Жануарларға деген көзқарас кез келген мемлекеттің өркениеттік өлшемі болғандықтан, жануарларды қорғау туралы заңнаманың қажеттілігін Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: Іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында атап өтті.
Осылайша, 2021 жылы 30 желтоқсанда Президент жануарларды қорғау, қауіпсіздігін қамтамасыз ету, оларға қатынас жасау барысында қоғамның адамгершілік қағидаттарын нығайту және сақтау, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мақсатында жануарларға жауапкершілікпен қарау саласындағы қоғамдық қатынастарды реттеу үшін «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» ҚР Заңына қол қойды
Төменде жануарларға жауапты қарау саласындағы ең өзекті мәселелерді қарастыратын боламыз.
1. Жануарларға жауапкершілікпен қарауды реттеудің негізгі принциптері қандай?
Мыналар:
1) жануарларға ауырсыну мен физикалық қиналуды сезіне алатын тіршілік иесі ретінде қарау;
2) жануардың тіршілігі, саулығы мен амандығы үшін иесінің дербес жауапты болуы;
3) жануарларды қатыгездікпен қараудан қорғау;
4) халықты жануарларға адамгершілікпен және ізгілікпен қарауға тәрбиелеу жануарларға жауапкершілікпен қарауды реттеу қағидаттары болып табылады (Қазақстан Республикасының 2021 жылғы 30 желтоқсандағы № 97 «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заңының 3-бабы).
2. Жануарларды ұстау кезінде қандай әрекеттерге тыйым салынады?
Жануарларға қарау кезінде:
1) жануардың өлуіне, мертігуіне немесе саулығына өзге де зиян келтіруге алып келген немесе алып келуі мүмкін жануарды ұрып-соғуға, азаптауға, оның ішінде аштықпен, шөлмен азаптауға және жануарды бөлшектеу, өртеу, суға батыру, тұншықтыру, өлімші етіп ұру арқылы өзге де зорлық-зомбылық әрекеттеріне;
2) ауырсынуды басатын препараттар мен анестетиктерді қолдану жануардың саулығына зиян келтіруі мүмкін болатын жағдайларды қоспағанда, жануарларға ауырсынуды басуды немесе анестезияны қолдану көрсетілген ветеринариялық және өзге де емшараларды тиісті заттарды міндетті түрде қолданбай жүргізуге;
3) бұзақылық пиғылмен не қызметтік міндеттерді атқаруға немесе Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылатын аң аулауға байланысты емес мақсаттарда жануарларды адамға және (немесе) басқа жануарларға айтақтауға;
4) жануарлар және (немесе) олардың ұрпағы жануарларға арналған панажайларға орналастырылғанға немесе өзге де заңды тәсілмен иеліктен шығарылғанға дейін жануарлар иелерінің немесе жауапты адамдардың оларды ұстау жөніндегі міндеттерін орындаудан бас тартуына;
5) егер жануар иесінде және (немесе) жауапты адамда тіршілігі мен саулығы үшін қауіпті жай-күйдегі жануарға көмек көрсету мүмкіндігі болса немесе өздері оны тіршілігі мен саулығы үшін қауіпті жай-күйге түсірсе, жануарға бұл адамдардың көмек көрсетпеуіне;
6) жануарлар төбелесін ұйымдастыруға және өткізуге;
7) «Дене шынықтыру және спорт туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жануарлар пайдаланылатын ұлттық спорт түрлері бойынша спорттық іс-шараларды қоспағанда, жануардың мертігуіне немесе саулығына өзге де зиян келтірілуіне не жануарлардың өліміне алып келетін ойын-сауық іс-шараларын ұйымдастыруға және өткізуге;
8) жануардың мертігуіне немесе саулығына өзге де зиян келтірілуіне не жануардың өліміне алып келетін мүкәммалды және өзге де құрал-жабдықты пайдалануға;
9) иттер мен мысықтарды тамаққа пайдалану, сою немесе мертіктіру немесе саулығына өзге де зиян келтіру арқылы осындай жануарлардан өнім мен шикізат алу үшін оларды өсіруге, ұстауға, пайдалануға, сондай-ақ мысықтар мен иттердің жүнін тарау тәсілімен алуды қоспағанда, осындай өнімді өткізуге;
10) ветеринариялық дәрігер болып табылмайтын адамның эвтаназиялауды жүргізуіне;
11) үй жануарларын және жабайы жануарларды ғылыми мақсаттарда будандастыруды қоспағанда, оларды шағылыстыруға тыйым салынады (Қазақстан Республикасының 2021 жылғы 30 желтоқсандағы № 97 «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заңының 4-бабының 2-тармағы).
