
Бүгін «Қоғам және мемлекет: серіктестік пен дамудың 30 жылы #Birgemiz» атты Қазақстанның IX Азаматтық форумы аясында Әділет министрі онлайн форматта ҮЕҰ өкілдерімен салалық кездесу өткізді. Іс-шараға Әділет министрлігінің жанындағы қоғамдық кеңес мүшелері, қоғам белсенділері мен ҮЕҰ өкілдері қатысты.
Кездесу барысында Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің негізгі ережелері талқыланды.
«2021 жылдың 1 шілдесінен күшіне енетін Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс өте маңызды құжат және оны әзірлеуге Әділет министрлігімен қатар, Жоғарғы Сот және басқа да мемлекеттік орган өкілдері қатысты. Бүгінгі таңда Министрлікпен ауқымды дайындық және түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр», - деп атап өтті өз сөзінде Әділет министрі Марат Бекетаев.
Сондай-ақ, Заңнама департаментінің директоры А. Кенжеғалиев Кодекстің ережелерін әзірлеу түрлі алаңдарда сарапшылар және ғалымдармен талқыланып, Венециан комиссиясының оң бағасын алды деді.
Спикерлердің сөзінен кейін кездесу қатысушылары жаңа Кодекстің жекелеген нормаларын, ҮЕҰ тіркеу/қайта тіркеу және жою, сонымен қатар, атқарушылық іс жүргізу мәселелерін талқылады.
Кездесу қорытындысы бойынша Министрліктің азаматтық қоғаммен бірлескен сындарлы диалогқа әрқашан дайын екендігі айтылды.