
Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінің Әдеп жөніндегі уәкілі А.С. Сыдықова "Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексінің жаңа редакциясы және мемлекеттік қызметшілерге тәртіптік жаза қолдану қағидаларына енгізілген өзгерістер мен толықтырулар" тақырыбында семинар ұйымдастырды.
Семинар жұмысына Әділет министрлігінің Аппарат басшысы А.Е. Үмбеталиев, Министрліктің құрылымдық және аумақтық бөлімшелердің басшылары мен қызметкерлері, аумақтық әділет департаменттерінің әдеп жөніндегі уәкілдері, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі Агенттіктің өкілдері қатысты. Семинардың басты мақсаты - мемлекеттік қызметшілерге жаңа редакциядағы Әдеп кодексі бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу және мемлекеттік қызметшілерге тәртіптік жазалауды қолдану ережесіне енгізілген өзгерістерді талқылау.
Семинар барысында Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің басқарма басшысы А.Б. Шахмерденов мемлекеттік қызметшілерге Әдеп кодексіне толыққанды түсіндірме жүргізіп, сондай-ақ мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебінің стандарттарына кеңінен тоқталды.
Өз кезегінде, Әділет министрлігінің Әдеп жөніндегі уәкілі А.С. Сыдықова мемлекеттік қызметшілерге мемлекеттік қызметтің этикалық қағидаттарын түсіндіре отырып, мемлекеттік қызметшілердің санасын жаңғырту бағдарламасы аясында өткізілетін іс-шараларға тоқталды.