Әділет министрі жұмыс сапарымен Алматы облысына барды

Әділет министрі жұмыс сапарымен Алматы облысына барды

 

Бүгін Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің (ӘРПК) негізгі ережелерін түсіндіру мақсатында Әділет министрі М.Бекетаев жұмыс сапарымен Алматы облысына барды.

Сапар барысында Министр облыс әкімі А.Баталовпен, облыстық сот төрағасы Е.Әбдіқадыровпен, облыс прокуроры А.Жылқыбаев және «Азаматтарға арналған үкімет» МК» КЕ АҚ филиалының қызметкерлерімен кездесті. Кездесу барысында Министр биылғы жылдың 1 шілдесінен күшіне енетін ӘРПК негізгі ережелерін айтып өтті.

Министрдің айтуынша, Кодекс әкімшілік рәсімдер саласындағы қоғамдық қатынастарды реттеуге бағытталған. Одан басқа, ӘРПК мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін арттырады және мемлекеттік органдардың шешімдер қабылдау процесінде, сондай-ақ мемлекеттік органдармен дауларды жоғары тұрған органда және сотта қарау кезінде азаматтар мен заңды тұлғалардың құқықтарын қорғау кепілдіктерін бекітеді.

Жалпы аталған жаңашырлықтар сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің және сот жүйесіне түсетін жүктеменің төмендеуін және әкімшілік органдардың қабылдайтын шешімдерінің, оның ішінде азаматтардың өтініштерін қарау бойынша шешімдерінің сапасын арттырады.

Сонымен қатар, Министрдің айтуынша, бүгінгі таңда ӘРПК жағдайындағы жұмыс қағидаларына облыста орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың 6 мыңдай қызметкері оқытылды.

Көшпелі жұмыс күнінің аяғында, М.Бекетаев адвокаттар, нотариустар, заңгер кеңесшілер мен жеке сот орындаушылармен кездесті.