
22 маусымда Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің «Қазақстан Республикасында зияткерлік меншік құқықтарын қорғау саласындағы заңнаманы жетілдіру жөніндегі шаралар туралы» көшпелі отырысы дөңгелек үстел форматында өтті.
Отырыс ҚР Әділет министрлігінің «Ұлттық зияткерлік меншік институты» РМК-да өтті.
Отырыс жұмысына зияткерлік меншік мәселелері бойынша халықаралық және ұлттық сарапшылар, Еуразиялық патенттік ведомствоның (ЕАПВ) Президенті С.Я. Тлевлесова, Жоғарғы Сот жанындағы Сот төрелігі академиясының ректоры З.Х. Баймолдина, Жоғарғы Сот судьясы И.А. Калашникова, мемлекеттік органдардың өкілдері, «Астана» халықаралық қаржы орталығы, Назарбаев Университеті, КазГЮУ, Астана Хаб, Қазақстан Республикасының патенттік сенім білдірілген өкілдері және мүліктік құқықтарды басқарушы ұйымдар қатысты.
«Қазақстандағы зияткерлік меншік жүйесін жетілдіру» және «Жаһандық сын-қатерлер: зияткерлік меншік құқығына сұраныс» атты екі негізгі сессиядан тұратын іс-шара шеңберінде зияткерлік меншік құқықтарын сақтау және қорғаудың ұлттық жүйесі мәселелері, сондай-ақ халықаралық тәжірибенің өзекті үрдістері талқыланды.
Мәжіліс депутаты, Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Г.К. Бижанова зияткерлік меншік саласындағы заңнамалық бастамалар бойынша баяндама жасады.
Reed Smith 's IP, Tech & Data Group компаниясының серіктесі, патенттер бойынша сот талқылауларына, сондай-ақ зияткерлік меншік стратегиясына маманданған халықаралық сарапшы Джонатан Рэдклиф қазақстандық заңнаманы және зияткерлік меншік саласындағы халықаралық тәжірибені талдау нәтижелерімен бөлісті.
ЕАПВ өкілі А.В. Чебан еуразиялық кеңістікте дәрілік препараттарға қатысты патенттерге мәжбүрлі лицензия беру тетігін қолдану тәжірибесімен таныстырды.
Жоғарғы Соттың судьясы И.А. Калашникова зияткерлік меншік құқығы саласындағы даулар бойынша сот тәжірибесі туралы сұрақтарға жауап берді. Жоғарғы Сот жанындағы Сот төрелігі академиясының ректоры З.Х. Баймолдина Қазақстанда зияткерлік меншік саласындағы білім беруді дамыту перспективалары туралы пікірімен бөлісті.
Отандық ғалымдардың ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландырудың табысты мысалдары туралы «Ғылым қоры» АҚ басқарма төрағасы А.А. Орсариев айтып берді.
Белсенді талқылау барысында Қазақстанда зияткерлік меншік саласын одан әрі жетілдіру бойынша ұсынымдар айтылды, олар депутаттардың ұсыныстарында көрініс табады.