Меню

Страницы

Статья

«Қазақстан Республикасындағы жүктілігі және босануы бойынша демалысқа, сондай-ақ босануға байланысты төлемдер мен жәрдемақыларға қатысты сұрақтар мен жауаптар»

 1. Баланың туылуына байланысты берілетін демалыстың қандай түрлері бар?

Жүкті әйелдерге, бала (балаларды) туған әйелдерге, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алған әйелдерге (еркектерге) баланың туылуына байланысты мынадай демалыстар беріледі:

1) жүктілікке және босануға байланысты демалыс;

2) жаңа туған баланы (балаларды) асырап алған жұмыскерлерге демалыс;

3) бала үш жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты жалақы сақталмайтын демалыс (ҚР 2015 жылғы 23 қарашадағы № 414-V Еңбек кодексінің 99-б. 1-т.).

                                                                                

2. Жүктілікке және босануға байланысты демалыстың қалай ресімделеді?

Жүкті әйел жүктілікке және босануға байланысты демалысқа құқық беретін еңбекке уақытша жарамсыздығы туралы парақта көрсетілген күннен бастап демалысты оның аталған түріне құқықты растайтын еңбекке уақытша жарамсыздығы туралы парағын ұсыну арқылы ресімдейді (ҚР 2015 жылғы 23 қарашадағы № 414-V Еңбек кодексінің 99-б. 2-т.).

 

3. Жүктілікке байланысты еңбекке жарамсыздық парағы қашан беріледі?

Жүктілік пен босану бойынша еңбекке уақытша жарамсыздық парағын немесе анықтамасын беру тәртібі:1) жүктілік пен босану бойынша еңбекке уақытша жарамсыздық парағын немесе анықтамасын медицина қызметкері (акушер-гинеколог дәрігер), ал ол болмаған жағдайда - жүктіліктің отызыншы аптасынан бастап ұзақтығы күнтізбелік жүз жиырма алты күнге қалыпты босанған жағдайда (босанғанға дейін күнтізбелік жетпіс күн және босанғаннан кейін күнтізбелік елу алты күн) ДКК қорытындысынан кейін бөлімше меңгерушісімен бірлесіп, дәрігер береді.

Ядролық сынақтардың әсеріне ұшыраған аумақтарда тұратын әйелдерге жүктілігі мен босануы бойынша еңбекке уақытша жарамсыздық парағы немесе анықтамасы қалыпты босанған жағдайда жиырма жеті аптадан бастап ұзақтығы күнтізбелік жүз жетпіс күнге беріледі қалыпты босанған жағдайда (босанғанға дейін күнтізбелік тоқсан бір күн және босанғаннан кейін күнтізбелік жетпіс тоғыз күн) беріледі. (ҚР Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 18 қарашадағы № ҚР ДСМ-198/2020 бұйрығымен бекітілген, Еңбекке уақытша жарамсыздыққа сараптама жүргізу, сондай-ақ еңбекке уақытша жарамсыздық парағын немесе анықтамасын беру қағидаларының 57-т.).

4. Жүктілікке және босануға байланысты демалыс ұзақтығы қандай?

Жүктілікке және босануға байланысты демалыс ұзақтығы:

