
25 наурызда Алматы қаласында Қанат Мусин құқық қорғау органдарының өкілдерімен кездесті. Кездесу барысында министр қаңтар оқиғасының объективті тергелуіне басты назар аударды. “Жыл басында Алматыда орын алған қайғылы оқиға қаншама жанның өмірін қиып, қала экономикасына залал келтірді. Құқық қорғау органдарына үлкен жауапкершілік жүктелді, атап айтсақ, қылмыстық, әкімшілік істерді зерттеу, орын алған жағдайдың себебін анықтау турасында үлкен жұмыс атқарып жатырсыздар. Алматы қаласының соттарына да үлкен жүктеме болды”,-деді Қанат Мусин. Сонымен қатар, министр осы бағыттағы жұмыстың жалғасуы үшін Әділет Министрлігі қажетті сот медициналық сарапшылармен қамтамасыз ететіндігін жеткізді. Қаңтар оқиғасы бойынша 1354 сот сараптамасы тағайындалған. Аталған жұмысқа 103 сарапшы, 70 жергілікті, 33 басқа өңірлерден тартылды. Өз кезегінде, құқық қорғау органдарының өкілдері өздерін қызықтырған атқарушы өндірістің орындалуы, сот сараптамалық қызмет және басқа мәселелер бойынша сауалдарға жауап алды.