Қазақстан Республикасының аумағы арқылы жолаушылар мен жүктердi транзиттiк тасымалдау: Қазақстан Республикасының қолданылып жүрген заңдарына, халықаралық келiсiмдер мен шарттарға сәйкес темiржол, әуе, автомобиль, теңiз және iшкi су көлiктерiмен мемлекетаралық қатынастар үшiн ашылған жол трассалар мен су жолдары арқылы жүзеге асырылады (Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы көлік туралы» 1994 жылғы 21 қыркүйектегі № 156 Заңының 14-б.).
Жолаушының:
1) поездар жүретiн маршруттар бойынша жолаушылар операциялары үшiн ашық, өзi атаған баратын станциясына дейiн кез келген поезға не кез келген вагонға жол жүру құжатын (билет) сатып алуға;
2) сатып алған жол жүру құжатына (билетке) сәйкес поездағы вагоннан орын алуға;
3) өзiмен бiрге жетi жасқа дейiнгi бiр баланы, егер бала жеке орын алатын болмаса - ақысыз және жетi жастан он бес жасқа дейiнгi балаларды жол жүру ақысының елу пайызын төлеп, оларға жеке орын беріп, алып жүруге құқығы бар.
Басқа мемлекеттердiң жолаушы вагондарында және басқа мемлекеттердiң аумағы бойынша Қазақстан Республикасының жолаушы вагондарында тасымалдау кезiнде осы құқықты беру Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарының ережелерiне сәйкес жүзеге асырылады;
4) бiр толық жол жүру құжатына немесе баланың жол жүру құжатына салмағы отыз бес килограмнан аспайтын қол жүгiн өзiмен бiрге ақысыз алып жүруге құқығы бар.
Салмағы бұдан асатын қол жүгi багаж вагонына тапсырылуға тиiс.
Мүгедектер мен халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтары арасынан шыққан жолаушылардың жеке пайдалануға арналған техникалық көмекші (компенсаторлық) құралдарды және арнайы қозғалыс құралдарын өздерімен тегін алып жүруге қосымша құқығы бар;
5) тасымалдау ережелерiнде белгiленген тәртiп бойынша тасымалдаушыға жол жүру құжатын (билеттi) қайтарып тапсыруға және тасымалдаушыдан жол жүру және багажды алып жүру ақысын (ал жөнелтушi - багаж, жүк-багаж тасымалының ақысын) қайтарып алуға;
6) тасымалдау ережелерiнде белгiленген тәртiппен жүру құжатының (билеттiң) қолданылу мерзiмiн ұзартуға;
7) жол бойында аялдама жасап, тасымалдау ережелерiнде белгiленген тәртiппен жол жүру құжатының (билеттiң) қолданылу мерзiмiн он күннен аспайтын мерзiмге ұзартуға;
8) бос орындар болған және сатып алынған жол жүру құжатына (билетiне) өзгерiстер енгiзген жағдайда, жол жүру құжаты (билет) сатып алынған поездан бұрын жүретiн жолаушы поезымен жүруге;
9) белгiленген ақысын төлеп, багажын тасымалдауға тапсыруға
10) жазбаша талап ету бойынша тасымалдаушыдан (билет кассаларынан немесе жолаушылар агенттіктерінен) бұрын сатып алынған жол жүру құжаты (билет) бүлінген, жоғалған жағдайда, Жолаушыларды, багажды, жүктерді, жүк-багажды тасымалдау қағидаларында белгіленген тәртіппен оның телнұсқасын алуға құқығы бар.
Бұрын қайтарылған жол жүру құжаттары (билеттер) бойынша телнұсқа берілмейді.
Жолаушы:
1) қала маңындағы қатынас поездарын қоспағанда, жол жүру құжатын (билет) сатып алған кезде, поезға отырғызу кезiнде жол бойында жол жүру құжатын (билеттi) тексерген кезде жеке басын куәландыратын құжатты көрсетуге;
2) поезға отырғызған кезде және жол үстiнде сапар аяқталғанға дейiн оның жол жүру құжаты (билетi) болуы;
3) қоғамдық тәртiптi, жолаушы вагондарын және жолаушылар тасымалдауына қызмет көрсетуге арналған объектілерді пайдалану қағидасын сақтауға, сондай-ақ тасымалдаушының мүлкiне ұқыпты қарауға және жол жүру барысында да, күту орындарында да өрт қауіпсіздігі қағидасын сақтауға мiндеттi (Қазақстан Республикасының «Теміржол көлігі туралы» 2001 жылғы 8 желтоқсандағы № 266 Заңының 67-б.).