  • қалыпты босанған кезде – босануға дейін күнтізбелік жетпіс күнге және босанғаннан кейін күнтізбелік елу алты күнге;
  • қиын босанған немесе екі және одан көп бала туған кезде – босануға дейін күнтізбелік жетпіс күнге және босанғаннан кейін күнтізбелік жетпіс күнге;
  • ядролық сынақтардың әсеріне ұшыраған аумақтарда тұратын әйелдерге қалыпты босанған кезде – босануға дейін күнтізбелік тоқсан бір күнге және босанғаннан кейін күнтізбелік жетпіс тоғыз күнге (қиын босанған немесе екі және одан көп бала туған жағдайда – күнтізбелік тоқсан үш күнге);
  • жүктіліктің жиырма екінші аптасынан жиырма тоғызыншы аптасына дейінгі мерзім кезінде босанған және дене салмағы бес жүз және одан артық грамм бала туып, ол жеті тәуліктен астам өмір сүрген жағдайда – босанғаннан кейін күнтізбелік жетпіс күнге;
  • жүктіліктің жиырма екінші аптасынан жиырма тоғызыншы аптасына дейінгі мерзім кезінде босанған және өлі шарана туған немесе дене салмағы бес жүз және одан артық грамм бала туып, ол өмірінің жетінші тәулігіне дейін шетінеп кеткен жағдайда – босанғаннан кейін күнтізбелік елу алты күнге;
  • ядролық сынақтардың әсеріне ұшыраған аумақтарда тұратын әйелдерге жүктіліктің жиырма екінші аптасынан жиырма тоғызыншы аптасына дейінгі мерзім кезінде босанған және дене салмағы бес жүз және одан артық грамм бала туып, ол жеті тәуліктен астам өмір сүрген жағдайда – босанғаннан кейін күнтізбелік тоқсан үш күнге;
  • ядролық сынақтардың әсеріне ұшыраған аумақтарда тұратын әйелдерге жүктіліктің жиырма екінші аптасынан жиырма тоғызыншы аптасына дейінгі мерзім кезінде босанған және өлі шарана туған немесе дене салмағы бес жүз және одан артық грамм бала туып, ол өмірінің жетінші тәулігіне дейін шетінеп кеткен жағдайда – босанғаннан кейін күнтізбелік жетпіс тоғыз күнге беріледі (ҚР 2015 жылғы 23 қарашадағы № 414-V Еңбек кодексінің 99-б. 2-т.).

 

5. Бала үш жасқа толғанға дейін бала күтімі жөніндегі қызметкерге жалақысы сақталмайтын демалысқа кім құқылы?

Жұмыс беруші жұмыскерге:

1) ата-анасының таңдауы бойынша – баланың анасына не әкесіне;

2) баланы жалғыз тәрбиелеп отырған ата-анаға;

3) ата-ананың қамқорлығынсыз қалған баланы іс жүзінде тәрбиелеп отырған басқа туысына не қамқоршысына;

4) жаңа туған баланы (балаларды) асырап алған жұмыскерге бала үш жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты жалақы сақталмайтын демалыс беруге міндетті (ҚР 2015 жылғы 23 қарашадағы № 414-V Еңбек кодексінің 100-б. 1-т.).

 

6. Үш жыл еңбек демалысында болу міндетті ме, егер қызметкер еңбек демалысынан мерзімінен бұрын шығып кетсе не болады?

Бала үш жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты жалақы сақталмайтын демалыс жұмыскердің жазбаша өтініші негізінде оның ұзақтығы көрсетіле отырып және баланың туу туралы куәлігі немесе баланың туу фактісін растайтын басқа құжат ұсыныла отырып беріледі.

Жұмыскер бала күтіміне байланысты демалысты бала үш жасқа толғанға дейін толық немесе бөліп пайдалана алады.

Бала үш жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты жалақы сақталмайтын демалыс аяқталғанға дейін жұмысқа шыққан жағдайда, жұмыскер жұмыс берушіні өзінің ниеті туралы жұмыс басталғанға дейін бір ай бұрын хабардар етуге міндетті (ҚР 2015 жылғы 23 қарашадағы № 414-V Еңбек кодексінің 100-б. 2,4-т.).

Сонымен қатар, бір жарым жасқа дейінгі балалары бар әйелдерге, бір жарым жасқа дейінгі балаларды анасыз тәрбиелеп отырған әкелерге (бала асырап алушыларға) баланы (балаларды) тамақтандыру үшін жұмыстың әрбір үш сағатынан сиретпей ұзақтығы мынадай:

1) бір баласы барларға – әрбір үзіліс кемінде отыз минут;

2) екі немесе одан көп баласы барларға – әрбір үзіліс кемінде бір сағат болатын қосымша үзілістер беріледі.

