Меню

Страницы

Статья

«Атқарушылық жазбаны жасауға қатысты кейбір мәселелер»

    1. Атқарушылық жазба дегеніміз не?

     

    Атқарушылық жазба өндіріп алушыға тиесілі белгілі бір ақша сомасын борышкерден өндіріп алу немесе жылжымалы мүлікті талап ету туралы нотариустың өкімін білдіреді (Қазақстан Республикасының Әділет министрінің 2012 жылғы 31 қаңтардағы №31 «Нотариустардың нотариаттық іс-әрекет жасау ережесін бекіту туралы» бұйрығының 217-тармағы).

     

    1. Нотариус жасаған атқарушылық жазбаның күшін қалай жоюға болады?

     

    Егер борышкерден он жұмыс күні ішінде өзіне қойылған талапқа жазбаша қарсылық келіп түссе, нотариус мәлімделген талапқа қарсы қарсылық алған күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей атқарушылық жазбаның күшін жою туралы қаулы шығарады (Қазақстан Республикасының Әділет министрінің 2012 жылғы 31 қаңтардағы №31 «Нотариустардың нотариаттық іс-әрекет жасау ережесін бекіту туралы» бұйрығының 229-тармағы).

    Мәлімделген талапқа қарсылықты борышкер жазбаша түрде нотариустың жеке өзіне береді не хабарламамен пошта арқылы не нотариустың электрондық поштасына жіберіледі және кіріс құжаттарын тіркеу журналында тіркеледі. Заңды тұлғаның атынан берілетін өтінішке бірінші басшы қол қояды, заңды тұлғаның мөрімен (болған жағдайда) бекітіледі (Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2012 жылғы 31 қаңтардағы № 31 «Нотариустардың нотариаттық іс-әрекет жасау ережесін бекіту туралы» бұйрығының 230-тармағы).

     

    1. Атқарушылық жазбаның мазмұны нені қамтуы тиіс?

     

    Атқарушылық жазбада:

    1) атқарушылық жазбаны жасаған нотариустың тегі және аты-жөні, лауазымы;

    2) өндіріп алушының атауы, оның туған датасы, тұрғылықты жері немесе орналасқан жері, жеке сәйкестендіру нөмірі, заңды тұлғаның деректемелері, бизнес-сәйкестендіру нөмірі;

    3) борышкердің атауы, оның туған датасы, тұрғылықты жері немесе орналасқан жері, жеке сәйкестендіру нөмірі (егер ол арыз берушіге белгілі болса), заңды тұлғаның деректемелері, бизнес-сәйкестендіру нөмірі;

    4) өндіріп алу жүргізіліп отырған мерзімнің көрсетілуі;

    5) өндіріп алынуға жататын соманың немесе талап етілуге жататын нәрселердің көрсетілуі;

    6) өндіріп алушы төлеген мемлекеттік баж сомасының немесе жекеше нотариустың нотариаттық әрекеттеріне төленген соманың көрсетілуі;

    7) атқарушылық жазба жасалған дата (жыл, ай, күн);

    8) атқарушылық жазбаның тізілімде тіркелген нөмірі;

    9) атқарушылық жазбаны жасаған нотариустың қолтаңбасы мен мөрінің бедері;

    10) атқарушылық жазбаның күшін жою туралы өтінішті беру мерзімі мен тәртібі қамтылуға тиіс (Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 14 шілдедегі №155 «Нотариат туралы» Заңының 92-3-бабы).

     

     

    1. Атқарушылық жазбаны жасау шарттары қандай?

     

    Атқарушылық жазба:

    1) егер ұсынылған құжаттар берешектің немесе борышкердің өндіріп алушы алдындағы өзге де жауапкершілігінің даусыз екенін растаса;

    2) егер талап қою (арыз) құқығы туындаған күннен бастап үш жылдан аспайтын уақыт өтсе, жасалады.

    Егер атқарушылық жазба берілетін талап үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында өзге ескіру мерзімі белгіленсе, атқарушылық жазба осы мерзім шегінде беріледі (Қазақстан Республикасының  1997 жылғы 14 шілдедегі №155 «Нотариат туралы» Заңының 92-2-бабының 1,2 тармақтары).

     

    1. Атқарушылық жазбаны ұсыну үшін қандай мерзімдер көзделген?

     

    Атқарушылық жазба, егер заңнамада өзге мерзімдер белгіленбесе, ол жасалған күннен бастап үш жыл ішінде мәжбүрлеп орындатуға ұсынылуы мүмкін (Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 14 шілдедегі №155 «Нотариат туралы»  Заңының 92-5 бабының 1-тармағы).

     

    1. Атқарушылық жазбаны өндіріп алушыға беру тәртібі қандай?

     

          Атқарушылық жазбаның көшірмесін. борышкерге табыс ету туралы хабарлама келіп түскен кезде және егер белгіленген мерзімде борышкерден нотариусқа қарсылық келіп түспеген жағдайда, нотариус өндіріп алушыға атқарушылық жазбаны береді не оның өтініші бойынша оны тиісті әділет органына не аумақтылығы бойынша жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасына немесе өндіріп алушы таңдаған жеке сот орындаушысына орындау үшін жібереді.