Авиакомпания жүкті әйелді, егер жүктілік мерзімі 34 аптаға дейін (бір ұрықты жүктілік кезінде), ал көп ұрықты жүктілік кезінде – 32 аптадан артық емес мерзімді құраса, күтілетін туу мерзімі бойынша есептелетін, жүктіліктің 22 аптасынан кейін авиакомпанияға ұсынылатын жүктілік мерзімі мен денсаулығының жай-күйі туралы анықтамамен расталуы тиіс денсаулығының жай-күйі қанағаттанарлық болған жағдайда әуе көлігінде тасымалдауға қабылдайды.
Жүктілік мерзімі 34 аптадан асатын жүкті әйелдер тасымалдау басталғанға дейін 30 күннен ерте емес медициналық ұйыммен ресімделуі тиіс өзінің денсаулығының жай-күйі туралы «Денсаулық сақтау саласындағы есепке алу құжаттамасының нысандарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының 2020 жылғы 30 қазандағы № ҚР ДСМ-175/2020 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21579 болып тіркелген) бекітілген нысандағы (026/у) дәрігерлік-консультациялық комиссияның қорытындысын (бұдан әрі - 026/у нысындағы дәрігерлік-консультациялық комиссияның қорытындысы) ұсынуы тиіс, ол тасымалдау басталғанға дейін күнтізбелік 30 күннен ерте емес мерзімде медициналық ұйымның ресімдеуімен рұқсат етіледі. Медициналық қорытындыда жүктілік мерзімі көрсетілуі және жүктілік ешқандай асқынуларсыз өтіп жатқанын растауы тиіс.
Авиакомпания тіпті 026/у нысандағы дәрігерлік-консультациялық комиссияның қорытындысы болған жағдайда да, егер туу мерзімі жақындағы күнтізбелік 7 күнде күтілетін болса, жүкті әйелдерді тасымалдаудан бас тартады (Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2015 жылғы 30 сәуірдегі № 540 бұйрығымен бекітілген, Жолаушыларды, багажды және жүктердi әуе көлiгiмен тасымалдау қағидаларының 32-34 т.).
Тасымалдаушының кінәсінен рейс орындалмаған немесе кідіртілген немесе әуе кемесінің кеш келуі, тасымалдау маршрутының өзгеруі салдарынан рейс кідірген, орындалмаған кезде тасымалдаушы жолаушылар үшін жөнелту пункттері мен аралық пункттерде мынадай:
1) жеті жасқа дейінгі балалы (болған кезде) жолаушыға ана мен бала бөлмесін ұсыну;
2) рейстің жөнелтілуін екі сағаттан аса күткен кезде ұзақтығы бес минуттан аспайтын екі телефон қоңырауын шалу, оның ішінде халықаралық байланыс желісі бойынша қоңырау шалу немесе электрондық почта арқылы екі хабарлама жіберу;
3) рейстің жөнелтілуін екі сағаттан аса күткен кезде салқындатылған сусындармен қамтамасыз ету;
4) рейстің жөнелтілуін төрт сағаттан аса және әрі қарай күткен кезде:
күндізгі уақытта - әрбір алты сағат сайын;
түнгі уақытта әрбір сегіз сағат сайын ыстық тамақпен қамтамасыз ету;
5) рейстің ұшуын күндізгі уақытта сегіз сағаттан аса және түнгі уақытта алты сағаттан аса күткен кезде тасымалдаушы ұсынған қонақ үйге орналастыру;
6) қонақ үй қосымша ақысы алынбай ұсынылатын жағдайда тасымалдаушы ұсынған көлікпен әуежайдан қонақ үйге дейін және кері қарай жеткізу қызметтерін көрсетуді ұйымдастыруға міндетті.
Осы тармақта көрсетілген қызметтер жолаушыларға қосымша ақысы алынбай көрсетіледі.
