
Президентке Министрліктің 2021 жылы атқарған жұмысының нәтижелері мен 2022 жылға қойып отырған басым бағыттар жөнінде баяндалды. Ағымдағы жылы Парламентке 26 заң жобасын әзірлеп, енгізу жоспарланған.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа мемлекет мүддесін қазақстандық және халықаралық соттарда қорғауды қамтамасыз ету бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндалды. Қазір, министрлік 25 іс бойынша мемлекет мүддесін қорғау жұмыстарын жалғастыруда. Оның ішінде 14-і халықаралық арбитраждарда, 5-еуі шетелдік соттарда, 6 іс сотқа дейінгі өндірісте.
Сонымен қатар, Қанат Мусин сот актілерін орындау мен халыққа құқықтық көмек көрсету саласында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Министрдің айтуынша, 122 мыңнан астам азамат кепілдендірілген заң көмегін алған, оған 1 млрд 866 млн теңге бөлінген. Әлеуметтік жағынан осал 11 мыңнан астам азамат тегін заңгерлік көмек алды.
Президент Әділет министрлігінің 2022 жылға арналған жоспарымен танысқаннан кейін, жасалып жатқан нормативті-құқықтық актілердің сапалы орындалуын, сондай-ақ, азаматтардың құқығы мен бостандығын қамтамасыз ету жолында заңгерлік қызмет көрсетуге баса назар аударуды тапсырды.