3. Қандай әрекеттер жануарларға қатыгездікпен қарау болып табылмайды?
Мыналар:
1) жануар адамға және (немесе) жануарға шабуыл жасаған жағдайда және жануар адамның, жануарлардың өміріне немесе саулығына, сондай-ақ қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікке қатер төндіретін өзге де жағдайларда жануарға қарау;
2) дератизациялау;
3) жануарларды еріксіз және (немесе) жартылай ерікті жағдайларда ұсталатын басқа жануарларды қоректендіру үшін пайдалану;
4) осы Заңның және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінің талаптарына сәйкес жүзеге асырылатын аң аулау, балық аулау немесе балық шаруашылығын жүргізу, жабайы жануарлардың санын реттеу, ауыл шаруашылығы жануарларын сою, ветеринариялық іс-шаралар, эвтаназиялау;
5) Қазақстан Республикасында тіркелген діни бірлестіктердің дін ұстанушылары діни жораларды өткізу кезінде, егер бұл олардың діни ілімінде көзделсе, жануарларды сою жануарларға қатыгездікпен қарау болып табылмайды (Қазақстан Республикасының 2021 жылғы 30 желтоқсандағы № 97 «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заңының 4-бабының 4-тармағы).
4. Тұрғын үйлерде қандай жануарларды ұстауға тыйым салынады?
Сарышаян: барлық жуанқұйрықты сарышаяндар түрлері, барлық «өлім аңшылары» тұқымдас сарышаяндар түрлері, барлық ағаш сарышаяндар түрлері, барлық бразилдік сары сарышаяндар түрлері, барлық индиялық қызыл сарышаяндар түрлері, барлық гемисарышаян түрлері;
Өрмекшітәрізділер: атракстардың барлық түрлері, миссулендердің барлық түрлері, шұңқырлы өрмекшілердің барлық түрлері, өрмекшілердің барлық түрлері «кездейсоқ өрмекшілер», алты көзді құм өрмекшілерінің барлық түрлері, дуана өрмекшілердің барлық түрлері, қарақұрт;
Бауырымен жорғалаушылар: барлық кобралар түрлері, барлық мамб түрлері, барлық тайпан түрлері, бумсланг (ағаш түб), барлық шарап жыландары түрлері, алқалы улы сұр жылан, құмды эфа, габондық улы сұр жылан, қара сұр жылан, сылдырмақты жолбарыс жылан, сылдырмақты техас жыланы, ромбалы сылдырмақты жылан, қорқынышты сылдырмақты жылан, қайсақ, жарарака;
Кесірткелер: утісті, комодо кесірткесі;
Қолтырауындар: крокодил кайманынан, түтіккен -қолтырауыннан, кең тұмсықты кайманнан, тегіс қайманнан басқа қолтырауындардың барлық түрлері;
Сүтқоректілер:
Жыртқыш: аюлар, арыстан, қаблан, ягуар, қара қаблан, кәдімгі сілеусін, қасқыр кәдімгі, кәдімгі түлкі, аң фермасын қоспағанда, қорқау қасқыр, балжегіштердің барлық түрлері, құну;
Маймылдар: гиббондар, гоминидтар, жұқаденелі маймылдар, макаккалардың барлық түрлері, явандық макакадан басқа, павиандардың барлық түрлері, мангабейлердің барлық түрлері, түкті маймылдардың барлық түрлері, жылауық маймылдардың барлық түрлері, өрмекшітәрізді маймылдардың барлық түрлері, сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген жануарлар барлық түрлері (Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрі 2022 жылғы 24 наурыздағы № 85 «Тұрғынжайларда ұстауға тыйым салынған жануарлардың тізбесін және жануар иесінің ерекше жауапкершілігін талап ететін үй жануарларының тізбесін бекіту туралы» Бұйрығына 1 қосымша).
5. Қандай үй жануарлары иесінің ерекше жауапкершілігін талап етеді?
Иесінің ерекше жауапкершілігін талап ететін үй жануарлары Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің 2022 жылғы 24 наурыздағы №85 бұйрығымен бекітілген тізбеде көрсетілген.
