2022 ж. 28 қаңтарда Мәскеу қаласында О.Е. Кутафин атындағы Мәскеу гуманитарлық заң университетінде "Жеке сот сараптамасының жай-күйі, мәселелері мен даму перспективалары" тақырыбындағы халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Конференцияның мақсаты посткеңестік кеңістіктегі жеке сот сараптамасы институтын дамыту саласында тәжірибе алмасу, проблемалық мәселелерді талқылау және оларды шешу жолдары болды. Конференция жұмысына Ресей, Болгария, Армения, Беларусь, Қазақстан, Өзбекстан, Украина елдерінен сот сараптамасы, криминалистика, қылмыстық процестік және азаматтық процестіік құқығы саласындағы 100-ден астам ғалымдар мен практиктер қатысты. Сот сараптамалары кафедрасының YouTube желісіндегі арнасында on-line режимінде конференцияға 400 тыңдаушы қосылды, олар чат арқылы сөз сөйлеушілерге сұрақтар қойды. Конференцияны Университеттің ғылыми жұмыстар жөніндегі проректоры профессор, з.ғ.д. Владимир Николаевич Синюков кіріспе сөзімен ашты, ол құқық қолдану практикасындағы арнайы білім рөлінің өсуін және конференция тақырыбын одан әрі дамытудың маңыздылығын атап өтті. Ертаева Гүлнар Жолаушиновна (ҚР ӘМ ССО ССҒЗИ директорының орынбасары), Парамонова Лада Федоровна (ҚР ӘМ ССО Павлодар облысы бойынша Сот сараптамалары институтының бас сарапшысы, з.ғ.к.,) "Қазақстанда жеке сот сараптамасы институтын дамыту: 2021 жылдың қорытындылары" тақырыбында баяндама жасады. Баяндамада Қазақстанда жүргізіліп жатқан және жеке сот сараптамасын одан әрі дамытуға бағытталған пилоттық жобалардың нәтижелері баяндалды. Сондай-ақ, әріптестер сот-сараптама қызметіне қатысты және қазіргі уақытта ҚР Парламенті Мәжілісінің қарауында жатқан заң жобасының новеллаларымен таныстырды. Конференция аяқталғаннан кейін конференцияға қатысушылар баяндамаларының электрондық жинағы шығарылады.