Осы баптың 3-тармағында көрсетілген жұмыскердің өтініші бойынша баланы (балаларды) тамақтандыруға арналған үзілістер тынығуға және тамақтануға арналған үзілістерге қосылады не жиынтық үзілістер жұмыс күнінің (ауысымның) басында немесе аяғында беріледі.

Баланы (балаларды) тамақтандыруға арналған үзілістер жұмыс уақытына қосылады. Үзілістер уақытында әйелдердің, әкелердің, бала асырап алушылардың орташа жалақысы сақталады (ҚР 2015 жылғы 23 қарашадағы № 414-V Еңбек кодексінің 82-б. 3-5-т.).

 

7. Жүктілікке және босануға байланысты демалыс еңбек өтіліне қосылады ма?

Жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысы берілген кезде: жұмыскер нақты жұмыс істемеген, бірақ оның жұмыс орны (лауазымы) мен жалақысы толық немесе ішінара сақталған уақыт, жұмыскер еңбекке уақытша қабілетсіздігіне байланысты нақты жұмыс істемеген уақыт, оның ішінде жүктілігіне және босануына байланысты демалыста болған уақыт еңбек өтіліне қосылады (ҚР 2015 жылғы 23 қарашадағы № 414-V Еңбек кодексінің 91-б. 2), 3)-т.).

Бала үш жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты жалақы сақталмайтын демалыс уақытында жұмыскердің жұмыс орны (лауазымы) сақталады (ҚР 2015 жылғы 23 қарашадағы № 414-V Еңбек кодексінің 100-б. 3-т.).

 

8. Жаңа туған баланы (балаларды) асырап алған адамдарға қандай демалыс беріледі?

Жаңа туған баланы (балаларды) асырап алған әйелдерге (еркектерге) баланың туылуына байланысты жаңа туған баланы (балаларды) асырап алған жұмыскерлерге демалыс беріледі (ҚР 2015 жылғы 23 қарашадағы № 414-V Еңбек кодексінің 99-б. 1-т.).

Жаңа туған баланы (балаларды) асырап алған жұмыскерлерге (ата-ананың біреуіне) баланы асырап алған күннен бастап және бала туған күннен бастап елу алты күн өткенге дейінгі кезеңге демалыс беріледі (ҚР 2015 жылғы 23 қарашадағы № 414-V Еңбек кодексінің 99-б. 3-т.).

 

9. Жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты табысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлемдерді тағайындау шарттары қандай?

Жүктiлiкке және босануға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты кірісінен айырылу жағдайларына арналған әлеуметтiк төлем қордан төленетін әлеуметтiк төлемдерді алуға құқығы бар мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру жүйесiне қатысушыға тағайындалады (ҚР 2019 жылғы 26 желтоқсандағы № 286-VІ «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» Заңының 23-б. 1-т.).

Мемлекеттік қызметті «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» акционерлік қоғамы және оның филиалдары (бұдан әрі - қор) жүзеге асырады. Мемлекеттік қызметтер көрсету тәсілдері: 1) «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы; 2) ұялы байланыстың абоненттік құрылғысы. Мемлекеттік қызмет көрсету мерзімі 8 (сегіз) жұмыс күні. Мемлекеттік қызмет көрсету үшін көрсетілетін қызметті алушы (немесе нотариат куәландырған сенімхат бойынша оның өкілі) Мемлекеттік корпорацияға жүгінген кезде нысан бойынша өтінішті және мынадай құжаттарды ұсынады:1) жеке басты куәландыратын құжат; 2) Байқоңыр қаласының тұрғындары үшін - Байқоңыр қаласы тұрғын үй шаруашылығының азаматтарды есепке алу және тіркеу жөніндегі бөлімінің анықтамасы); 3) жүктiлiкке және босануға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты берілген еңбекке уақытша жарамсыздық парағы (парақтары) (ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2020 жылғы 8 маусымдағы № 217 бұйрығымен бекітілген, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлемдерді тағайындау, мөлшерін есептеу (айқындау), қайта есептеу, тоқтата тұру, қайта бастау, тоқтату сондай-ақ олардың жүзеге асырылу қағидаларына 9-қосымша).