Оларға иттердің белгілі тұқымдары жатады: (американдық бульдог, далматин, доберман, кавказ овчаркасы, кане корсо, неміс догі, ньюфаундленд, хаски, чау-чау, шарпей, ит тұқымдарының буданы және ірі тұқымды иттер (биіктігі 56 см-ден жоғары және салмағы 30 кг-нан асады), сондай-ақ, мысық тұқымдасының жабайы түрлері мен үй мысықтарының будандары (каракал, орман және дала мысықтары, сервал, сілеусін және т. б.). (Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрі 2022 жылғы 24 наурыздағы № 85 «Тұрғынжайларда ұстауға тыйым салынған жануарлардың тізбесін және жануар иесінің ерекше жауапкершілігін талап ететін үй жануарларының тізбесін бекіту туралы» Бұйрығына 2 қосымша).
6. Үй жануарларын тіркеу міндетті ме?
Есепке алынуға тиіс үй жануарлары тізбесіне енгізілген, жеке және заңды тұлғаларға меншік құқығымен және өзге де заттық құқықтармен тиесілі, оның ішінде жануарларға арналған панажайлардағы, жануарларды уақытша ұстау пункттеріндегі, жануарларға арналған оңалту орталықтарындағы, зоологиялық питомниктердегі үй жануарлары міндетті есепке алынуға, жануар иесі ауысқан жағдайда үй жануарларын есепке алу қағидаларында көзделген дерекқорда міндетті қайта есепке алынуға жатады.
Үй жануарларын есепке алуды облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары құрған мемлекеттік ветеринариялық ұйымдар, ветеринария саласындағы емдеу-профилактикалық кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке немесе мемлекеттік емес заңды тұлғалар жүзеге асырады (Қазақстан Республикасының 2021 жылғы 30 желтоқсандағы № 97 «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заңының 11-бабының 1,2-тармақтары).
7. Үй жануарларын ұстау және серуендету ережелері бар ма?
Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті өкілді органдары жануарларға жауапкершілікпен қарау саласында үй жануарларын ұстау және серуендету қағидаларын бекітеді (Қазақстан Республикасының 2021 жылғы 30 желтоқсандағы № 97 «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заңының 8-бабының 2) тармақшасы).
Әрбір облыста және республикалық маңызы бар қалада мәслихат иттер мен мысықтарды ұстау және серуендету қағидаларын бекітеді.
Мысалы, «Астана қаласында иттер мен мысықтарды асырау және серуендету Қағидалары» Астана қаласы мәслихатының 2015 жылғы 23 желтоқсандағы № 447/62-V шешімімен бекітілген, осы Қағидалар иттер мен мысықтарды тіркеу, ұстау, серуендету тәртібін, сондай-ақ иттер мен мысықтардың иелеріне қажетті талаптарды реттейді.
8. Нұрсұлтан қаласында иттер мен мысықтарды тіркеудің тәртібі қандай?
Астана қаласының аумағында тұратын барлық иттер мен мысықтар иттер мен мысықтардың бірыңғай бірдейлендіру базасына міндетті тіркеуге жатады.
Тіркеу мамандандырылған ұйымда немесе ветеринарлық емханаларда жүргізіледі.
Тіркеуші орган тіркелген үй жануарлары мен олардың иелері туралы ақпаратты иттер мен мысықтардың бірыңғай бірдейлендіру базасына енгізеді.
Иттерді және/немесе мысықтарды тіркеу кезінде иесіне ветеринарлық паспорт беріледі; егер тіркеу кезінде жануардың ветеринарлық паспорты болса, жаңа ветеринарлық паспорт беру рәсімі міндетті болып табылмайды.
Тіркеу кезінде жануар иесінің төлемі есебінен тіркеуші органмен жануарға сәйкестендіру микрочипі енгізіледі немесе жануарда белгі немесе чип болмаса, таңба ретінде денеге нөмір (белгі) басылады. Чип енгізу және/немесе белгі салу рәсімдері ұсынымдық сипатқа ие.
Иттерді және/немесе мысықтарды тіркеу немесе қайта тіркеу кезінде иелері мынадай:
1) иесінің жеке басын куәландыратын құжатта қамтылған ақпарат;
2) иесінің жеке сәйкестендіру нөмірі;
3) иесінің нақты тұрғылықты мекен-жайы;
4) иесінің байланыс нөмірі;
5) жануардың лақап аты, жынысы, туылған күні, түсі, тұқымы;
6) қажет болғанда, егер мұндай бар болса, жануардың шығу тегінің нөмірі туралы ақпаратты ұсынады.