    Өндіріп алушыға берілген немесе жіберілген атқарушылық жазбаның көшірмесі нотариус жүргізетін істе қалады (Қазақстан Республикасының  1997 жылғы 14 шілдедегі №155 «Нотариат туралы» заңының 92-7-бабы).

     

    1. Атқарушылық жазба бойынша өндіріп алу тәртібі қандай?

     

    Атқарушылық жазба бойынша өндіріп алу Қазақстан Республикасының атқарушылық іс жүргізу туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен жүргізіледі (Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 14 шілдедегі №155 «Нотариат туралы» заңының 92-4-бабы).

     

    1. Нотариус борышкерге атқарушылық жазбаның көшірмесін қай мерзімде жібереді?

     

    Атқарушылық жазба жасағаннан кейін нотариус келесі жұмыс күнінен кешіктірмей борышкерге оның көшірмесін табыс етеді немесе жеткізілгенін тіркеуді қамтамасыз ететін байланыс құралдарын пайдалана отырып, борышкердің электрондық пошта мекенжайы бойынша немесе белгілі тұрғылықты (тұрған) немесе тіркелген жері бойынша жібереді (Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 14 шілдедегі №155 «Нотариат туралы» заңының 92-6 бабының 1-тармағы).

     

    1. Қандай жағдайларда атқарушылық жазбаның көшірмесі алынған деп саналады?

     

    Егер атқарушылық жазбаның көшірмесі борышкерге:

      1) тараптар арасында жасалған шартта көрсетілген электрондық пошта мекенжайына;

       2) соңғы белгілі тұрғылықты жері бойынша табыс етілгені туралы хабарламасы бар тапсырысты хатпен жіберілген болса, оның ішінде кәмелетке толған отбасы мүшелерінің бірі, көрсетілген мекенжай бойынша адаммен тұрып жатқан басқа адам алған болса;

        3) жеткізілгенін тіркеуді қамтамасыз ететін өзге де байланыс құралдары пайдаланыла отырып жіберілген болса, ол алынды деп есептеледі.

    Хабарлама адресатқа, алушыға оны табыс ету мүмкін болмағаны туралы белгісімен немесе оны қабылдаудан бас тартуға байланысты қайтарылған жағдайда, атқарушылық жазбаның көшірмесі тиісті түрде жіберілді деп есептеледі (Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 14 шілдедегі №155 «Нотариат туралы»  заңының 92-6-бабының 1-1-тармағы).

     

    1. Қандай құжаттарды тапсырған кезде атқарушылық жазба жасалады?

     

    Атқарушылық жазба мынадай құжаттарды:

          1) нотариат куәландырған мәмілеге негізделген міндеттеме бойынша берешекті өндіріп алуға: нотариат куәландырған шарттың (келісімнің) төлнұсқа данасы не оның телнұсқасы (ақшаны қарызға aлу шартын қоспағанда);

          2) орындау мерзімі басталған және міндеттемені орындамау борышкер деп танылатын, оның ішінде дауды сотқа дейін реттеу тәртібімен өндіріп алушыға жіберілген наразылыққа жауап ретінде, жазбаша мәмілеге негізделген міндеттеме бойынша берешекті өндіру үшін:

          төлнұсқа шарттар (сатып алу-сату, жеткізу, мердігерлік, тасымалдау, қызметтерді өтеулі көрсету, сақтау және т.б.);

          шарттар бойынша (тауарға ілеспе құжаттар, тауар-көліктік жүкқұжат, тауар жүкқұжаты, жүк жүкқұжаты, коносамент немесе өзге де құжат) берешекті төлеу жөніндегі борышкердің міндеті туындағанын растайтын құжаттар, екі тарап та қол қойған мүлікті (тауарды) беру туралы құжатты (қабылдау-тапсыру туралы акт, мүлікті (тауарды) беру туралы акт, мүлікті (тауарды) саны мен сапасы бойынша қабылдау туралы акт), екі тарап қол қойған атқарылған жұмыстарды (көрсетілген қызметтерді) қабылдауды куәландыратын құжат (атқарылған жұмыстарды (көрсетілген қызметтерді) қабылдау және басқалар), заказ-наряд, шот-фактура және т.б.;

          борышкердің берешек сомасын жазбаша тануын растайтын құжаттар (өндіріп алушы мен борышкер қол қойған және мөрлермен (олар болған жағдайда) бекітілген есеп айырысуларды салыстыру актісі, борышкер ақша қаражатын төлеу жөніндегі міндеттемені, акцептелген төлем талабын немесе заңнама талаптарына сәйкес ресімделген және уәкілетті тұлға қол қойған өзге де құжатты мойындайтын талапқа жауап);

          3) нотариус жасаған төленбеген төлем, акцептелмеген және сауалнамаға күн қоймау векселінің наразылығына негізделген міндеттеме бойынша берешекті өндіріп алуға: төлнұсқа вексель және нотариус жасаған төленбеген төлем, акцептелмеген және акцептке қол қойылмаған құжаттар;

          4) лизинг шартына немесе Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес лизинг нысанасын талап ету үшін:

          лизинг шарты;

          лизинг алушыға өтініш бергенге дейін кемінде бір ай бұрын жіберілген лизинг нысанасын талап ету мүмкіндігі туралы жазбаша ескерту;

          лизинг алушының лизинг төлемдерін нақты төлегенін растайтын құжаттар табыс етіледі.

