«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне адвокаттық қызмет және заң көмегі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2021 жылғы 9 маусымдағы № 49-VII ҚР Заңымен 2018 жылғы 5 шілдедегі № 176-VІ «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» ҚР Заңына өзгерістер енгізілді, Заң консультанттарының заң көмегін көрсету мәселелері бойынша, ең өзекті мәселелерді қарастырамыз:
1-сұрақ. Заң консультанты деген кім?
Жауабы:
Жоғары заң білімі бар, заң мамандығы бойынша кемінде екі жыл жұмыс өтілі бар, аттестаттаудан өткен, заң консультанттары палатасының мүшесі болып табылатын және заң көмегін көрсететін жеке тұлға заң консультанты болып табылады.
Заң консультанты заң көмегін дара кәсіпкерлік түрінде жеке практикамен айналыса отырып не дара кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркеусіз, сондай-ақ заңды тұлғамен еңбек шарты негізінде өзі дербес көрсете алады (Қазақстан Республикасының 2018 жылғы 5 шілдедегі № 176-VІ «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» Заңының 75-бабы).
2-сұрақ. Заң консультантының құқықтары қандай?
Жауабы:
Заң консультанты өкіл ретінде әрекет ете отырып:
1) заң көмегін сұрап өтініш жасаған тұлғалардың құқықтары мен мүдделерін құзыретіне тиісті мәселелерді шешу кіретін соттарда, мемлекеттік, өзге де органдар мен ұйымдарда білдіруге;
2) барлық мемлекеттік органдардан, жергілікті өзін-өзі басқару органдары мен заңды тұлғалардан заң көмегін көрсетуге қажетті мәліметтерді сұратуға және алуға;
3) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен және шектерде, заң көмегін көрсетуге қажетті нақты деректерді өзі дербес жинауға, сондай-ақ оларды мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдарға ұсынуға;
4) процестік құжаттарды, сот істерін қоса алғанда, заң көмегін сұрап өтініш жасаған тұлғаға қатысты материалдармен танысуға және оларда қамтылған ақпаратты заңдарда тыйым салынбаған кез келген тәсілмен тіркеп алуға;
5) заң көмегін көрсетуге байланысты туындайтын және ғылым, техника, өнер саласында және басқа да қызмет салаларында арнайы білімді талап ететін мәселелерді түсіндіру үшін шарттық негізде мамандардың қорытындыларын сұратуға;
6) мемлекеттік билік, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, қоғамдық бірлестіктердің, ұйымдардың, лауазымды адамдар мен мемлекеттік қызметшілердің көмек сұрап өтініш жасаған тұлғалардың құқықтарына және заңмен қорғалатын мүдделерiне қысым жасайтын шешімдеріне және әрекеттерiне (әрекетсіздігіне) өтiнiшхаттар мәлiмдеуге, белгiленген тәртiппен шағымдар келтіруге;
7) заң көмегін сұрап өтініш жасаған тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудың заңмен тыйым салынбаған барлық құралдары мен тәсілдерін пайдалануға;
8) татуластыру рәсімдерін жүргізуге;
9) кешенді әлеуметтік заң көмегін көрсетуге;
10) Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге де әрекеттер жасауға құқықты (Қазақстан Республикасының 2018 жылғы 5 шілдедегі № 176-VІ «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» Заңының 76-бабының 3-тармағы).
3-сұрақ. Заң консультантының міндеттері қандай?