Тасымалдаушының кінәсінен рейс орындалмаған немесе он сағаттан астам мерзімге кідіртілетін кезде, жолаушының қалауы бойынша, тасымалдаушы:
1) осы баптың 1-тармағына сәйкес қызметтер көрсете отырып, жолаушыны билетте көрсетiлген баратын жеріне жақын арада ұшатын рейспен тасымалдауды қамтамасыз етуге;
2) жолаушыға билеттiң толық құнын қайтаруға мiндеттi.
Осы баптың 1 және 2-тармақтарында көзделген талаптарды бұзуға жол берген тасымалдаушылар Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес жауапты болады (Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» 2010 жылғы 15 шілдедегі № 339-IV Заңының 86-б.).
Тасымалдаушы тіркелген багаждың, жүктің жоғалғаны, жетіспеушілігі және (немесе) зақымданғаны (бүлінгені) үшiн, егер багаждың немесе жүктің жоғалғаны, жетіспеушілігі және (немесе) зақымданғаны (бүлінгені) оның кінәсінен болмағандығын дәлелдемесе, залалды мынадай мөлшерде:
1) тасымалдауға құны жарияланбай қабылданған багаждың, жүктің жоғалғаны немесе жетіспеушілігі үшiн – әуемен тасымалдау шартында белгіленген мөлшерде;
2) тасымалға құны жарияланып қабылданған багаждың, жүктің жоғалғаны немесе жетіспеушілігі үшiн – жарияланған құн мөлшерiнде;
3) багаждың, жүктің зақымданғаны үшін – багаждың, жүктің құнының азайған сомасы мөлшерiнде, ал зақымданған жүкті немесе багажды қалпына келтіру мүмкін болмаған кезде – оның құны мөлшерінде өтейді.
Тасымалдаушы жолаушының өзінде болған заттардың жоғалғаны, жетіспеушілігі және (немесе) зақымданғаны (бүлінгені) үшiн, егер жолаушы зиян тасымалдаушының кінәсінен болғандығын дәлелдесе, заттар құнының азайған сомасы мөлшерінде залалды өтейді.
Халықаралық ұшуды орындаған кезде тіркелген багаждың, жүктің, жолаушының өзінде болған заттардың жоғалғаны, жетіспеушілігі және (немесе) зақымданғаны (бүлінгені) үшiн тасымалдаушының жауаптылығы Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес айқындалады.
Егер багаждың, жүктiң бiр бөлiгiнiң немесе солардың iшiндегi қандай да бiр заттың жоғалғаны, жетiспеушiлiгi және (немесе) зақымданғаны (бүлінгені) сол багаж түбiртегiнде немесе жүкқұжатында жазылған багаждың немесе жүктiң құнына әсер ететін болса, өтем мөлшерiн белгiлеген кезде бүкіл осы багаждың және (немесе) жүктiң жалпы құны ескерiлуге тиiс.
Тасымалдаушы жүктiң немесе багаждың жоғалуынан, жетіспеушілігінен немесе зақымдануынан (бүлiнуiнен) келтiрiлген белгiленген залалды өтеумен қатар, жөнелтушiге (алушыға), егер тасымалдау ақысы жүк құнына кiрмейтiн болса, жоғалған, жетіспеген, бүлiнген немесе зақымданған жүктi немесе багажды тасымалдау үшiн алынған ақыны қайтарады (Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» 2010 жылғы 15 шілдедегі № 339-IV Заңының 84-б.).
Жолаушылар, багаж және жүк тасымалына:
1) Қазақстан Республикасының автомобиль көлiгi туралы заңдарына сәйкес бiлiктiлiгiн және кәсiби жарамдылығын растайтын құжаттары;
2) тасымалдың тиiстi түрiн жүзеге асыруға жарамды және техникалық регламенттердiң талаптарына сай келетiн автокөлiк құралдары бар тасымалдаушылар жiберiледi.
Шағын автобустармен жолаушылар тасымалдауға жиырма бір жасқа толған, «D1» кіші санатындағы көлік құралдарын басқару құқығы және кемінде үш жыл жүргізуші жұмыс өтілі, оның ішінде кемінде бір жыл «С» санатына жатқызылатын көлік құралдарын басқару өтілі бар жүргiзушiлер жiберiледi.
