Жұмыс берушілер тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктердің жергілікті атқарушы органдары берген шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған рұқсаттар негізінде Қазақстан Республикасында еңбек қызметін жүзеге асыру үшін шетелдік жұмыс күшін тартады.
Тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағындағы жергілікті атқарушы органдар жұмыс берушілерге халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті орган бөлген квота шегінде еңбек қызметін жүзеге асыру үшін шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсаттарды береді немесе ұзартады не рұқсаттарды беруден, ұзартудан бас тартады, сондай-ақ көрсетілген рұқсаттарды тоқтата тұрады және кері қайтарып алады (Қазақстан Республикасының «Халықты жұмыспен қамту туралы» 2016 жылғы 6 сәуірдегі № 482-V Заңының 33 бабының 1-2 тармақтары).
«Жұмыс берушілерге шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат беру және (немесе) ұзарту» мемлекеттік қызметін алу үшін жұмыс беруші немесе оның уәкілетті өкілі www.egov.kz, www.elіcense «электрондық үкімет» веб-порталы (бұдан әрі - ЭҮП) арқылы шетелдік жұмыс күшінің еңбек қызметін жүзеге асыру жері бойынша жергілікті атқарушы органға «жұмыс берушілерге шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат беру және (немесе) ұзарту» мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартының мемлекеттік қызмет көрсету үшін қажетті құжаттар тізбесінде көрсетілген құжаттармен қоса бекітілген нысанға сәйкес өтінішті де беруге тиіс.
Мемлекеттік қызмет көрсету процесінің сипаттамасын, нысанын, мазмұны мен нәтижесін, сондай-ақ мемлекеттік қызмет көрсету ерекшеліктерін ескере отырып, өзге де мәліметтерді қамтитын мемлекеттік қызмет көрсетуге қойылатын негізгі талаптардың тізбесі мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартында келтірілген (Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің м.а. «Жұмыс берушілерге шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат беру және (немесе) ұзарту, сондай-ақ корпоративішілік ауыстыруды жүзеге асыру қағидалары мен шарттарын бекіту туралы 2016 жылғы 27 маусымдағы № 559 бұйрығының 3-4 тармақтары).
Жергілікті атқарушы орган рұқсат беру не рұқсат беруден бас тарту туралы шешімді жұмыс берушінің құжаттарын қабылдаған күннен бастап жеті жұмыс күні ішінде қабылдайды.
Жергілікті атқарушы орган шешімді жергілікті атқарушы орган құратын комиссия ұсынымдарының негізінде қабылдайды. Комиссияның әрбір отырысы барысында жұмыс берушілердің өтініштерін қараудың бейнежазбасы жүргізіледі. Комиссияның құрамына ішкі істер органдарының, білім беру саласындағы органның және еңбек инспекциясы жөніндегі жергілікті органның өкілдері кіреді.
Жұмыс беруші не оның өкілі өз ұйғарымы бойынша Комиссияның отырысына қатыса алады. Жергілікті атқарушы орган отырыс өткізілетін күнге дейін кемінде үш жұмыс күні қалғанда өзінің интернет-ресурсында Комиссия отырысының өткізілетін күні, уақыты және орны туралы ақпаратты орналастырады.
Рұқсатты беру туралы шешім қабылдаған жағдайда жергілікті атқарушы орган шешім қабылданған күннен бастап бір жұмыс күні ішінде жұмыс берушінің «жеке кабинетіне» бекітілген нысанға сәйкес жергілікті атқарушы орган басшысының ЭЦҚ-сы арқылы қол қойылған электрондық құжат нысанындағы хабарламаны жібереді.
Төртінші санат бойынша (кәсіптік стандарттарда белгіленген біліктілік талаптарына, жұмысшылардың жұмыстары мен кәсіптерінің Бірыңғай тарифтік-біліктілік анықтамалығында, жұмысшылар кәсіптерінің тарифтік-біліктілік сипаттамаларында сәйкес келетін білікті жұмысшылар) рұқсаттар беру кезінде жұмыс беруші шетелдік қызметкерлерді бірдей лауазымдары бойынша алты айдан бір жылға дейінгі қазақстандық азаматтармен ауыстыруды жүзеге асырады.