Жауабы:
Заң консультанты:
1) Қазақстан Республикасының адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы заңнамасының талаптарын, сондай-ақ заң консультанттары палатасының қағидалары мен стандарттарының талаптарын сақтауға;
2) өзі мүшесі болып табылатын заң консультанттары палатасы белгілеген Кәсіптік әдеп кодексінің қағидаларын сақтауға, сондай-ақ осы Заңда белгіленген жарналарды төлеуге;
3) кәсіптік қызметте заң көмегін көрсету қағидаттарын басшылыққа алуға;
4) соттарда тұлғалардың мүдделерін білдіру түрінде заң көмегін көрсету үшін заң консультанттары палаталарының бірінің мүшесі болуға;
5) клиентке заң көмегін көрсетуге кедергі келтіретін мән-жайлардың туындауы салдарынан өзінің заң көмегін көрсетуге қатыса алмайтыны туралы хабарлауға;
6) заң көмегін көрсету кезінде клиенттен және үшінші тұлғалардан алынатын құжаттардың сақталуын қамтамасыз етуге;
7) клиентке заң консультанттары палатасына мүшелігі туралы ақпарат беруге;
8) клиенттің талап етуі бойынша заң консультантының кәсіптік жауапкершілігін сақтандыру шартының көшірмесін ұсынуға;
9) клиенттің талап етуі бойынша, өзі мүшесі болып табылатын заң консультанттары палатасы мүшелерінің тізілімінен үзінді-көшірме ұсынуға;
10) егер клиент бұған қарсы болмаса, клиентпен құпия ақпаратты жария етпеу туралы келісім жасасуға;
11) клиенттің құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз етуге бағытталған нақты мән-жайларды анықтау бойынша заңда тыйым салынбаған кез келген әрекеттерді орындауға;
12) заң көмегін көрсету кезінде пайдаланылған құжаттардың көшірмелерін заң көмегін көрсету аяқталған күнінен бастап үш жыл бойы қағаз немесе электрондық жеткізгіште не электрондық құжаттар нысанында клиенттің талап етуі бойынша сақтауға;
13) өзінің біліктілігін ұдайы арттырып отыруға;
14) кәсіптік жауапкершілікті сақтандыруды жүзеге асыруға міндетті (Қазақстан Республикасының 2018 жылғы 5 шілдедегі № 176-VІ «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» Заңының 76-бабының 4-тармағы).
4-сұрақ. Заң консультантының құпиясын не құрайды?
Жауабы:
Заң консультантына жүгіну фактісі, көмек сұрап өтініш жасаған тұлғамен және басқа да адамдармен ауызша және жазбаша келіссөздердің мазмұны туралы, көмек сұрап өтініш жасаған тұлғаның мүддесінде қабылданатын әрекеттердің сипаты мен нәтижелері туралы мәліметтер заң консультантының құпиясын құрайды.
Заң консультанттары, олардың көмекшілері, заң консультанттары палаталарының және олардың органдарының лауазымды адамдары, сондай-ақ заң консультантының мәртебесінен айырылған адам заң көмегін көрсетуге байланысты және (немесе) өзінің кәсіптік қызметін жүзеге асыру нәтижесінде алынған қандай да бір мәліметтерді жария етуге, сондай-ақ өз мүддесінде немесе үшінші тұлғалардың мүддесінде пайдалануға құқылы емес.
Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, заң консультантының құпиясына жататын мәліметтерді көмек сұрап өтініш жасаған тұлғаның келісуінсіз жария еткені үшін осы баптың 2-тармағында аталған адамдар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
«Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес қаржы мониторингі жөніндегі уәкілетті органға мәліметтер мен ақпарат ұсыну заң консультантының құпиясын жария ету болып табылмайды.
Кәсіптік құпияны сақтау міндеті уақытпен шектелмейді.
Заң консультанттары, олардың көмекшілері, заң консультанттары палаталарының және олардың органдарының лауазымды адамдары, сондай-ақ заң консультанты мәртебесінен айырылған адам кәсіптік құпияны сақтау, оның ішінде оны санкцияланбаған қол жеткізуден қорғау үшін қажетті шаралар қабылдауға міндетті (Қазақстан Республикасының 2018 жылғы 5 шілдедегі № 176-VІ «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» Заңының 77-2-бабы).
5-сұрақ. Мемлекеттік органдар заң консультантының жазбаша сұрау салуына қанша уақыт ішінде жауап беруге міндетті?
Жауабы:
Мемлекеттік органдар, жергілікті өзін-өзі басқару органдары және заңды тұлғалар заң консультантының заң көмегін көрсетуіне байланысты сұрау салуына он жұмыс күні ішінде жазбаша жауап беруге міндетті.