Жүргізушінің орнынан басқа, он алтыдан көп отыратын орындары бар автобустармен және троллейбустармен жолаушылар тасымалдауға жиырма бес жасқа толған, кемінде бес жыл жүргізуші жұмыс өтілі, оның ішінде кемінде үш жыл «D1» кіші санатына жатқызылатын көлік құралдарын басқару өтілі бар жүргiзушiлер жiберiледi.
Автобустарда багаж қоятын бөлiмшеден тыс орында жүк, оның iшiнде багаж тасымалдауға тыйым салынады.
Таксимен тасымалдауды жүзеге асыру үшін кемiнде төрт есiгi бар, сериялы шығарылатын жеңiл автомобильдердi пайдалануға жол берiледi.
Таксимен тасымалдау үшiн арнаулы, оның iшiнде толықтай қолмен, рулi оң жақтан басқарылатын, сондай-ақ бүйір есiгi төрт есіктен аз автокөлiк құралдарын пайдалануға тыйым салынады (Қазақстан Республикасының «Автомобиль көлiгi туралы» 2003 жылғы 4 шілдедегі 476 № Заңының 7-б.).
Жолаушы поездарына жол жүру құжаттарын сату жолаушы тасымалын басқарудың автоматтандырылған жүйесі (АБЖ) терминалдарының (автоматтандырылған тәсіл), электрондық сату жүйелерінің, өзіне өзі қызмет көрсету автоматтарының (терминалдары), қол технологиясы бойынша диспетчерлік терминалдардың (ДТМ) (автоматтандырылмаған тәсіл), қала маңындағы поездарға билет басатын автоматтардың (ББМ) көмегімен жүргізіледі (Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрінің 2013 жылғы 23 қыркүйектегі № 742 бұйрығымен бекітілген, Қазақстан Республикасында теміржол көлігінде жол жүру құжаттарын (билеттерді) сатуды ұйымдастыру қағидасының 5-т.).
Мүгедектер мен мүмкіндігі шектелген тұрғындардың тобына жататын жолаушылар өзімен қосымша жолжүгі ретінде жеке пайдалануына арналған зембілдер мен мүгедектік арбаларды тегін алып жүре алады.
Авиакомпания немесе уәкілетті агент мүгедектi кресло-арбада немесе сырқат адамды зембiлде тасымалдау кезiнде әуе кемесiнiң бортынан (бортына) жеткiзу үшiн осындай жолаушының тасымалдануы туралы әуежайды алдын ала хабардар етедi.
Мүгедектерді және халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтарын тасымалдау кезінде тіркеу бойынша тиісті рәсімдер жүргізілгеннен кейін авиакомпания (әуежай) өкілі олармен әуе кемесіне (нен) бірге ілесіп жүреді.
Мүгедектерді және халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтарын және бірге ілесіп жүретін адамдарды әуе кемесінің бортына отырғызу жолаушылардың негізгі бөлігін отырғызу жарияланғанға дейін бірінші кезекте және әуе кемесінен түсірілгеннен кейін соңғы кезекте жүргізіледі (Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2015 жылғы 30 сәуірдегі № 540 бұйрығымен бекітілген, Әуе көлігімен жолаушыларды, багажды және жүктерді тасымалдау ережесінің 23,31,44 т.).
Мүгедектердің теміржол көлігі саласындағы көрсетілетін қызметтерге қол жеткізуі үшін теміржол вокзалдарында және теміржол станцияларында:
1) арнайы жол белгілері орнатыла отырып, мүгедектердің автокөлік құралдарын қоюға арналған орындардың бөлінуі;
2) ғимараттардың, ғимараттарға кіреберіс жолдардың (ғимаратқа кірер жолдардың, баспалдақтардың), ғимарат ішіндегі қозғалыс жолдарының халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтары үшін ыңғайластырылуы;
3) көру және (немесе) есту қабілеттері бұзылған мүгедектер үшін Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес қолжетімді ақпараттық сигналдық құрылғылармен және байланыс құралдарымен жабдықталуы;
4) тірек-қимыл аппараты бұзылған мүгедектерге және халықтың жүріп-тұруы шектеулі басқа да топтарына қызмет көрсету үшін мүгедектерге арналған кезекші кресло-арбаның болуы;
5) қоғамдық дәретханалардың мүгедектердің кресло-арбаларымен жүріп-тұратын адамдарға арналған кабиналармен жабдықталуы;
6) мүгедектердің кресло-арбаларымен жүріп-тұратын адамдарға арналған арнайы таксофондардың орнатылуы қамтамасыз етілуге тиіс.