          Лизинг беруші «Қаржы лизингі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 24-бабына сәйкес мынадай жағдайларда лизинг нысанасын даусыз талап етуге құқылы:

    егер лизинг алушының лизинг нысанасын пайдалануы лизинг шартының талаптарына немесе лизинг нысанасының мақсатына сәйкес келмесе;

    егер лизинг алушы лизинг берушінің лизинг нысанасына қол жеткізуін шектесе;

    егер лизинг алушы шартта көзделген мерзімде қатарынан екі және одан да көп рет лизинг шарты бойынша лизинг төлемін белгіленген көлемде төлемесе;

    5) ломбард ұсынған кредитті қайтару мерзімі өткеннен кейін кепіл нысанасын өндіріп алу үшін борышкерге-кепіл берушіге кепілдік билеті ұсынылады;

    6) қосымша шығыстарды өндіріп алу туралы талаптарды қоспағанда, «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасының Заңында бекітілген кондоминиум объектілерінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға міндетті шығыстарға қатысуға жалтаратын, үй-жайлар (пәтерлер) меншік иелерінен берешекті өндіріп алу туралы міндеттеме бойынша берешекті өндіріп алу үшін:

    өндіріп алушы куәландырған қызмет көрсету шартының көшірмесі (егер өндіріп алушы басқарушы компания болса);

    тарифтерді белгілеу туралы құжаттардың көшірмелері (хаттама, үй-жайлар (пәтерлер) иелері кооперативінің жалпы жиналысының шешімінен үзінді);

         қызметтер үшін төлем бойынша берешек сомасын есептеу туралы құжат (өндіріп алушы куәландырған берешек сомасының есебімен жеке шоттың көшірмесі немесе өндіріп алушы куәландырған жеке шоттан үзінді көшірме) ұсынылады.

    Құжатта берешекті төлеу мерзімі туралы, төлем енгізу жөніндегі міндеттің пайда болу күні туралы, берешек сомасы туралы мәліметтер болады.

    7) нақты тұтынылған көрсетілетін қызметтер (электр-, газ-, жылу-, сумен жабдықтау және басқалар) үшін жария шарттар, сондай-ақ белгіленген тарифтерге сәйкес төлеу мерзімі басталған көрсетілетін қызметтер үшін өзге шарттар негізінде берешекті өндіріп алу туралы міндеттеме бойынша берешекті өндіріп алуға атқарушылық жазбаны жасау үшін:

    өндіріп алушы куәландырған жеке шарттың көшірмесі не өндіріп алушының ресми сайтында орналастырылған жария шарт (оның мазмұнымен танысу үшін), қызметтер үшін төлем бойынша берешек сомасын есептеу туралы құжат (өндіріп алушы куәландырған берешек сомасының есебімен жеке шоттың көшірмесі немесе өндіріп алушы куәландырған жеке шоттан үзінді).

    Құжатта берешекті төлеу мерзімі туралы, төлем енгізу жөніндегі міндеттің пайда болу күні туралы, берешек сомасы туралы мәліметтер болады.

    8) жалға беру шартында белгіленген мерзімде төлемдерді төлемеуіне орай жалға беру төлемдерін өндіріп алу туралы міндеттеме бойынша берешекті өндіріп алуға атқарушылық жазбаны жасау үшін: жалға беру шарты, берешекті өтеу туралы наразылық ұсынылғанда жасалады.

    9) қызметкерге есептелген, бірақ төленбеген жалақы мен өзге де төлемдерді өндіріп алуда атқару жазбасын жасау үшін: еңбек шартының немесе еңбек кітапшасының көшірмесі; жұмыс берушінің бірінші басшысы, бухгалтері қол қойған және ұйымның мөрімен (болған жағдайда) расталған есептелген жалақы мөлшері туралы анықтамасы, есептелген жалақының төленбеуіне дәлел (төлем ведомосының, 1-С есептік парақтың көшірмелері, кешіктіру туралы анықтама немесе т.б.) ұсынылады (Қазақстан Республикасының Әділет министрінің  2012 жылғы 31 қаңтардағы №31 «Нотариустардың нотариаттық іс-әрекет жасау ережесін бекіту туралы» бұйрығының 223-тармағы).

     

Дата публикации
10 марта 2022
Дата обновления
19 июля 2023
Тип
Ақпарат

Сейчас читают

Талдамалық мақала
14 сентября 2026
Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне бейім лауазымдар тізбесі «Ұлттық зияткерлік меншік институты» РМК
Мақалалар
31 июля 2026
Атқарушылық іс жүргізуді цифрландыру – ашықтыққа және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге бастайтын жол
Мақалалар
22 июля 2026
Қазақстан Республикасындағы географиялық нұсқамалар

Социальные медиа

Facebook
YouTube

Меню подвал

ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы