
2022 жылғы 1 ақпанда Қазақстан Республикасы таныған адам құқықтары жөніндегі шарттық органдардың сұрау салулары мен пайымдауларын қарау тәртібі (қағидалары) айқындалды.
Қағидаларда көзделген сұрау салулар мен пайымдауларды қарау тетігі қалыптасқан практика негізінде қалыптастырылып және оларды қарау бойынша жүйелі тәсілді қамтамасыз етуге бағытталған.
Тетік сұрау салулар мен пайымдауларды қарау процесіне шағымның авторы мен БҰҰ-ның Қазақстан Республикасындағы тұрақты өкілін тартуға мүмкіндік береді. Бұл тетік көтеріліп отырған мәселелерді объективті және жан-жақты шешуге ықпал ететін болады.
Сұрау салулар мен пайымдаулар Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі қызметін үйлестіретін ведомствоаралық жұмыс тобының (ВАЖТ) алқалық қарауына жатады. Қазақстан Республикасы Бас прокуратура ВАЖТ шеңберінде сұрау салуда немесе пайымдауда көтерілген мәселелер бойынша заңдылықтың сақталуына құқықтық талдауды жүзеге асырады, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Қазақстан Республикасының ұстанымын адам құқықтары жөніндегі шарттық органдарға жолдайды.
Бұл тәртіп шарттық органдар пайымдауларының мәртебесі туралы мәселелерді шешу, олардың шешімдерін отандық құқық қолдану практикасына имплементациялау жөніндегі ұлттық құқықтық тетікті іргелі қалыптастыру үшін негіз болады.