеттігін, Парламенттің депутаттық корпусын қалыптастыру тәртібі мен басқа да мәселелер жөніндегі құзыретін қайта қарау, Конституциялық соттың мәртебесі мен өкілеттіктерін және Адам құқықтары жөніндегі Уәкілдің қызметін регламенттеу және т.б Сонымен қатар, еліміздің басты құжаты өлім жазасын алып тастауды көздейді.
Конституцияға түзетулерді әзірлеу бойынша жұмысты ағымдағы жылдың сәуір айының соңына дейін аяқтау, ал оларды қабылдау осы жылдың маусым айының соңына дейін жоспарланған.
Әділет Министрлігі Конституцияға енгізілетін түзетулерді іске асыру үшін 3 жаңа конституциялық заңның жобаларын әзірлеп жатыр. «Жекелей алсақ, «Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты туралы», «Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі Уәкіл туралы». Аталған Заң жобаларын Парламенттің қарауына енгізу ағымдағы жылдың тамызына дейін, ал оларды қабылдау осы жылдың соңына дейін жоспарланған»,-деді министр.
Сонымен қатар, Әділет министрлігі саяси партиялар туралы заңға түзетулерді қарастырып жатыр.
Саяси партиялар туралы Заңға саяси партияларды тіркеу рәсімін жеңілдетуге бағытталған түзетулер енгізілетін болады. Атап айтқанда, партия құру үшін азаматтардың бастамашыл тобының ең аз санын 1000-нан 700 адамға дейін қысқарту; партияларды тіркеу үшін қажетті шекті деңгейді 20 мыңнан 5 мың адамға дейін төмендету; партиялардың өңірлік өкілдіктерінің ең аз санын үш есеге 600-ден 200 адамға дейін азайту көзделіп отыр.
Толықтай алғанда, түзету Заң жобалары Конституциялық заңдарды қоса алғанда, 20-дан астам заңнамалық актіге өзгерістер енгізуді көздейді.
Аталған Заң жобаларын да Парламенттің қарауына енгізу ағымдағы жылдың тамыз айына дейін, ал оларды қабылдау 2022 жылдың соңына дейін жоспарланған.