
9 маусымда Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің, Қазақстан Республикасы Заңнама институтының бастамасымен және Астана қаласының «Алматы» аудыны әкімдігінің қолдауымен Бейбітшілік және Келісім Сарайы жанындағы Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Паркінде ғалым-заңгер, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстан Республикасының экс-әділет министрі Нағашыбай Аманғалиұлы Шайкеновтің құрметіне естелік-аллея ашылды. Іс-шара Қазақстан Республикасы Заңнама институтының 25 жылдығына орайластырылған.


Аллеяның салтанатты ашылуына Әділет министрі Марат Бекетаев, Әділет министрлігінің Жауапты хатшысы Данияр Айтмұхаметов, Мәжіліс депутаты Асылбек Смағұлов, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы Владимир Борисов, Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Зәуреш Баймолдина, Астана қаласы «Алматы» ауданының әкімі Әділбек Сәрсембаев, Заңнама институты директорының міндетін атқарушы Сәрпеков Рамазан, Заңнама институтының қызметкерлері, сондай-ақ Н.А. Шайкеновтің туыстары, достары мен әріптестері қатысты.
Естелік-аллея Заңнама институтының, Республикалық құқықтық ақпарат орталығының, мамандандырылған жоғары оқу орны - Қазақ мемлекеттік заң университетінің негізін қалаушы, Мемлекеттік құқықтық реформа бағдарламасының басты әзірлеушілерінің бірі, реформатор, белгілі қоғам қайраткері есімін мәңгі есте сақтайды.