Егер ақпарат қол жеткізу шектелген ақпаратқа жатқызылған жағдайда, заң консультантына сұрау салынған мәліметтерді беруден бас тартылуы мүмкін (Қазақстан Республикасының 2018 жылғы 5 шілдедегі № 176-VІ «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» Заңының 76-1-бабының 2-тармағы).
6-сұрақ. Заң консультанттары палатасы дегеніміз не?
Жауабы:
Заң көмегін көрсету жөніндегі қызметті реттеу және өз мүшелерінің Қазақстан Республикасының адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы заңнамасының, заң консультанттары палатасының қағидалары мен стандарттарының, Кәсіптік әдеп кодексінің талаптарын сақтауы бөлігінде олардың қызметін бақылау мақсатында құрылған, заң консультанттары палаталарының тізіліміне енгізілген, мүшелік шарттарында кемінде екі жүз заң консультантын біріктіретін, міндетті мүшелікке негізделген өзін-өзі реттейтін ұйым заң консультанттары палатасы болып танылады (Қазақстан Республикасының 2018 жылғы 5 шілдедегі № 176-VІ «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» Заңының 78-бабының 1-тармағы).
7-сұрақ. Заң консультанттары палатасының мүшесі болу міндетті ме?
Жауабы:
Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексіне және Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексіне сәйкес жеке және заңды тұлғалардың мүдделеріне өкілдік ету түрінде заң көмегін жүзеге асыратын адамдар үшін заң консультанттары палатасына мүшелік міндетті болып табылады (Қазақстан Республикасының 2018 жылғы 5 шілдедегі № 176-VІ «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» Заңының 82-бабы).
8-сұрақ. Заң консультанттары палатасының мүшесі кім бола алады?
Жауабы:
Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы Заңның 75-бабында белгіленген талаптарға сәйкес келетін, сондай-ақ аттестаттаудан өткен жеке тұлға заң консультанттары палатасының мүшесі бола алады.
Заң консультанттары палатасы палата мүшелеріне қойылатын қосымша талаптарды көздеуі мүмкін.
Аттестаттау Қазақстан Республикасының заңнамасын білуін кешенді тестілеу түрінде жүргізіледі.
Заң консультанттары палатасына кіру үшін атестаттау жүргізу тәртібі мен шарттарын заң консультанттары палатасы уәкілетті органмен келісу бойынша айқындайды.
Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы Заңның талаптарына сәйкес келетін және заң консультанттары палатасы белгілеген кешенді тестілеудің шекті балын жинаған үміткер аттестаттаудан өткен болып есептеледі.
Сот тәртібімен әрекетке қабілетсіз не әрекетке қабілеті шектеулі деп танылған не заңда белгіленген тәртіппен жойылмаған немесе алынбаған сотталғандығы бар адам заң консультанты бола алмайды.
Мыналар:
1) Қазақстан Республикасының Жоғары Сот Кеңесі жанындағы Біліктілік комиссиясында біліктілік емтиханын тапсырған, сотта тағылымдамадан ойдағыдай өткен және облыстық немесе оған теңестірілген соттың жалпы отырысының оң пікірін алған адамдар;
2) «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 34-бабы 1-тармағының 1), 2), 3), 9), 10) және 12) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша судья өкілеттіктерін тоқтатқан адамдар;
3) Қазақстан Республикасының заң мамандығы бойынша ғылыми дәрежесі бар адамдар;
4) адвокаттық қызметпен айналысуға лицензиясы бар адамдар;
5) теріс себептер бойынша шығарылғандарды қоспағанда, прокурор немесе тергеуші лауазымында кемінде он жыл жұмыс өтілі болған жағдайда, прокуратура және тергеу органдарынан шығарылған адамдар аттестаттаудан өтуден босатылады (Қазақстан Республикасының 2018 жылғы 5 шілдедегі № 176-VІ «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» Заңының 83-бабының 1-тармағы).
9-сұрақ. Заң консультанттары палатасында жыл сайынғы мүшелік жарналардың мөлшері қандай?
Жауабы:
Заң консультанттары палатасында жыл сайынғы мүшелік жарналар белгіленеді.