Поездың құрамында мүгедектердің кресло-арбаларымен жүріп-тұратын адамдарды отырғызуға және түсіруге арналған көтергіш құрылғылары, мүгедектердің кресло-арбаларымен жүріп-тұратын адамдарға арналған арнайы орындары бар вагон болуға тиіс (Қазақстан Республикасының «Теміржол көлігі туралы» 2001 жылғы 8 желтоқсандағы № 266 Заңының 17-2-б.).
Тасымалдаушының кiнәсiнен жолаушы тасымалдайтын автокөлiк құралының кiдiргенi немесе мұндай автокөлiк құралының межелi пунктке (қалалық, қала маңындағы, ауданішілік және ауылдық қатынастар тасымалын қоспағанда) кешiккенi үшiн тасымалдаушы кешiккен әрбiр сағат үшiн жолаушыға жол жүру құжаты (билетi) құнының үш процентi мөлшерiнде айыппұл төлейдi, егер кiдiру немесе кешiгу еңсерiлмейтiн күштiң салдарынан болғанын дәлелдей алмаса, келтiрiлген зиянды да өтейдi. Бұл орайда айыппұл сомасы жолаушы сатып алған жол жүру құжатының (билетiнiң) құнынан аспауға тиiс.
Жөнелтудiң кiдiртiлуiне байланысты жолаушы автомобиль тасымалынан бас тартқан жағдайда, тасымалдаушы жолаушыға жол жүру ақысын толық мөлшерде қайтаруға, сондай-ақ мұндай кiдiрiске байланысты оның шеккен шығындарын өтеуге мiндеттi.Тасымалдаушы багажды жеткiзу мерзiмiн кешiктiргенi үшiн багажды алушыға толық емес тәулiктi толық тәулiк деп есептей отырып, кешiктiрген әрбiр тәулiкке багажды автомобильмен тасымалдау төлемақысының он процентi мөлшерiнде, бiрақ тасымалдау ақысының елу процентiнен аспайтын мөлшерде айыппұл төлейдi.
Багажды жеткiзу мерзiмiнiң өтуi багаж келуге тиiс күнтiзбелiк күнгi сағат жиырма төрттен бастап есептеледi. Багажды жеткiзу мерзiмiнiң өтiп кеткенi үшiн айыппұлды тасымалдаушы жолаушының талабы бойынша жасалған акт негiзiнде багажды беру кезiнде төлейдi.
Тасымалдаушы багажды жөнелтушiден немесе алушыдан кiдiртуге байланысты туындайтын шығындарды, егер олар орын алған болса, өтеуге мiндеттi. Қалааралық ауданаралық (облысішілік қалааралық) облысаралық және халықаралық маршруттарда автобусты, шағын автобусты жөнелту тасымалдаушының кiнәсiнен он сағатқа және одан да көп уақытқа кешiктiрiлген жағдайда тасымалдаушы жолаушыларға өз есебiнен қонақ үйден орын алып беруге және тамақпен қамтамасыз етуге мiндеттi.
Жолаушының сұрауы бойынша автомобиль тасымалы мерзiмiнiң кешiгуi немесе рейстiң тоқтатылуы туралы оған ресми құжат берiледi немесе жүру құжатында (билетте) белгi соғылады. Рейс тоқтатылған кезде, еңсерiлмейтiн күштiң әсер ету жағдайларын қоспағанда, тасымалдаушы жолаушының таңдауы бойынша жолаушыны жүру құжатында (билетiнде) көрсетiлген межелi пунктке дейiн жуық арада жүретiн рейспен жөнелтудi қамтамасыз етуге нeмece жолаушыға жол жүру құжатының (билеттiң) екi еселенген құнын қайтарып беруге мiндеттi (Қазақстан Республикасының «Автомобиль көлiгi туралы» 2003 жылғы 4 шілдедегі № 476 Заңының 47-б.).