 

10. Жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға (жұмыс істейтін әйелдерге) байланысты табысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлемнің мөлшері қалай есептеледі?

Жүктiлiкке және босануға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты кірісінен айырылу жағдайларына арналған әлеуметтiк төлемнің мөлшерi әлеуметтік аударымдар есептелетін объект ретінде есепке алынған кірістің орташа айлық мөлшерін еңбекке қабілетсіздік күндері санының тиісті коэффициентіне көбейту жолымен айқындалады.

Әлеуметтiк аударымдар есептелетін объект ретiнде есепке алынған кірістің орташа айлық мөлшері әлеуметтік төлемге құқық басталған айдың алдындағы соңғы күнтізбелік он екі ай ішінде (осы кезеңде әлеуметтік аударымдарда үзілістердің болу-болмауына қарамастан) әлеуметтік аударымдар жүргізілген кірістердің сомасын он екіге бөлу жолымен айқындалады.

Әлеуметтік аударымдар есептелетін объект ретінде есепке алынған кірістің орташа айлық мөлшерін айқындау кезінде осы Заңның 20-бабы 4-тармағының үшінші және төртінші бөліктерінде көзделген ережелер ескеріледі.

Осы тармақтың бесінші бөлігінде көзделген жағдайды қоспағанда, «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 774-бабына сәйкес бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілер болып табылатын жеке тұлғалар үшін өзінен әлеуметтiк аударымдар жүргізілген әрбір айдағы кіріс тиiстi қаржы жылына республикалық бюджет туралы заңда белгiленген бiр ең төмен жалақы мөлшерінің деңгейiнде қабылданады.

Сол бір кезең үшін жұмыс берушіден және Салық кодексінің 774-бабына сәйкес бірыңғай жиынтық төлемді төлеуші болып табылатын жеке тұлғадан әлеуметтік аударымдар келіп түскен жағдайда, жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты кірісінен айырылу жағдайларына арналған әлеуметтік төлемді есептеу кезінде Салық кодексінің 774-бабына сәйкес бірыңғай жиынтық төлемді төлеуші болып табылатын жеке тұлғаның кірісі қорға әлеуметтік аударымдар жүргізілген кіріс деңгейінде қабылданады.

Еңбекке қабілетсіздік күндері санының коэффициенті жүктілікке және босануға, сондай-ақ жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты еңбекке уақытша қабілетсіздік туралы парақ берілген күндер санын күнтізбелік отыз күнге бөлу жолымен айқындалады (ҚР 2019 жылғы 26 желтоқсандағы № 286-VІ «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» Заңының 23-б. 3-т.).

Жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуына байланысты кірісінен айырылу жағдайларына төленетін әлеуметтік төлемдердің мөлшерін есептеу кезінде орташа айлық кіріс мөлшері әлеуметтік төлемге құқық басталған айдың алдындағы соңғы күнтізбелік он екі ай ішінде әлеуметтік аударымдар жүргізілген (осы кезеңде әлеуметтік аударымдарда үзілістердің болу-болмауына қарамастан) кіріс сомасын он екіге бөлу арқылы мынадай формула бойынша айқындалады:

      ОАКәтжб = (АК1 + АК2 +АК3...... + АК24) / 12, мұндағы:

      ОАКәтжб -міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушының орташа айлық кірісі;

      АК - әлеуметтік аударымдарды есептеу объектісі ретінде ескерілген ай сайынғы кіріс.

      АК - Салық кодексінің 774-бабына сәйкес бірыңғай жиынтық төлемді төлеуші болып табылатын жеке тұлғалар үшін осы Қағидалардың 37, 41 және 51-тармақтарына сәйкес айқындалады (ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2020 жылғы 8 маусымдағы № 217 бұйрығымен бекітілген, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлемдерді тағайындау, мөлшерін есептеу (айқындау), қайта есептеу, тоқтата тұру, қайта бастау, тоқтату сондай-ақ олардың жүзеге асырылу қағидаларының 43-т.).

Жүктiлiкке және босануға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты кірісінен айырылу жағдайларына арналған әлеуметтiк төлемнің мөлшерi әлеуметтік аударымдарды есептеу объектісі ретінде ескерілген кірістің орташа айлық мөлшерін еңбекке қабілетсіздік күндері санының тиісті коэффициентіне көбейту жолымен мынадай формула бойынша айқындалады:

ӘТ жб = ОАК әтжб х ЕСК, мұндағы:

 ӘТ жб – жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты табысынан айырылу жағдайларына төленетін әлеуметтік төлем;

ОАК әтжб – осы Қағидалардың 42, 43-1-тармақтарына сәйкес айқындалатын міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушының орташа айлық кірісі;

ЕСК еңбекке жарамсыздық күндері санының коэффициенті.

Еңбекке жарамсыздық күндері санының коэффициенті жүктілікке және босану, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты еңбекке уақытша жарамсыздық парағы берілген күндер санын күнтізбелік отыз күнге бөлу арқылы айқындалады.

 Бұл ретте, еңбекке жарамсыздық күндері санының коэффициентінің мәні дөңгелектеудің арифметикалық әдісін қолдану жолымен үтірден кейін бір белгіге дейін дөңгелектенеді (үтірден кейінгі 5-ке дейінгі екінші белгі 0-ге дейін, 5-тен және одан жоғары болса 1-ге дейін дөңгелектенеді) (ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2020 жылғы 8 маусымдағы № 217 бұйрығымен бекітілген, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлемдерді тағайындау, мөлшерін есептеу (айқындау), қайта есептеу, тоқтата тұру, қайта бастау, тоқтату сондай-ақ олардың жүзеге асырылу қағидаларының 49-т.).

 

11. Бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты табысынан айырылу жағдайына арналған әлеуметтік төлемді тағайындау шарттары қандай?

Бала бiр жасқа толғанға дейiн оның күтiмiне байланысты кірісінен айырылу жағдайына арналған әлеуметтiк төлем балаға (балаларға) күтімді жүзеге асыратын және қордан төленетін әлеуметтiк төлемдерді алуға құқығы бар мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру жүйесiне қатысушыға тағайындалады.

Бұл ретте, егер балаға күтімді міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің бірнеше қатысушысы жүзеге асыратын болса, бала бiр жасқа толғанға дейiн оның күтiмiне байланысты кірісінен айырылу жағдайына арналған әлеуметтiк төлем көрсетілген адамдардың біреуіне ғана тағайындалады (ҚР 2019 жылғы 26 желтоқсандағы № 286-VІ «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» Заңының 24-б. 1-т.).

