Мемлекет кепілдік беретін заң көмегінің көлемін 2 есе ұлғайту жоспарланып отыр

Мемлекет кепілдік беретін заң көмегінің көлемін 2 есе ұлғайту жоспарланып отыр

Бұл туралы ҚР Әділет министрі Марат Бекетаев халық алдында есеп беру барысында мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асыру мақсатында мемлекет кепілдік берген заң көмегін 2024 жылға дейін 2 есеге ұлғайту мәселесі пысықталуда.

 «Мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету сапасын арттыру мақсатында ағымдағы жылдың наурыз айынан бастап республика бойынша «Е-заң көмегі» Ақпараттық жүйесі пилоттық режимде енгізілді. Бүгінгі таңда тергеу органдары мемлекет кепілдік берген заң көмегі аясында 1042 адвокатты тағайындады», - деп хабарлады Марат Бекетаев.

Жобаны іске асыру адвокаттарды тағайындау және олардың еңбегін төлеу процесінің ашықтығын қамтамасыз етеді.