
Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында ҚР Әділет вице-министрі Алмат Мадалиев «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заңның және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер енгізу туралы» Заңның жобаларын ұсынды.
2020 жылғы мамырда «Саяси партиялар туралы» Заңға партиялық тізімдерде әйелдер мен жастар үшін 30% квота енгізу туралы өзгерістер енгізілді.
Сол кезден бастап саяси партиялар гендерлік теңдік және жастарды қолдау мәселелерін ілгерілетуде маңызды рөл атқара бастады.
Квоталау механизмі қоғам өмірінің проблемалық және сезімтал мәселелерін шешу кезінде пікірлердің алуан түрлілігін қамтамасыз ету үшін негіз бола алады.
Осы механизмді дамыту үшін Мемлекет басшысы өзінің 2021 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында ерекше қажеттіліктері бар адамдардың заңнамалық қызметке міндетті түрде қатысу қажеттілігін атап өтті.
Осы тапсырманы іске асыру мақсатында «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заңның және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер енгізу туралы» Заңның жобалары әзірленді.
Заң жобалары әйелдерге, жиырма тоғыз жасқа толмаған адамдарға және ерекше қажеттіліктері бар адамдарға арналған 30% квотаны Парламент Мәжілісінде депутаттық мандаттарды бөлу кезінде есепке алу қажеттігін бекітеді.
Заң жобаларының мақсаты биліктің өкілді тармағына аталған санаттағы азаматтардың қатысуын қамтамасыз ету және олардың пікірін ескеру, оларды мемлекеттің саяси өміріне белсенді жұмысқа тарту болып табылады.
Мемлекет басшысы атап өткендей: «Біз жаңа саяси мәдениет қалыптастырып жатырмыз. Түрлі көзқарас, бірақ біртұтас ұлт. Өзгенің пікірін құрметтеп, диалог жүргізу арқылы ғана еліміз ілгері жылжиды.».
Осыған байланысты аталған санаттардың белсенділігін арттыру әлеуметтік, экономикалық, саяси және мәдени мәселелерді терең талқылауын қамтамасыз етеді және азаматтық қоғамның тұрақтылығы мен орнықты дамуының факторы болып табылады.
Ұсынылып отырған заң жобаларын саяси партиялар кеңінен талқылады.
Олар жергілікті жерлердегі саяси партиялардың шектеулі ресурстарын ескере отырып, мәслихатқа сайлау кезінде осы квотаның «іске асырылуының қиындығы туралы» алаңдаушылық білдірді.
Бұл пікірді ескере отырып, заң жобалары депутаттық мандаттарды тек Парламент Мәжілісінде бөлу үшін квотаны көздейді.
Жалпы алғанда, саяси партиялар тарапынан заң жобалары тұжырымдамалық қолдау тапты (Ақжол, Жалпыұлттық социал-демократиялық партия, Nur Otan, ADAL, Ауыл, Қазақстанның Халық партиясы).
Сайлау – демократиялық дәстүрлерді дамытудың маңызды арнасы болып табылады. Ол азаматтарға сайланған билік институттарын құруға, мемлекеттік және қоғамдық өмірдің маңызды мәселелерін шешуге тікелей қатысуға мүмкіндік береді.
Қаралып отырған түзетулерді қабылдау еліміздің заң шығарушы органында халқымыздың әртүрлі санаттарының өкілдігін кеңейту үшін маңызды қадам болады.
Заң жобаларын қарау барысында Парламент Мәжілісінің депутаттары Қауіпсіздік Кеңесі мен Қазақстан халқы Ассамблеясы қызметінің мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге түзетулер енгізуге бастама жасады.
Өзгерістерге сәйкес Тұңғыш Президенттің Қазақстан Республикасы Парламенті мен оның палаталарының алдында, Республика Үкіметінің отырыстарында ел үшін маңызды мәселелерді талқылау кезінде сөз сөйлеу және Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің құрамына кіру құқығы бар.
Ұсынылып отырған заң жобаларының қабылдануы биліктің өкілді органын қалыптастырудың құқықтық механизмдерін жетілдіруге және қоғамның одан әрі әлеуметтік-экономикалық дамуында маңызды қадам болып табылады.