Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында адвокаттық қызмет және заң көмегі мәселелері бойынша заң жобалары қаралды

Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында адвокаттық қызмет және заң көмегі мәселелері бойынша заң жобалары қаралды

Ағымдағы жылдың 5 маусымында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне адвокаттық қызмет және заң көмегі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары екінші оқылымда қаралды.

Заң жобалары азаматтардың білікті заң көмегін алу конституциялық құқығын жүзеге асыру кезінде азаматтардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғауды күшейтуге, сондай-ақ оны қамтамасыз ету тетіктерін жетілдіруге бағытталған.

Атап айтқанда, халықтың әлеуметтік осал топтарына толық тегін заң көмегін көрсетуді көздейтін кешенді әлеуметтік қызметтер институты енгізілуде.

Адвокат мамандығына қол жеткізуге, бәсекелестікті арттыруға және олардың санын көбейтуге мүмкіндік беретін бастапқы нысаналы жарналарына тыйым салу көзделуде.

Заң қызметінің бәсекеге қабiлеттiлiгi мен сапасын арттыруға мүмкiндiк беретін, заң көмегін көрсететін тұлғалардың бiлiктiлiгiн жыл сайын мiндеттi түрде арттыру тетiгi енгiзiлетiн болады.

Нотариаттық палатаның және адвокаттар алқасының төрағаларының өкілеттігін бір адамның бір мерзімнен артық басқаруына шектеу қойылмақ, ол адвокаттық және нотариаттық қызметті басқарудың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, жеке практикамен айналысатын заңгерлердің құқықтық мәртебесі, құқықтары мен міндеттері заңды түрде бекітіледі. Сотта заң көмегін көрсететін, мүшелілік шартында кемінде 50 заң консультантын біріктіретін, заң консультанттарының палатасы түріндегі өзін-өзі реттейтін ұйым құрылады, бұл өз кезегінде заң көмегін көрсетудің бәсекеге қабілеттілігі мен сапасын арттырады.

Бұдан басқа, адвокаттар мен заң консультанттарының қызметін автоматтандыруға және оңтайландыруға мүмкіндік беретін «Құқықтық көмек» ақпараттық жүйесін енгізу ұсынылады.

Заң жобасында заң көмегін көрсетудің ашықтығын, әділдігін және сапасын арттыруды қамтамасыз ететін бірқатар басқа да ұсыныстар бар екенін атап өткен жөн.