Иттің және/немесе мысықтың иесі тіркеуші органға Астана қаласының жануарларды бірыңғай бірдейлендіру базасынан тіркеуден шығару үшін немесе қайта тіркеу үшін жануардың әкетілуі (сатылу, жоғалу, көшу, басқа бір адамға тапсырылу) туралы хабарлауға міндетті.
Тіркеу рәсімін және чип енгізу рәсімін мамандандырылған ұйым және ветеринарлық тіркеу куәлігін алған ветеринарлық емханалар жүргізеді.
Үй жануарын жансыздандыру (эвтаназия) кезінде немесе өліп қалған жағдайда ветеринарлық паспорт бұрын жануар тіркелген ұйымға тапсыруға жатады (Астана қаласы мәслихатының 2015 жылғы 23 желтоқсандағы № 447/62-V «Астана қаласында иттер мен мысықтарды ұстау және серуендету қағидалары туралы» шешімінің 2 бөлімі).
9. Жануар иесінің міндеттері қандай?
Жануардың иесі немесе жауапты адам:
1) ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) қағидалардың, ветеринариялық және гигиеналық нормативтердің талаптарын сақтауға;
2) үй жануарларын есепке алу қағидаларына сәйкес үй жануарларын есепке алуды жүргізуге;
3) басқа адамдардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін бұзбай, үй жануарларына жауапкершілікпен қарауды жүзеге асыруға;
4) адамның және (немесе) жануардың өмірі мен саулығына, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың мүлкіне үй жануарының зиян келтіруін болғызбау үшін қажетті қауіпсіздік шараларын қабылдауға;
5) үй жануарына Қазақстан Республикасының ветеринария туралы заңнамасына сәйкес ветеринариялық көмектің уақтылы көрсетілуін және профилактикалық ветеринариялық іс-шаралардың, оның ішінде вакциналаудың уақтылы жүргізілуін қамтамасыз етуге;
6) жергілікті атқарушы органдардың ветеринария саласындағы қызметті жүзеге асыратын бөлімшелеріне, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары құрған мемлекеттік ветеринариялық ұйымдарға, мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылау және қадағалау органдарына үй жануарларының аса қауіпті және жұқпалы ауруларына ұшырау күдігі туралы, сондай-ақ үй жануарының аса қауіпті және жұқпалы аурулардың салдарынан өлгені туралы дереу хабарлауға;
7) стерилизациялау арқылы үй жануарларының қалаусыз ұрпағын болғызбау бойынша шаралар қабылдауға;
8) денсаулық сақтау ұйымына және жергілікті атқарушы органдардың ветеринария саласындағы қызметті жүзеге асыратын бөлімшелеріне, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары құрған мемлекеттік ветеринариялық ұйымдарға, мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылау және қадағалау органдарына жануарының жеке тұлғаларға немесе жануарларға дене жарақаттарын салған жағдайлары туралы дереу хабарлауға және аса қауіпті және жұқпалы аурулардың ықтимал болуын анықтау мақсатында қарап-тексеру және қажетті клиникалық және (немесе) зертханалық-диагностикалық зерттеулер не ветеринариялық байқаулар жүргізу үшін өзінің жануарын облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары құрған мемлекеттік ветеринариялық ұйымға, ветеринария саласында емдеу-профилактикалық кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке немесе мемлекеттік емес заңды тұлғаларға жеткізуге;
9) үй жануарларының тұрғын және тұрғын емес үй-жайларды, оның ішінде кондоминиум объектілерін, қоғамдық орындарды ластауына, сондай-ақ үй жануарларының қоршаған ортаға зиян келтіруіне жол бермеуге;
10) осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамасында көзделген өзге де талаптарды сақтауға міндетті (Қазақстан Республикасының 2021 жылғы 30 желтоқсандағы № 97 «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заңының 21-бабының 1-тармағы).
10. Нұрсұлтан қаласының аумағында жануарлар иелерінің қандай әрекеттеріне тыйым салынады?
Қала аумағында:
1) еркін серуендету алаңдары мен иттерге арналған жаттығу алаңдарынан басқа жерлерде иттерді еркін серуендетуге;
2) мас күйіндегі тұлғаларға итті ертіп жүруге және көпшілік жүретін орындарда серуендетуге, көлікте алып жүруіне;
3) иттің жасына сәйкес құтырма ауруына қарсы міндетті вакцинацияланбаған иттерді серуендетуге;
4) иттерді ауладағы балалар ойнайтын, емдеу мекемелерінде, спорттық алаңдарда, мектепке дейінгі және оқу орындарының аумақтарында, тыйым салынған ескерту белгісі орнатылған жерлерде серуендетуге;
5) адамдарға шомылуға рұқсат берілген аумақта иттерді серуендетуге;
6) адамдарға шомылуға рұқсат берілген аумақта, тоғандарда, бұрқақтар мен су айдындарында жануарларды суға шомылдыруға;
7) көзі нашар көретін адамды жетектеуші иттен басқа иттерді қоғамдық тамақтану кәсіпорындарына, азық-түлік дүкендерінің сауда жасау және өндірістік орындарына, сервистік қызмет көрсету мекемелері мен мәдениет мекемелеріне әкелуге, ұстауға рұқсат берілмейді (Астана қаласы мәслихатының 2015 жылғы 23 желтоқсандағы № 447/62-V «Астана қаласында иттер мен мысықтарды ұстау және серуендету қағидалары туралы» шешімінің 36-тармағы).
11. Үй жануарларын серуендетуге қандай талаптар қарастырылған?
Үй жануарларын серуендету жеке тұлғалардың және жануарлардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ жеке немесе заңды тұлғалардың мүлкін зиян келтіруден қорғау шартымен жүзеге асырылуға тиіс.
Жануардың иесі және (немесе) жауапты адам қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында үй жануарларын ұстау және серуендету қағидаларын сақтауға міндетті.
Иттердің өз бетінше серуендеуіне тыйым салынады.
Үй жануарларының мінез-құлқын бақылай алмайтын, оның ішінде алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамдардың оларды серуендетуіне тыйым салынады.
Жануар иесінің ерекше жауапкершілігін талап ететін үй жануары жануардың иесіне және (немесе) жауапты адамға меншік құқығымен немесе өзге де заңды негізде тиесілі қоршалған аумақта болатын жағдайларды қоспағанда, серуендету орнына қарамастан, жануар иесінің ерекше жауапкершілігін талап ететін үй жануарларын тұмылдырықсыз және қарғыбаусыз серуендетуге тыйым салынады. Осы аумаққа кіреберісте жануар иесінің ерекше жауапкершілігін талап ететін үй жануарының бар екендігі туралы ескерту жазбасы жасалуға тиіс.
Он алты жасқа толмаған адамдарға жануар иесінің ерекше жауапкершілігін талап ететін үй жануарларын серуендетуге тыйым салынады (Қазақстан Республикасының 2021 жылғы 30 желтоқсандағы № 97 «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заңының 22-бабы).
12. Нұрсұлтан қаласында иттерді немесе мысықтарды серуендеткен кезде жануар иелері қандай талаптарды сақтау қажет?
Иттерді және/немесе мысықтарды серуенге шығарған кезде иелері мына талаптарды сақтауы қажет:
1) кез келген тұқымдағы иттерді (иесінің ерекше жауапкершілігін қажет ететін ит тұқымдарын қоспағанда) тыйым салынған таңбамен белгіленбеген орындарда тұмылдырықсыз ұзындығы бақыланатын мойын жіппен серуендетуге рұқсат етіледі, бұл ретте жануар иесі өзімен бірге тұмылдырық алып жүруі тиіс, оны қажет болған кезде итке дереу кигізуі қажет;
2) тұмылдырықты итке дер кезінде кигізу және жағдайға қарай мойын жіптің қажетті ұзындығын реттеу үшін иттің иесі жауапты болады;
3) иесінің ерекше жауапкершілігін қажет ететін иттерді серуенге шығаруға тыйым салынған таңбамен белгіленбеген орындарда қысқа мойын жіппен және тұмылдырықпен серуенге шығаруға рұқсат етіледі;
4) қала аумағында иттердің еркін серуендеуі еркін серуендеу үшін арнайы бөлінген жерлерде (иттерді еркін серуендетуге арналған алаңдарда не жаттықтыру алаңдарында) рұқсат етіледі;