Мемлекеттік қызметті «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» акционерлік қоғамы және оның филиалдары (бұдан әрі - қор) жүзеге асырады.  Мемлекеттік қызметтер көрсету тәсілдері: 1) «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы; 2) ұялы байланыстың абоненттік құрылғысы;    3) ұялы байланыстың абоненттік құрылғысы. Мемлекеттік қызмет көрсету мерзімі   8 (сегіз) жұмыс күні. Мемлекеттік қызмет көрсету үшін көрсетілетін қызметті алушы (немесе нотариат куәландырған сенімхат бойынша оның өкілі) Мемлекеттік корпорацияға жүгінген кезде нысан бойынша өтінішті және мынадай құжаттарды ұсынады: 1) жеке басты куәландыратын құжат;    2) Байқоңыр қаласының тұрғындары үшін – Байқоңыр қаласы тұрғын үй шаруашылығының азаматтарды есепке алу және тіркеу жөніндегі бөлімінің анықтамасы; 3) баланың (балалардың) тууы туралы куәлігі (куәліктері) (не туу туралы азаматтық хал актілерінің жазбаларынан мәліметтерді қамтитын анықтама) – салыстырып сәйкестендіру үшін; Қажет болған жағдайда (олардың болуына қарай): 1) консулдық легализациясы не арнайы штампы (апостилы) (бар болса) болған кезде шет мемлекеттердің құзырлы органдары берген баланың Қазақстан Республикасынан тыс жерде тууын тіркеуді растайтын құжат; 2) сәйкестендіру үшін Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде берілген баланың (балалардың) қайтыс болуы туралы куәлік (куәліктер) (не қайтыс болу туралы азаматтық хал актілері жазбаларынан мәліметтерді қамтитын анықтамалар); 3) бір жасқа дейінгі баланы (балаларды) асырап алған кезде – қамқоршылық және қорғаншылық бойынша қызметті жүзеге асыратын орган берген баланы (балаларды) асырап алу туралы сот шешімінен үзінді көшірме; 4) қамқоршылық (қорғаншылық) белгіленген кезде балаға қамқорлық (қорғаншылық) белгіленгенін растайтын құжат (ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2020 жылғы 8 маусымдағы № 217 бұйрығымен бекітілген, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлемдерді тағайындау, мөлшерін есептеу (айқындау), қайта есептеу, тоқтата тұру, қайта бастау, тоқтату сондай-ақ олардың жүзеге асырылу қағидаларына 10-қосымша).

 

12. Бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты табысынан айырылу жағдайына арналған әлеуметтік төлемнің мөлшері қалай есептеледі?

Бала бiр жасқа толғанға дейiн оның күтiмiне байланысты кірісінен айырылу жағдайына арналған ай сайынғы әлеуметтiк төлемдер әлеуметтік аударымдар есептелетін объект ретінде есепке алынған кірістің орташа айлық мөлшерiн кірісті ауыстыру коэффициентiне көбейту жолымен айқындалады.

Бұл ретте, кірісті ауыстыру коэффициенті 0,4-ті құрайды, ал әлеуметтік аударымдар есептелетін объект ретінде есепке алынған кірістің орташа айлық мөлшері осы Заңның 20-бабы 4-тармағының екінші, үшінші және төртінші бөліктеріне сәйкес айқындалады.

Осы тармақтың төртінші бөлігінде көзделген жағдайды қоспағанда, «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 774-бабына сәйкес бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілер болып табылатын жеке тұлғалар үшін өзінен әлеуметтiк аударымдар жүргізілген әрбір айдағы кіріс тиiстi қаржы жылына республикалық бюджет туралы заңда белгiленген бiр ең төмен жалақы мөлшерінің деңгейiнде қабылданады.

Сол бір кезең үшін жұмыс берушіден және Салық кодексінің 774-бабына сәйкес бірыңғай жиынтық төлемді төлеуші болып табылатын жеке тұлғадан әлеуметтік аударымдар келіп түскен жағдайда, бала бiр жасқа толғанға дейiн оның күтiмiне байланысты кірісінен айырылу жағдайына арналған әлеуметтік төлемді есептеу кезінде Салық кодексінің 774-бабына сәйкес бірыңғай жиынтық төлемді төлеуші болып табылатын жеке тұлғаның кірісі қорға әлеуметтік аударымдар жүргізілген кіріс деңгейінде қабылданады.

