Заң шығару қызметін жоспарлау заң шығару қызметін ұйымдастырудың сапасы мен тиімділігіне әсер ететін заң жобалау жұмысының маңызды құрамдас бөліктерінің бірі болып табылады.
Заң шығару қызметін жоспарлау не береді?
Біріншіден, құқықтық реттеуді талап ететін заңнама салаларының басымдылығын айқындайды.
Екіншіден, заң шығару қызметін үйлестіру арқылы заңнамалық бастамалардың ағынын реттеуге мүмкіндік береді.
Үшіншіден, заң шығару процесінде барлық билік тармақтарының
іс-қимылдарының үйлесімділігіне қол жеткізіледі.
Заңнаманы болжау - заңнаманы ұзақ мерзімді кезеңге одан әрі жетілдіру тәсілі.
Заң жобаларын дайындау жоспарлары перспективалы, неғұрлым ұзақ мерзімге жасалатын және бір жылға жасалатын ағымдағы жоспарлар болып бөлінеді.
Перспективалық жоспар жетілдіруді талап ететін заңнама салаларының жалпы, неғұрлым маңызды бағыттарын айқындайды.
Заң жобаларын дайындауды перспективалық жоспарлау Заң шығару жұмысының тұжырымдамалық жоспары шеңберінде жүзеге асырылады.
Заң шығару жұмысының тұжырымдамалық жоспары Парламенттің кезекті шақырылымы кезеңіне (5 жыл) қабылданады және олардың шеңберінде Парламент сессиялары бөлінісінде заң жобаларын дайындау болжанатын заңнаманың салаларын (аяларын) көрсетеді.
Заң шығару жұмысының тұжырымдамалық жоспарын Қазақстан Республикасының Парламенті Палаталары мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің шоғырландырылған ұсыныстары негізінде Әділет министрлігі әзірлейді және оны Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.
Заң шығару жұмысының тұжырымдамалық жоспарын іске асыру мақсатында бір жылға жасалатын заң жобалау жұмыстарының ағымдағы жоспарлары бекітіледі.
Онда алдағы жылы әзірленетін заң жобалары нақтыланады.
Заң жобалау жұмыстарының ағымдағы жоспарын Әділет министрлігі әзірлейді және нақты заң жобаларын әзірлеуді қамтиды, жауапты адамдарды және оларды орындау мерзімдерін белгілейді.
Заң шығару жұмысын жоспарлау кезінде мынадай талаптар сақталуға тиіс.
- заңнамалық актіні әзірлеу мен қабылдаудың негізділігі, уақтылығы және орындылығы сақталуға тиіс;
- мемлекет пен қоғамның бірінші кезектегі қажеттіліктерін негізге ала отырып, заңнамалық актілердің басымдығын айқындау маңызды;
- экономикалық, әлеуметтік-мәдени және саяси факторлар ескерілуі тиіс.
Заң жобалау қызметін жоспарлау жүйелі болуға және елдің перспективаға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуын ескере отырып жүзеге асырылуға тиіс.
Заң шығару жұмысы жоспарларының орындалуына жалпы бақылауды Әділет министрлігі жүзеге асырады.
Заң жобалау жұмыстарының 2022 жылға арналған жоспары 26 заң жобасын әзірлеуді және Парламентке енгізуді көздейтінін атап айтқан жөн, онымен азаматтар «Әділет» АҚЖ сайтында таныса алады.
ҚР Әділет министрлігі
Заңнама департаменті
директорының орынбасары
Бауыржан Тұрғанбаевтың
мақаласы