5) иесінің ерекше жауапкершілігін қажет ететін иттерді қала аумағында еркін серуендетуге тыйым салынған; иесінің ерекше жауапкершілігін қажет ететін иттерді еркін серуендеуге арналған алаңдарда не иттерге арналған жаттықтыру алаңдарында ғана тұмылдырықпен еркін серуендетуге жол беріледі;
6) қызметтік тапсырмаларды орындайтын иттерге қала аумағында еркін серуендеуге арналған алаңдардан немесе иттерге арналған жаттықтыру алаңдарынан тыс жерлерде еркін серуендеуге рұқсат берілген;
7) иттің иесі не оны серуенге шығаруды жүзеге асыратын тұлға жануарды айналасындағыларға тынышсыздық және кедергі келтірмей, өзімен бірге нәжістерді жинауға арналған ыдысын ала отырып, серуендетеді;
8) иттің иесі не оны серуенге шығаруды жүзеге асыратын тұлға, көшеден өткен кезде немесе магистральдарға жақын серуендеген кезде жол-көлік оқиғаларын және жол бойында иттің өлімін болдырмау үшін мойын жібін қысқартып ұстауға міндетті;
9) тыйым салған ескерту белгісі жоқ мекемелер мен азық-түлік сатпайтын дүкендерде, поштада және тағы басқа орындарда иелері иттерін қысқа мойын жіпте және тұмылдырықта ертіп жүруге рұқсат етіледі. Объектілерге иттерді ертіп келуге тыйым салу белгілері бар жағдайда мекемелер, азық-түлік сатпайтын дүкендер және т.б. оларды байлап қалдыратын орындар жарақтауы қажет;
10) кез келген тұқымдағы итті қысқа мойын жіппен және тұмылдырықпен, өздігінен шешіліп кетпейтіндей, иесі ғимараттың ішінде уақытша болған мерзімге, егер де ит басқа тұлғаларға қауіп төнгізбейтін, қоғамдық тәріпті бұзбайтын, қозғалыстарға және өз денсаулығына зиян келмейтіндей жағдайда байлаулы қалдыруына болады;
11) кез келген тұқымдағы иттің иесі қажеттілік туындаған жағдайда иттерді серуендетуге тыйым салынған жерлердің аумағынан одан әрі өту үшін итті қысқа мойын жіппен ұстап өтуге құқылы (Астана қаласы мәслихатының 2015 жылғы 23 желтоқсандағы № 447/62-V «Астана қаласында иттер мен мысықтарды ұстау және серуендету қағидалары туралы» шешімінің 35-тармағы).
13. Қазақстан Республикасында дельфинарийлер мен жанаспалы хайуанаттар парктерінің қызметіне рұқсат етілген бе?
2025 жылдың 1 қыркүйегінен бастап дельфинарийлердің қызметіне тыйым салынады.
Ауыл шаруашылығы жануарлары мен үй жануарларының көрмелерін қоспағанда, дельфинарийлер, жылжымалы менагерийлер, жанаспалы хайуанаттар парктерін, жылжымалы океанариумдар, жануарлардың жылжымалы көрмелерін құруға тыйым салынады (Қазақстан Республикасының 2021 жылғы 30 желтоқсандағы № 97 «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заңының 18-бабының 8,9-тармақтары).
Осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін құрылған дельфинарийлер Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен 2029 жылғы 1 қаңтарға дейін таратылуға немесе қайта ұйымдастырылуға жатады.
Көрсетілген мерзімдер өткеннен кейін өз қызметін тоқтатпаған және (немесе) өздерінің құрылтай құжаттарын осы Заңның талаптарына сәйкес келтірмеген тұлғалар облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарының жүгінуі бойынша сот тәртібімен таратылады (Қазақстан Республикасының 2021 жылғы 30 желтоқсандағы № 97 «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заңының 30-бабының 4,5-тармақтары).
14. Қараусыз және қаңғыбас жануарларды ұстау бойынша мемлекет қандай шараларды жүзеге асырады?
Қаңғыбас жануарлардың санын реттеу мемлекет, жануарларды аулаумен, уақытша ұстаумен және жансыздандырумен айналысатын дара кәсіпкерлер және мемлекеттік емес заңды тұлғалар жануарларды стерилизациялау, жайластыру, халыққа білім беру іс-шараларын және түсіндіру жұмыстарын жүргізу арқылы қаңғыбас жануарлардың санын азайту үшін қабылдайтын шаралар кешенін білдіреді.
Қаңғыбас жануарлардың санын уларды, өзге де химиялық препараттарды пайдалануды қоса алғанда, кез келген тәсілдермен жансыздандыру арқылы реттеуге тыйым салынады (Қазақстан Республикасының 2021 жылғы 30 желтоқсандағы № 97 «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заңының 25-бабы).