Бала бiр жасқа толғанға дейiн оның күтiмiне байланысты кірісінен айырылу жағдайына арналған әлеуметтік төлемнің мөлшері осы Заңның 26-бабына сәйкес ұстап қалуға жататын міндетті зейнетақы жарналары қосымша есептеле отырып, «Балалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес баланың туу кезектілігіне қарай белгіленген, бала бір жасқа толғанға дейін оның күтімі бойынша тағайындалатын және төленетін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы мөлшерінен кем болмайды.

Бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты кірісінен айырылу жағдайына арналған әлеуметтік төлемнің ең жоғары мөлшері әлеуметтік төлемге құқық туындаған күнге республикалық бюджет туралы заңда белгіленген ең төмен жалақының 7 еселенген мөлшерінің 40 пайызынан аспауға тиіс (ҚР 2019 жылғы 26 желтоқсандағы № 286-VІ «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» Заңының 24-б. 4-т.).

Еңбекке қабілеттіліктен айырылу, асыраушысынан айырылу, жұмысынан айырылу және бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты кірісінен айырылу жағдайларына төленетін әлеуметтік төлемдердің мөлшерін есептеу кезінде әлеуметтік аударымдарды есептеу объектісі ретінде ескерілген орташа айлық кіріс мөлшері әлеуметтік төлемге құқық басталған айдың алдындағы соңғы күнтізбелік жиырма төрт ай ішінде әлеуметтік аударымдар жүргізілген (осы кезеңде әлеуметтік аударымдарда үзілістердің болу-болмауына қарамастан) кіріс сомасын жиырма төртке бөлу арқылы мынадай формула бойынша айқындалады:

 ОАК = (АК1 + АК2 + АК3...... + АК24) / 24, мұндағы:

ОАК - міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушының орташа айлық кірісі;

АК - әлеуметтік аударымдарды есептеу объектісі ретінде ескерілген ай сайынғы табыс.

Салық кодексінің 774-бабына сәйкес бірыңғай жиынтық төлемді төлеуші болып табылатын жеке тұлғалар үшін АК осы Қағидалардың 37, 41 және 51-тармақтарына сәйкес айқындалады.

  Бұл ретте Заңның 22-бабының 1-тармағының екінші бөлігіне сәйкес жұмысынан айырылу жағдайына төленетін әлеуметтік төлем мөлшерін есептеу кезінде Салық кодексінің 774-бабына сәйкес бірыңғай жиынтық төлемді төлеуші болып табылатын жеке тұлғалардың табыстары есепке алынбайды (ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2020 жылғы 8 маусымдағы № 217 бұйрығымен бекітілген, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлемдерді тағайындау, мөлшерін есептеу (айқындау), қайта есептеу, тоқтата тұру, қайта бастау, тоқтату сондай-ақ олардың жүзеге асырылу қағидаларының 42-т.).

Бала бiр жасқа толғанға дейiн оның күтiмiне байланысты кірісінен айырылу жағдайына арналған ай сайынғы әлеуметтiк төлемдер әлеуметтік аударымдарды есептеу объектісі ретінде ескерілген кірістің орташа айлық мөлшерiн кірісті алмастыру коэффициентiне көбейту арқылы мынадай формула бойынша айқындалады:

ӘТбк = ОАК х КАК, мұндағы:

ӘТбк – бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты табысынан айырылу жағдайына төленетін әлеуметтік төлем;

ОАК – ол үшін әлеуметтік аударымдар жүргізілген міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушының орташа айлық кірісі;

КАК – кірісті алмастыру коэффициенті.

 КАК 0,4-ті құрайды (ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2020 жылғы 8 маусымдағы № 217 бұйрығымен бекітілген, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлемдерді тағайындау, мөлшерін есептеу (айқындау), қайта есептеу, тоқтата тұру, қайта бастау, тоқтату сондай-ақ олардың жүзеге асырылу қағидаларының 52-т.).

 

13. Баланың тууылуына және бала күтіміне байланысты жәрдемақы тағайындау шарттары қандай?