Рұқсаттар беру және ұзарту кезіндегі міндеттемелерді жұмыс берушімен келісу рұқсаттар беру және ұзарту кезіндегі міндеттемелерді жұмыс берушімен келісудің белгіленген нысаны бойынша жүзеге асырылады.
Маусымдық шетелдік жұмыскерлерді тартуға рұқсат беру Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2020 жылғы 25 қыркүйектегі №379 бұйрығына сәйкес мынадай кәсіптердің тізбесі бойынша жүзеге асырылады: бағбандар, егін өсірушілер мен көкөніс өсірушілер, темекі өнімдерін дайындау жөніндегі жұмысшылар, өсімдік шаруашылығындағы біліктілігі жоқ жұмысшылар, мал шаруашылығындағы біліктілігі жоқ жұмысшылар, аралас өсімдік шаруашылығы және мал шаруашылығы өнімін өндірудегі біліктілігі жоқ жұмысшылар.
Рұқсат беруден бас тарту туралы шешім қабылданған жағдайда жергілікті атқарушы орган шешім қабылданған күннен бастап бір жұмыс күні ішінде негіздемелерін көрсете отырып, жұмыс берушінің «жеке кабинетіне» жергілікті атқарушы орган басшысының ЭЦҚ-сы арқылы қол қойылған электрондық құжат нысанындағы хабарламаны жібереді (Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің м.а. «Жұмыс берушілерге шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат беру және (немесе) ұзарту, сондай-ақ корпоративішілік ауыстыруды жүзеге асыру қағидалары мен шарттарын бекіту туралы 2016 жылғы 27 маусымдағы № 559 бұйрығының 8-13 тармақтары).
Жергілікті атқарушы орган рұқсаттарды халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті орган бөлген квота шегінде береді.
Тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында қолданыстағы, бұрын берілген рұқсаттардың саны халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті орган шетелдік жұмыс күшін тартуға бөлген квотаның тиісті күнтізбелік жылға арналған санынан аспауға тиіс.
Жергілікті атқарушы орган мынадай:
1) Қазақстан Республикасы азаматтар санының бірінші және екінші санаттарға жататын жұмыскерлердің тізімдік санының кемінде 70%-ын;
2) Қазақстан Республикасы азаматтар санының үшінші және төртінші санаттарға жататын жұмыскерлердің тізімдік санының кемінде 90%-ын құрауы шарттарын сақтаған кезде рұқсат беруді және (немесе) ұзартуды жүзеге асырады.
Кадрлардағы жергілікті қамтуды есептеу кезінде шетелдік жұмыскерлер қатарында 2014 жылғы 14 қазандағы Қазақстан Республикасының Заңымен ратификацияланған Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа қатысушы мемлекеттердің азаматтары есептелмейді.
Жұмыс беруші кадрлардағы жергілікті қамту туралы ақпаратты жергілікті атқарушы органға бекітілген нысанға сәйкес ұсынады.
Жоғарыда көрсетілген Ереже мыналарға қолданылмайды:
1) шағын кәсіпкерлік субъектілеріне;
2) мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындарға;
3) шетелдікке немесе азаматтығы жоқ адамға Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2016 жылғы 13 маусымдағы № 503 бұйрығымен бекітілген өз бетінше жұмысқа орналасу үшін біліктілігінің сәйкестігі туралы анықтамаларды беру немесе ұзарту қағидаларына, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың өз бетінше жұмысқа орналасуы үшін басым салалардың (экономикалық қызмет түрлерінің) және оларда сұранысқа ие кәсіптердің тізбесіне сәйкес Қазақстан Республикасына өз бетінше жұмысқа орналасу үшін келген шетелдік жұмыскерге қолданылмайды;
4) Қазақстан Республикасы ратификациялаған еңбек көші-қоны және еңбекші-мигранттарды әлеуметтік қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы халықаралық шарттар болған кезде шығу елдері бойынша квоталар шеңберінде берілетін рұқсаттарға;
5) қызметкерлерінің саны 30 адамнан аспайтын шетелдік заңды тұлғалардың өкілдіктері мен филиалдарына (Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің м.а. «Жұмыс берушілерге шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат беру және (немесе) ұзарту, сондай-ақ корпоративішілік ауыстыруды жүзеге асыру қағидалары мен шарттарын бекіту туралы 2016 жылғы 27 маусымдағы № 559 бұйрығының 14-17 тармақтары).