Жыл сайынғы мүшелік жарналардың мөлшері тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген айлық есептік көрсеткіштің он бес еселенген мөлшерінен кем болмауға және жетпіс бес еселенген мөлшерінен аспауға тиіс.
Жүктілігі және босануы бойынша не бала үш жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты демалыста болған кезеңде заң консультанттары және еңбекке уақытша қабілетсіздігі салдарынан қатарынан екі айдан астам кәсіптік қызметті жүзеге асырмаған заң консультанттары мүшелік жарна төлеуден босатылады.
Кәсіптік қызметін ауылдық елді мекендерде жүзеге асыратын не бір жылдан аз кәсіптік қызмет өтілі бар заң консультанттары мүшелік жарналарды белгіленген мөлшерлеменің елу пайызы мөлшерінде төлейді.
Кіру жарналарына тыйым салынады (Қазақстан Республикасының 2018 жылғы 5 шілдедегі № 176-VІ «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» Заңының 88-бабы).
10-сұрақ. Заң консультантының қызметін сақтандыру дегеніміз не?
Жауабы:
Заң консультанты шартқа сәйкес заң көмегі көрсетілетін үшінші тұлғаларға зиян келтіру салдарынан туындайтын міндеттемелер бойынша кәсіптік жауапкершілікті сақтандыру шартын жасасуға міндетті.
Заң консультанты кәсіптік жауапкершілікті сақтандыру шарты болмаған кезде заң көмегін көрсетуге кірісуге құқылы емес.
Егер заң консультанты заңды тұлғамен еңбек қатынастарында тұрған жағдайда, заң консультантының кәсіптік жауапкершілігін сақтандыру шартын жасасу жөніндегі міндет осы заңды тұлғаға жүктеледі.
Сақтанушының (сақтандырылған тұлғаның) шартқа сәйкес заң көмегі көрсетілетін үшінші тұлғаларға қызметті жүзеге асыру нәтижесінде келтірілген зиянды Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен өтеу міндетіне байланысты мүліктік мүдделері заң консультантының кәсіптік жауапкершілігін сақтандыру объектісі болып табылады.
Шартқа сәйкес заң көмегі көрсетілетін үшінші тұлғалардың мүліктік мүдделеріне сақтандырылған тұлғаның заң көмегін көрсету кезінде жол берген кәсіптік қателіктері салдарынан келтірілген зиянды өтеу бойынша сақтанушының азаматтық-құқықтық жауапкершілігінің басталу фактісі заң консультантының кәсіптік жауапкершілігін сақтандыру шарты бойынша сақтандыру жағдайы болып табылады.
Осы тараудың мақсаттары үшін кәсіптік қателіктер деп мыналар:
1) процестік мерзімдерді өткізіп алу;
2) құжаттарды дұрыс рәсімдемеу;
3) шартқа сәйкес заң көмегі көрсетілетін тұлғаға өзіне зиян келтіруге алып келген, жасалатын заңдық әрекеттердің салдары туралы хабарламау;
4) сақтанушы (сақтандырылған тұлға) заң көмегін көрсету үшін клиенттен алған құжаттардың жоғалуы немесе бүлінуі;
5) сақтандырылған тұлғаның заң көмегін көрсету процесінде өзіне мәлім болған мәліметтерді құқыққа сыйымсыз жария етуі түсініледі.
Заң консультантының кәсіптік жауапкершілігін сақтандыру шартында сақтандырылған тұлғаның осындай көмек көрсетуі нәтижесінде шартқа сәйкес заң көмегі көрсетілетін үшінші тұлғалардың мүліктік мүдделеріне зиян келтіруге алып келген өзге де әрекеттер (әрекетсіздік) айқындалуы мүмкін.
Егер шартқа сәйкес заң көмегі көрсетілетін үшінші тұлғаларға келтірілген зиян сақтанушының (сақтандырылған тұлғаның) кәсіптік міндеттерді абайсыз бұзуының салдары болып табылса, сақтандыру жағдайы басталған болып есептеледі (Қазақстан Республикасының 2018 жылғы 5 шілдедегі № 176-VІ «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» Заңының 77-бабының 1-4 тармақтары).