Қараусыз қалған және қаңғыбас жануарларға қарау жөніндегі қызметті жүзеге асыру кезіндегі іс-шаралар:
1) аулау қызметтерінің қараусыз қалған және қаңғыбас жануарларды аулауын;
2) қараусыз қалған және қаңғыбас жануарларды осы Заңда көзделген, жануарларды ұстауға қойылатын жалпы талаптарға сәйкес жануарларды уақытша ұстау пункттерінде не жануарларға арналған панажайларда ұстауды;
3) қараусыз қалған жануарлардың иелерін іздестіруді, сондай-ақ қаңғыбас жануарларға иелерді іріктеп таңдауды қамтиды (Қазақстан Республикасының 2021 жылғы 30 желтоқсандағы № 97 «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заңының 23-бабының 2-тармағы).
15. Нұрсұлтан қаласында қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулаудың тәртібі қандай?
Қаңғыбас жануарларды аулауды, тасымалдауды, уақытша ұстауды және жоюды мамандандырылған ұйым жүзеге асырады.
Аулау уәкілетті орган бекіткен Қаңғыбас жануарларды аулау жоспарына сәйкес, сондай-ақ азаматтардың өтініштері бойынша жүзеге асырылады.
Қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау жұмысына медициналық тексеруден өткен, құтыруға қарсы алдын алу екпелерін (вакцинация) алған, психоневрологиялық және наркологиялық диспансерлерде есепте тұрмайтын адамдарға рұқсат етіледі.
Рұқсат етілген аулау құралдарына: тиісті сертификаты бар, әрекетке қабілетсіз ететін, дозаланған препараттарды қолданатын пневматикалық қару, торлар, тор-қақпандар, сондай-ақ жануарларды аулау кезінде оларды өлтірмейтін басқа да құралдар және құрылғылар жатады.
Қоғамдық орындарда (көшелерде, аула аумақтарында, саябақтарда, тынымбақтарда және басқа да орындарда) ілесіп жүретін адамның қарауынсыз жүрген, байлауда қалдырылған жануарлардан басқа, қаңғыбас және қараусыз жануарлар ауланады.
Ауланған қаңғыбас жануарлар, жануарларды иесіне бергенше не үшінші тұлғаға беру сәтіне дейін уақытша ұсталатын оқшаулағышқа жеткізіліп, онда екі ай ұсталады.
Жануарларды иесіне қайтарған жағдайда, жануарларды ұстаған адамның және оларды күтіп-баққан және пайдалануында болған адамның жануарларды ұстауға кеткен өз шығыстарын пайдаланудан алынған пайданы шегере отырып, өтету құқығы бар.
Мамандандырылған ұйым әрбір ауланған қаңғыбас жануар туралы ақпаратты өзінің интернет-ресурсында қаңғыбас жануарды аулаған күні орналастырылады және мамандандырылған ұйымның байланыс деректері, ауланған жануар туралы ақпарат (сипаттамасы), сондай-ақ ауланған жануардың фотосуреті болады (Астана қаласы мәслихатының 2015 жылғы 23 желтоқсандағы № 448/62-V «Астана қаласында қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жою қағидалары туралы» шешімінің 2 бөлімі).
16. Нұрсұлтан қаласындағы уақытша ұстау изоляторында қаңғыбас иттер мен мысықтарды ұстаудың тәртібі қандай?
Ауланған қаңғыбас жануарлар уақытша ұстау оқшаулағышына орналастырылады.
Қаңғыбас иттер мен мысықтарды тіркеу, ұстау, тамақтандыру, тексеру, жою шараларын, сондай-ақ уақытша оқшаулағышты қажетті керек-жарақпен қамтамасыз етуді мамандырылған ұйым жүзеге асырады.
Уақытша ұстау оқшаулағышында ауланған қаңғыбас жануарларға клиникалық зерттеу және тіркеу жүргізіледі.
Уақытша ұстау оқшаулағышы металл торлармен және иттерге арналған үйшікпен жабдықталуы тиіс.
Әр торға 1 (бір) ит немесе 1 (бір) мысық орналастырылуы мүмкін.
Ауланған қаңғыбас жануарларға қажетті күтім жасалады және тамақтандырылады, торларды күнделікті механикалық тазалау және зарарсыздандыру жүргізіледі.
Жануарды орналастыру, иесін іздеу, сондай-ақ жайғастыру мақсатында фотоға түсіру үшін жануарларды уақытша ұстау оқшаулағышына волонтерлік куәлігі бар болған жағдайда, волонтерлердің кіруі қамтамасыз етіледі.
Дені сау қаңғыбас жануарлар тиісті клиникалық жағдайда зарарсыздандыруға және піштіруге жатады (Астана қаласы мәслихатының 2015 жылғы 23 желтоқсандағы № 448/62-V «Астана қаласында қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жою қағидалары туралы» шешімінің 4 бөлімі).
17. Қандай жағдайларда жануарларды жансыздандыруға жол беріледі?
Жануарларды жансыздандыруға:
1) егер жануарлардың физикалық қиналуын өзгеше тәсілмен тоқтату мүмкін болмаса, жануарлардың физикалық қиналуын тоқтату үшін;
2) жануарлардың жаңа туған төлінде ауытқулар мен кемістіктердің анық білінген белгілері болып, ол тіршілік етуге қабілетсіз болған кезде;
3) Қазақстан Республикасының жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы заңнамасында айқындалған тәртіппен жабайы жануарлардың санын реттеу мен аң аулау, балық аулау және балық шаруашылығын жүргізу кезінде;
4) жануар (жануарлар) адамға, жануарларға шабуыл жасаған жағдайда және (немесе) жануарлар адамның, жануарлардың өміріне немесе саулығына, сондай-ақ қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікке қатер төндіретін өзге де жағдайларда;
5) адамның және жануарлардың саулығына қауіп төндіретін жануарлардың аса қауіпті және жұқпалы ауруларын Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасына сәйкес жою кезінде жол беріледі (Қазақстан Республикасының 2021 жылғы 30 желтоқсандағы № 97 «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заңының 15-бабының 1-тармағы).
18. Жануарларға жауапты қарау саласындағы заңнаманы бұзғаны үшін жауапкершілік қарастырылған ба?
Қазақстан Республикасының жануарларға жауапкершілікпен қарау саласындағы заңнамасында белгіленген:
1) жануарларды аулауға, уақытша ұстауға және жансыздандыруға;
3) осы Кодекстің 406-бабы бірінші бөлігі 2) тармақшасының үшінші абзацында көзделген жағдайларды қоспағанда, жануарларды зоологиялық питомниктерде, жануарларға арналған панажайларда, зоологиялық жатынжайларда, жануарларды уақытша ұстау пункттерінде, жануарларға арналған оңалту орталықтарында, жылжымалы хайуанаттар бақтарында, контактілі зоопарктерде ұстауға;
4) үй жануарларын ұстауға және серуендетуге;
5) осы Кодекстің 406-бабы бірінші бөлігі 2) тармақшасының бесінші абзацында, 571-бабының 2-1 және төртінші бөліктерінде көзделген жағдайларды қоспағанда, жануарларды тасымалдауға қойылатын талаптарды бұзу – жеке тұлғаларға – он, лауазымды адамдарға – жиырма, заңды тұлғаларға отыз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді.
Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған іс-әрекет – жеке тұлғаларға – жиырма, лауазымды адамдарға – отыз, заңды тұлғаларға қырық айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді (Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 5 шілдедегі № 235-V «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 407-2 бабы).
19. Жануарларға қатыгездікпен қарағаны үшін қандай жауапкершілік қарастырылған?
Жануарларға қатыгездікпен қарау, егер бұл іс-әрекетте қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгілері болмаса, – жеке тұлғаларға – бес, лауазымды адамдарға он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді.
Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған іс-әрекет – жеке тұлғаларға – жиырма, лауазымды адамдарға қырық айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді (Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 5 шілдедегі № 235-V «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 407-1 бабы).
Жануарға оның мертігуіне алып келген қатыгездікпен қарау – бір жүз жиырма айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не бір жүз жиырма сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не отыз тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады.
Жануарға оның өліміне алып келген қатыгездікпен қарау – белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан бір жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз, екі жүз айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не екі жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не елу тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады.
Осы баптың бірінші немесе екінші бөліктерінде көзделген:
1) екі және одан да көп жануарға қатысты жасалған;
2) адамдар тобы, алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған;
3) бірнеше рет;
4) жас балалардың көзінше;
5) жария түрде немесе бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекоммуникация желілерін пайдалана отырып жасалған іс-әрекеттер – белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан екі жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз, бір мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не төрт жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не бір жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады ( Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 3 шiлдедегі № 226-V Қылмыстық кодексінің 316-бабы).