Кәмелетке толмаған балаларды күтіп-бағуға алиментті өндіріп алу ерікті түрде немесе мәжбүрлеу тәртібімен жүзеге асырылады.
Алименттерді ерікті түрде төлеу кезінде тараптар тиісті келісім жасасады, онда төлемнің мөлшері мен кезеңділігін дербес айқындайды.
Егер ата-аналар келісімге келе алмаса, онда алимент өндіру мәселесін сот қарайды.
Өз пайдасына алимент өндірілетін ата - ана сотқа жүгінген кезде ол алиментті ай сайын үлестік қатынаста (бір балаға - ата-анасы табысының және (немесе) өзге де кірісінің - төрттен бір бөлігін; екі балаға - үштен бір бөлігін; үш және одан да көп балаға тең жартысын өндіріп алады) не тұрақты ақшалай сомада алатындығын таңдауға құқылы болады.
Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы кодексте, егер алимент төлейтін ата-ананың тұрақты жалақысы болмаса немесе оны заттай алса, алиментті тұрақты ақша сомасына өндіріп алу көзделетіні белгіленеді.
Бұл жағдайда алимент мөлшерін сот тараптардың материалдық және отбасылық жағдайлары мен басқа да назар аударарлық мән-жайларды ескере отырып, баланың бұрынғы қамтамасыз етілу деңгейін мүмкіндігінше сақтайтын көлемдегі айлық есептік көрсеткіш мөлшерін негізге алып айқындайды.