Рұқсатты бергені және (немесе) ұзартқаны үшін жұмыс берушілерден «Қазақстан Республикасына шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсатты бергені және (немесе) ұзартқаны үшін алым мөлшерлемелерін белгілеу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 3 сәуірдегі № 157 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасына шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсатты бергені және (немесе) ұзартқаны үшін алым мөлшерлемелеріне сәйкес салық алымы (бұдан әрі – алым) алынады.
Жұмыс беруші хабарламаны алған күннен бастап он жұмыс күні ішінде жергілікті атқарушы органға рұқсатты бергені үшін алымды енгізгенін растайтын құжаттарды ұсынады.
Жұмыс беруші хабарламаны алған күннен бастап он жұмыс күні ішінде жергілікті атқарушы органға алымды енгізгенін растайтын құжаттарды бермеген кезде жергілікті атқарушы органның рұқсат беру туралы шешімі, сондай-ақ рұқсаттың қолданысы рұқсатты бергені және ұзартқаны үшін алымның төленгенін растайтын құжаттардың көшірмелері енгізілмеген жағдайда тоқтатылады.
Бас тарту туралы хабарлама бекітілген нысанға сәйкес жергілікті атқарушы орган басшысының ЭЦҚ-сы арқылы қол қойылған электрондық құжат нысанында жұмыс берушінің «жеке кабинетіне» жіберіледі (Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің м.а. «Жұмыс берушілерге шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат беру және (немесе) ұзарту, сондай-ақ корпоративішілік ауыстыруды жүзеге асыру қағидалары мен шарттарын бекіту туралы 2016 жылғы 27 маусымдағы № 559 бұйрығының 19-20 тармақтары).
Бұрын берілген рұқсатты басқа шетелдік жұмыскерге қайта ресімдеуге рұқсат берілген шетелдік жұмыскер жұмыс орнына келмеген немесе онымен еңбек шарты бұзылған, шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған рұқсаттың қолданылу мерзімі аяқталғанға дейін ауыстыру туралы хаттың немесе келісімнің қолданылу мерзімі мерзімінен бұрын тоқтатылған кезде, ол біліктілік талаптарына сәйкес келген кезде (жұмысшылар жұмыстары мен кәсіптерінің әзірленген және бекітілген бірыңғай тарифтік-біліктілік анықтамалығына, жұмысшылар кәсіптерінің тарифтік-біліктілік сипаттамаларына сәйкес); басшылар, мамандар және басқа да қызметкерлер лауазымдарының біліктілік анықтамалығы) осы кәсіп үшін бекітілген рұқсаттың түпнұсқасының қолданылу мерзімі аяқталғанға дейін қалған мерзімге.
Бұл ретте жұмыс беруші жергілікті атқарушы органға рұқсат қайта ресімделетін шетелдік жұмыскердің құжаттарын жібереді. Бастапқыда берілген рұқсатты басқа шетелдік жұмыскерге рұқсатты қайта ресімдеген жағдайларда тоқтатылады.
Жергілікті атқарушы орган бұрын берген рұқсатты басқа шетелдік жұмыскерге қайта ресімдеу туралы шешімді құжаттарды қабылдаған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде, Комиссия отырысында қарамай қабылдайды.
Жергілікті атқарушы органның рұқсатты қайта ресімдеу бойынша қабылдаған шешімі туралы хабарлама жергілікті атқарушы орган басшысының ЭЦҚ-сы арқылы қол қойылған электрондық құжат нысанында жұмыс берушінің «жеке кабинетіне» жіберіледі (Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің м.а. «Жұмыс берушілерге шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат беру және (немесе) ұзарту, сондай-ақ корпоративішілік ауыстыруды жүзеге асыру қағидалары мен шарттарын бекіту туралы 2016 жылғы 27 маусымдағы № 559 бұйрығының 25-26 тармақтары).
Шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат мынадай жағдайларда берілмейді:
1) бөлінген квотаның мөлшерінен асып кеткен;
2) жұмыс берушiнiң жергiлiктi атқарушы органның рұқсаттарды беруi және (немесе) ұзартуы мынадай шарттар сақталған кезде жүзеге асырылатын шарттарды сақтамауы:
1) Қазақстан Республикасы азаматтар санының бірінші және екінші санаттарға жататын жұмыскерлердің тізімдік санының кемінде 70%-ын құраса;
2) Қазақстан Республикасы азаматтар санының үшінші және төртінші санаттарға жататын жұмыскерлердің тізімдік санының кемінде 90%-құраса.
Кадрлардағы жергілікті қамтуды есептеу кезінде шетелдік жұмыскерлер қатарында 2014 жылғы 14 қазандағы Қазақстан Республикасының Заңымен ратификацияланған Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа қатысушы мемлекеттердің азаматтары есепке алынбайды.
Жұмыс беруші жергілікті атқарушы органға кадрлардағы жергілікті қамту туралы белгіленген нысан бойынша ақпарат береді.
3) төртінші санат бойынша шетелдік жұмыс күшін алмастыру жөніндегі міндеттемелерді орындамаған;
4) жұмыс берушінің шетелдік жұмыскерлерді рұқсатсыз тарту, сондай-ақ шетелдік жұмыскердің рұқсатта көрсетілген кәсіпке немесе мамандыққа сәйкес келмейтін кәсіпке немесе мамандыққа тартылуы фактісі анықталған жағдайларда шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат берілмейді. Мұндай жағдайда осындай факт анықталған күннен бастап он екі ай бойы жаңа рұқсаттар берілмейді;
5) шетелдік жұмыс күшінің білім деңгейі (кәсіби даярлығы) және практикалық жұмыс тәжірибесі (еңбек өтілі) кәсіптік стандарттарға, Жұмыстар мен жұмысшы кәсіптерінің бірыңғай тарифтік-біліктілік анықтамалығына және Басшылар, мамандар және басқа да қызметшілер лауазымдарының біліктілік анықтамалығына, ұйымдар басшылары, мамандары және басқа да қызметшілері лауазымдарының үлгілік біліктілік сипаттамаларына сәйкес жұмысшы кәсіптеріне және басшылар, мамандар және қызметшілер лауазымдарына қойылатын біліктілік талаптарына сәйкес келмеген жағдайда шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат берілмейді және ұзартылмайды (Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің м.а. «Жұмыс берушілерге шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат беру және (немесе) ұзарту, сондай-ақ корпоративішілік ауыстыруды жүзеге асыру қағидалары мен шарттарын бекіту туралы 2016 жылғы 27 маусымдағы № 559 бұйрығының 24- тармағы).
Мынадай:
жұмыс беруші шетелдік жұмыс күшін тартуға жергілікті атқарушы органның рұқсатын алғанға дейін не шетелдік жұмыскер өз бетінше жұмысқа орналасу үшін біліктілігінің сәйкестігі туралы анықтаманы немесе еңбекші көшіп келушіге халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен берілген рұқсатты алғанға дейін немесе Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген шектеулерді немесе ерекшеліктерді сақтамай, Қазақстан Республикасының аумағында уақытша болатын шетелдіктермен және азаматтығы жоқ адамдармен;
білім беру ұйымынан оқу нысаны көрсетілген немесе қабылдайтын ұйымнан кәсіптік даярлаудан және (немесе) тағылымдамадан өтуі туралы анықтамаларды және білім алу мақсатында болуға арналған рұқсатты ұсынбаған, Қазақстан Республикасының аумағында уақытша болатын шетелдік студенттермен және тағылымдамадан өтушілермен;
отбасына қосылу мақсатында келуге және онда болуға арналған рұқсатты және Қазақстан Республикасының заңнамасымен танылатын, Қазақстан Республикасының азаматымен некеде тұрғанын растайтын құжатты ұсынбаған, Қазақстан Республикасының аумағында уақытша болатын шетелдіктермен және азаматтығы жоқ адамдармен;
бір жұмыс беруші жеке тұлғаның үй шаруашылығында жұмыстар орындау (қызметтер көрсету) бойынша бір мезгілде бестен көп еңбекші көшіп келушімен еңбек шартын жасасуына жол берілмейді (Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 23 қарашадағы № 414-V Еңбек Кодексінің 26-бабының 1-тармағының 4-7 тармақшалары).
Өз бетінше жұмысқа орналасу үшін келетін немесе жұмыс берушілер, оның ішінде корпоративішілік ауыстыру шеңберінде тартатын шетелдік жұмыскерлер: кәмелеттік жаста болуға, алдағы атқарылатын жұмысты орындау үшін қажетті білімі, біліктілігі мен тәжірибесі болуға, соттылығының болуы не болмауы жөніндегі растаманы ұсынуға, таңдаған мамандығы бойынша еңбек қызметіне кедергі келтіретін ауруларының жоқ екенін растайтын медициналық анықтаманы ұсынуға, алғашқы медициналық-санитариялық көмекті, стационарлық көмекті жабатын медициналық сақтандыруының болуына міндетті.
Шетелдік жұмыскерлерге келуге визаларды шетелдік жұмыскерге жұмысқа орналасуға немесе жұмыс берушіге шетелдік жұмыс күшін тартуға, оның ішінде корпоративішілік ауыстыру шеңберінде берілген рұқсаттың негізінде және қолданылу мерзіміне Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі және Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелері ұлттық қауіпсіздік органдарымен келісу бойынша береді.
Келудің және болудың визасыз тәртібі туралы Қазақстан Республикасымен келісім жасасқан мемлекеттерден келген шетелдік қызметкерлерге уақытша тұруға арналған рұқсатты Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес ішкі істер органдары береді.
Шетелдік жұмыскерлерге келуге визаларды және уақытша тұруға арналған рұқсаттарды шетелдік жұмыскердің жұмысқа орналасуға немесе жұмыс берушінің шетелдік жұмыс күшін тартуға, оның ішінде корпоративішілік ауыстыру шеңберінде алдағы жылға рұқсаты болған кезде, ішкі істер органдары ұлттық қауіпсіздік органдарымен келісу бойынша бір жылға ұзартады.
Мемлекеттік органдардың шетелдік жұмыскерлеріне келу визаларын Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі және Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелері тиісті мемлекеттік органмен жасалған еңбек шартының негізінде және оның қолданылу мерзіміне береді (Қазақстан Республикасының «Халықтың көші-қоны туралы» 2011 жылғы 22 шілдедегі № 477-IV Заңының 35-36 баптары).
Келуге виза алу үшін бизнес-көшіп келуші кәмелеттік жаста болуға, еңбек қызметіне кедергі келтіретін ауруларының жоқ екенін растайтын медициналық анықтаманы ұсынуға, алғашқы медициналық-санитариялық көмекті, стационарлық көмекті жабатын медициналық сақтандыруының болуына, соттылығының болуы не болмауы және сот шешімі негізінде кәсіпкерлік қызметпен айналысуына тыйым салынбағаны жөніндегі растаманы ұсынуға міндетті.
Бизнес-көшіп келушілерге Қазақстан Республикасына келуге визаны Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі және Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелері екі жылға дейінгі мерзімге береді.
Этникалық қазақтар қатарындағы, оның ішінде келудің және болудың визасыз тәртібі туралы Қазақстан Республикасымен келісім жасасқан мемлекеттерден келген бизнес-көшіп келушілердің келуіне виза және уақытша тұруына арналған рұқсат үш жылға дейінгі мерзімге беріледі (Қазақстан Республикасының «Халықтың көші-қоны туралы» 2011 жылғы 22 шілдедегі № 477-IV Заңының 39- бабы).
Бизнес-көшіп келушілердің кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруы Қазақстан Республикасының аумағында болуының міндетті шарты болып табылады.
Бизнес-көшіп келуші Қазақстан Республикасының аумағына келген күнінен бастап екі ай мерзім ішінде:
1) Қазақстан Республикасында коммерциялық ұйымды тіркеуге немесе Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында қызметті жүзеге асырушы коммерциялық ұйымдар қатысушыларының (акционерлерінің) құрамына енуге;
2) заңды тұлғаны тіркеу кезінде оның жарғылық капиталын қалыптастыру үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген ең төмен мөлшерден кем емес ақша сомасын Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банкіне енгізуге міндетті.
Бизнес-көшiп келушiлер осы бапта белгiленген мiндеттердi орындамаған жағдайда ішкі істер органдары жергілікті атқарушы органдардың қолдаухаты негізінде бизнес-көшіп келушілердің болу мерзімін олардың ерікті түрде кетуіне қажетті мерзімге қысқарту туралы шешім қабылдайды.
Бизнес-көшіп келуші ретінде келуге виза алмаған шетелдіктердің заңды тұлға құруына, сондай-ақ заңды тұлға қатысушыларының құрамына кіру арқылы коммерциялық ұйымдардың жарғылық капиталына қатысуына тыйым салынады.
Бизнес-көшіп келушінің Қазақстан Республикасының аумағында кәсіпкерлік қызметті ұйымдастыру үшін жабдықтар әкелуі Қазақстан Республикасының кеден заңнамасында айқындалатын шарттарда және тәртіппен жүзеге асырылады.
Бизнес-көшіп келушілер Қазақстан Республикасының шетелдіктердің баруына ашық аумақтары бойынша еркін жүріп-тұра алады және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпке сәйкес тұрғылықты жерін таңдай алады (Қазақстан Республикасының «Халықтың көші-қоны туралы» 2011 жылғы 22 шілдедегі № 477-IV Заңының 40-бабы).
Маусымдық шетелдік қызметкерлерге келуге визаны шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған рұқсаттың негізінде Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелері береді.
Келудің және болудың визасыз тәртібі туралы Қазақстан Республикасымен келісім жасасқан мемлекеттерден келген маусымдық шетелдік қызметкерлерге уақытша тұруға арналған рұқсатты ішкі істер органдары береді.
Маусымдық шетелдік қызметкерлер кәмелеттік жаста болуға, еңбек қызметіне кедергі келтіретін ауруларының жоқ екенін растайтын медициналық анықтаманы ұсынуға, алғашқы медициналық-санитариялық көмекті, стационарлық көмекті жабатын медициналық сақтандыруының болуына міндетті.
Маусымдық шетелдік жұмыскерлер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес немесе жұмыс берушілерге жергілікті атқарушы органдар квота шегінде беретін шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған рұқсаттар негізінде халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті орган айқындайтын шарттарда және тәртіппен экономиканың жекелеген салаларына жұмысқа тартылады.
Маусымдық шетелдік қызметкерлерді тартатын жұмыс берушілер оларға Қазақстан Республикасының тұрғын үй қатынастары туралы заңнамасына сәйкес санитариялық-эпидемиологиялық, техникалық және басқа да міндетті талаптарға сай келетін уақытша тұрғын үй беруге міндетті (Қазақстан Республикасының «Халықтың көші-қоны туралы» 2011 жылғы 22 шілдедегі № 477-IV Заңының 41-42 баптары).
Еңбекші көшіп келушілердің мынадай талаптарға сай келуі Қазақстан Республикасында кемінде үш ай мерзімде визасыз болу мүмкіндігін көздейтін визасыз келу және болу тәртібі туралы Қазақстан Республикасы келісім жасасқан елдердің азаматтары болып табылуы, кәмелеттік жаста болуы, соттылығының бар не жоқ екендігінің растамасын ұсынуы, таңдаған мамандығы бойынша еңбек қызметіне кедергі болатын ауруларының жоқ екендігін растайтын медициналық анықтамасын ұсынуы, алғашқы медициналық-санитариялық көмекті, стационарлық көмекті жабатын медициналық сақтандыруының болуы, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес дактилоскопиялық тіркеуден өтуге тиіс.
Еңбекші көшіп келушілерге уақытша тұруға арналған рұқсатты ішкі істер органдары Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен береді және еңбекші көшіп келушіге берілген рұқсаттың қолданылу мерзіміне ұзартады.
Еңбекші көшіп келушінің Қазақстан Республикасында үзіліссіз уақытша тұруының ең ұзақ мерзімі он екі айдан аспауға тиіс (Қазақстан Республикасының «Халықтың көші-қоны туралы» 2011 жылғы 22 шілдедегі № 477-IV Заңының 43-1 бабы).
Рұқсат беру туралы өтініште көрсетілген мерзімге еңбекші көшіп келушіге рұқсат беріледі және ол бір, екі немесе үш айды құрауы мүмкін.
Еңбекші көшіп келушіге рұқсат берудің ең ұзақ мерзімі он екі айдан аспауға тиіс.
Еңбекші көшіп келушіге жаңа рұқсат алдыңғы рұқсаттың мерзімі аяқталғаннан кейін кемінде күнтізбелік отыз күн өткен соң беріледі.
Еңбекші көшіп келушіге рұқсат оның Қазақстан Республикасының аумағында болуының заңдылығын, сондай-ақ рұқсат алуға берілген өтініште көрсетілген кезеңге жеке табыс салығы бойынша алдын ала төлемнің төленгенін растайтын құжаттар ұсынылған кезде беріледі.
Еңбекші көшіп келушінің өтініші бойынша еңбекші көшіп келушіге рұқсат өтініште көрсетілген мерзімге бірнеше рет ұзартылады және ол бір, екі немесе үш айды құрауы мүмкін.
Еңбекші көшіп келушіге рұқсат алдыңғы кезеңде жұмыс беруші жеке тұлғалардың үй шаруашылығында жұмыстарды орындағанын (қызметтер көрсеткенін), сондай-ақ еңбекші көшіп келушіге берілген рұқсат ұзартылатын кезеңге жеке табыс салығы бойынша алдын ала төлемнің төленгенін растайтын құжаттар ұсынылған кезде ұзартылады.
Еңбекші көшіп келушіге рұқсатты беру, ұзарту және кері қайтарып алу тәртібін халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті орган айқындайды.
Еңбекші көшіп келушіге рұқсаттар беру кезінде уақытша тұруға рұқсат ресімделеді, еңбекші көшіп келушінің дакто-, фотоесептерін қалыптастыру жүргізіледі.
Еңбекші көшіп келушінің дакто-, фотоесептерін қалыптастыру және жүргізу тәртібін Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі айқындайды.
Еңбекші көшіп келушіге берілген рұқсат көшіп келушінің жұмыс беруші жеке тұлғалардың үй шаруашылығында жұмыстарды орындау (қызметтер көрсету) бойынша еңбек шартын жасасуы үшін негіз болып табылады.
Бір жұмыс беруші жеке тұлғаның бір мезгілде бестен көп еңбекші көшіп келушімен үй шаруашылығында жұмыстар орындау (қызметтер көрсету) бойынша еңбек шарттарын жасасуына жол берілмейді.
Еңбекші көшіп келушіге рұқсат еңбекші көшіп келушіге ол берілген әкімшілік-аумақтық бірлік аумағында жұмыс беруші жеке тұлғаның үй шаруашылығында жұмыстар орындауға (қызметтер көрсетуге) құқық береді (Қазақстан Республикасының «Халықтың көші-қоны туралы» 2011 жылғы 22 шілдедегі № 477-IV Заңының 43-2 бабы).
Жұмыс берушi жеке тұлғаның үй шаруашылығында жұмыстар орындауға (қызметтер көрсетуге) еңбекшi көшiп келушiлердi iшкi iстер органдары беретiн тиiстi рұқсатсыз тартуы немесе бiр жұмыс берушi жеке тұлғаның бiр мезгiлде бестен көп еңбекшi көшiп келушiмен үй шаруашылығында жұмыстар орындау (қызметтер көрсету) бойынша еңбек шарттарын жасасуы – отыз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады (Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 5 шілдедегі № 235-V Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 519-бабының 5-б).
Жұмыс берушiнiң шетелдiк жұмыскердi жергiлiктi атқарушы органның шетелдiк жұмыс күшiн тартуға рұқсатында көрсетiлген лауазымға (кәсiпке немесе мамандыққа) сәйкес келмейтiн лауазымға (кәсiпке немесе мамандыққа) тартуы – жеке тұлғаларға – отыз, лауазымды адамдарға – елу, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – бір жүз, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – екі жүз, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне жеті жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады (Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 5 шілдедегі № 235-V Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 519-бабының 2-б).
Жұмыс берушінің шетелдік жұмыс күшін жергілікті атқарушы органның рұқсатынсыз тартуы немесе жергілікті атқарушы орган беретін, өз бетінше жұмысқа орналасу үшін біліктілік сәйкестігі туралы анықтамалары немесе еңбекші көшіп келушіге ішкі істер органдары беретін рұқсаттары жоқ шетелдіктердің және (немесе) азаматтығы жоқ адамдардың еңбегін пайдалануы – жеке тұлғаларға – отыз, лауазымды адамдарға – елу, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – бір жүз, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – екі жүз, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне жеті жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады (Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 5 шілдедегі № 235-V Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 519-бабының 1-б).