Сайлау заңнамасына енгізілген жаңалықтарды талқылау

Сайлау заңнамасына енгізілген жаңалықтарды талқылау

2022 жылғы 18 наурызда Әділет министрлігі үкіметтік емес ұйымдардың, саяси партиялардың және «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК өкілдерімен сайлау заңнамасына енгізілген жаңалықтарды талқылау бойынша конференция өткізді.

Іс-шараға келесі үкіметтік емес ұйымдар қатысты: «Молодежное общество инвалидов» ҚБ, «Центр поддержки женщин Незабудка» ҚБ, «Женский луч» ҚБ, "Гражданский Альянс Казахстана" ЗТБ, "Институт Национальных и Международных Инициатив Развития" ҚҚ, "Лига женщин творческой инициативы" ҚБ және "Казахстанский центр общественного мониторинга международных договоров" ҚБ.

Заңнама департаментінің директоры А.К. Мұқанова Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдары мен заңдарына түзетулерді көздейтін заңдардың ережелерін түсіндірді.

Атап айтқанда, 2022 жылғы 7 ақпанда «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заң Парламент Мәжілісінде депутаттық мандаттарды бөлу кезінде «Саяси партиялар туралы» заңда белгіленетін квотаны есепке алудың міндеттілігі туралы нормамен толықтырылды.

Бұл тәсіл қоғамдағы әлеуметтік теңгерімсіздікті жоюға бағытталған және қазіргі заманғы сұраныстарға жауап береді. Бұл неғұрлым өзекті әлеуметтік проблемаларды шешуде азаматтардың неғұрлым кең санатының пікірін ескеруге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысының 2022 жылғы 16 наурыздағы «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» Жолдауын іске асыру үшін биліктің өкілді тармағын қайта қалыптастыру және сайлау жүйесін жетілдіру бөлігінде алдағы іс-шаралар туралы айтылды.

Жалпы конференцияға қатысушылар саяси партиядан Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттығына кандидаттар ұсыну кезінде енгізілген талаптар туралы, сондай-ақ Мемлекет басшысының бастамалары туралы оң пікір білдірді.

Өз кезегінде, «Молодежное общество инвалидов» ҚБ төрағасы М.У. Әбдімомынов, «Гражданский Альянс Казахстана» ЗТБ президенті  Б.Г. Нұрғазиева, «Ауыл» партиясының хатшысы А.А. Баққожаев қолданыстағы заңнама нормаларын жетілдіру бойынша ұсыныстар айтты.