Туған, асырап алған, сондай-ақ қорғаншылыққа (қамқоршылыққа) алған балалары бар отбасылардың:

1) бала туғанда берілетін жәрдемақы;

2) мынадай жағдайларда:

  • бала күтімін жүзеге асыратын адам міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушы болып табылмайтын;
  • 2008 жылғы 1 қаңтарға дейін туған баланың күтімін жүзеге асыратын адам міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушы болып табылатын жағдайларда бала күтімі жөніндегі жәрдемақы (ҚР 2005 жылғы 28 маусымдағы № 63 «Балалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар туралы» Заңының 4-б. 1-т.).

Мемлекеттік қызметті Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің аумақтық бөлімшелері (бұдан әрі – көрсетілетін қызметті беруші) жүзеге асырады. Мемлекеттік қызметті ұсыну тәсілдері: 1) «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы (бұдан әрі – Мемлекеттік корпорация); 2) www.egov.kz «электрондық үкімет» веб-порталы (бұдан әрі – портал); 3) ұялы байланыстың абоненттік құрылғысы. Мемлекеттік қызмет көрсету мерзімі: 1) порталға, Мемлекеттік корпорацияға немесе проактивті қызмет арқылы жүгінген кезде – құжаттар топтамасын Мемлекеттік корпорацияда тіркеген сәттен бастап – 7 (жеті) жұмыс күні. Мемлекеттік корпорацияға мемлекеттік қызметті көрсету үшін өтініш берген кезде көрсетілетін қызметті алушы (немесе нотариус немесе нотариаттық іс-әрекеттер жасайтын лауазымды адам куәландырған сенімхат бойынша оның өкілі) нысан бойынша бала туғанда берілетін жәрдемақыны және (немесе) бала күтімі бойынша жәрдемақыны тағайындау үшін өтінішті және мынадай құжаттарды ұсынады: 1) өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжат – сәйкестендіру үшін, 2) баланың (балалардың) туу туралы куәлігі (куәліктері) (азаматтық хал актілерін жазу органдары берген туу туралы актілік жазбадан үзінді көшірме немесе азаматтық хал актілерін тіркеу туралы анықтама) (ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 5 мамырдағы № 319 бұйрығымен бекітілген, Балалы отбасыларға мемлекеттік жәрдемақы тағайындау және төлеу қағидаларына 1-1-қосымша).

 

14. Баланың туылуына байланысты біржолғы төлем, 1 жылға дейін (жұмыссыздарға) бала күтіміне байланысты ай сайынғы жәрдемақы қандай мөлшерде беріледі?

Жәрдемақылар мынадай мөлшерде белгіленеді:

1) бала туғанда берілетін жәрдемақы:

  • бірінші, екінші, үшінші балаға – 38,0 айлық есептік көрсеткіш;
  • төртінші және одан кейінгі балаларға – 63,0 айлық есептік көрсеткіш;

2) бала күтімі жөніндегі жәрдемақы:

  • бірінші балаға – 5,76 айлық есептік көрсеткіш;
  • екінші балаға – 6,81 айлық есептік көрсеткіш;
  • үшінші балаға – 7,85 айлық есептік көрсеткіш;
  • төртінші және одан кейінгі балаларға – 8,90 айлық есептік көрсеткіш (ҚР 2005 жылғы 28 маусымдағы № 63 «Балалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар туралы» Заңының 10-б. 1-т.).
Дата публикации
13 октября 2022
Дата обновления
13 октября 2022
Тип
Ақпарат

Сейчас читают

Талдамалық мақала
14 сентября 2026
Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне бейім лауазымдар тізбесі «Ұлттық зияткерлік меншік институты» РМК
Мақалалар
31 июля 2026
Атқарушылық іс жүргізуді цифрландыру – ашықтыққа және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге бастайтын жол
Мақалалар
22 июля 2026
Қазақстан Республикасындағы географиялық нұсқамалар

Социальные медиа

Facebook
YouTube

Меню подвал

ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы