Атқарушылық іс жүргізу бұзылған құқықтар мен заңмен қорғалатын мүдделерді қорғауды қамтамасыз етуге бағытталған сот органдарының актілерін мәжбүрлеп іске асырудың заңмен белгіленген тәртібін білдіреді. Қазақстан Республикасының «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Заңының негізінде атқарушылық іс жүргізуге қатысты өзекті мәселелерді қарастырамыз.
1-сұрақ. Атқарушылық құжатқа не жатады?
Жауабы:
Мыналар атқарушылық құжаттар болып табылады: сот актiлерiнiң негiзiнде берiлетiн атқарушылық парақтар; «Астана» халықаралық қаржы орталығы сотының шешімдері негізінде берілетін атқару парақтары; Қазақстан Республикасының азаматтық iс жүргiзу заңнамасына сәйкес берiлетiн сот бұйрықтары; Қазақстан Республикасының аумағында халықаралық, шетелдiк соттардың және төрелiк соттардың шешiмдерiн мәжбүрлеп орындату туралы сот актiлерiнiң негiзiнде берiлетiн атқарушылық парақтар; төреліктің шешiмдерiн мәжбүрлеп орындату туралы соттың ұйғарымы негiзiнде берiлетiн атқару парақтары; соттардың талап қоюды қамтамасыз ету туралы немесе талап қоюды қамтамасыз етудің күшін жою туралы ұйғарымдары; «Астана» халықаралық қаржы орталығы сотының талап қоюды қамтамасыз ету немесе талап қоюды қамтамасыз етудің күшін жою туралы бұйрықтары; Қазақстан Республикасының Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы кодексiнде көзделген жағдайларда әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстер бойынша шығарылған сот қаулылары; Қазақстан Республикасының Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы кодексiнде көзделген жағдайларда әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарауға уәкiлеттi органның (лауазымды тұлғаның) қаулылары; жұмыс берушінің жалақы төлеуі туралы нұсқама; атқару санкциясын өндіріп алу туралы сот орындаушысының қаулылары; сот орындаушысының атқарушылық іс-әрекеттер жасау кезінде келтірілген шығыстарды өтеу туралы қаулысы; жеке сот орындаушысының өзінің қызмет ақысының сомасын бекіту туралы қаулысы; әкімшілік жаза қолдануға уәкілеттік берілген орган (лауазымды адам) берген айыппұл төлеу қажеттігі туралы нұсқамалар; атқарушылық жазба; қылмыстық іс бойынша шығарылған мүлікке тыйым салу туралы сот қаулысы; жеке тұлғаның берешегін өндіріп алу туралы салықтық бұйрық (Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 2 сәуірдегі № 261-IV «Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» Заңының 9-б. 1-т.).
2-сұрақ. Жеке сот орындаушысы атқарушылық іс жүргізудің қозғалғаны туралы хабарлауға міндетті ме?
Жауабы:
Атқарушылық іс жүргізуге қатысушылар атқарушылық әрекеттер және мәжбүрлеп орындату шаралары туралы хабархатпен хабарландырылады.
Атқарушылық құжат дереу орындалуға жататын жағдайларда, сондай-ақ мүлікке тыйым салу және өзге де қамтамасыз ету шараларын қабылдау кезінде сот орындаушысы атқарушылық әрекеттер жасауға және атқарушылық іс жүргізуге қатысушыларды бұл туралы алдын ала хабардар етпей, мәжбүрлеп орындату шараларын қабылдауға құқылы (Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 2 сәуірдегі № 261-IV «Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» Заңының 27-б. 1-т. 1,2-б.).
3-сұрақ. Жеке сот орындаушысы жалақы картасын бұғаттауға құқылы ма?
Жауабы:
Сот орындаушысы атқарушылық құжаттардың орындалуын қамтамасыз ету жөнiнде шаралар қабылдауға мiндеттi.
Атқарушылық құжаттардың орындалуын қамтамасыз ету жөнiндегi шаралар мыналар болып табылады: борышкердiң өзiндегi не өзге де жеке немесе заңды тұлғалардағы (банктердi және банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдарды, сондай-ақ сақтандыру ұйымдарын қоспағанда) ақшасы мен бағалы қағаздарын қоса алғанда, мүлкiне тыйым салу;
борышкердiң банктердегi, банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдардағы, сондай-ақ сақтандыру ұйымдарындағы ақшасы мен мүлкiне тыйым салу; борышкердiң өзiндегі не өзге де жеке немесе заңды тұлғалардағы жылжымалы мүлкін алып қою; борышкердiң өзiндегі не өзге де жеке немесе заңды тұлғалардағы жылжымайтын мүлкiн алып қою; борышкерге белгілі бір іс-әрекеттер жасауға тыйым салу, оның ішінде заңды тұлға органдарына шешімдер қабылдауға тыйым салу, сол сияқты заңды тұлғаның жылжымалы және жылжымайтын мүлкін, мүліктік және мүліктік емес құқықтарын, бағалы қағаздарын және жарғылық капитал мен мүліктегі үлестерін иеліктен шығару жөнінде қабылданған шешімдердің қолданылуын тоқтата тұру; борышкердiң оған меншiк құқығы негiзiнде тиесiлi мүлiктi, оның iшiнде ақшаны пайдалануына тыйым салу не оларды сот атқарушысы белгiлеген шекте пайдалануға нұсқау беру; борышкер мүлкiне сүргi салу; құқық белгiлейтiн құжаттарды алып қою; басқа адамдардың борышкерге мүлiк, оның iшiнде ақша беруiне немесе оған қатысты өзге де іс-әрекеттерді орындауына тыйым салу (Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 2 сәуірдегі № 261-IV «Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» Заңының 32-б. 1,2 –т.).
4-сұрақ. ҚР-дан шығуға уақытша шектеу салу себептері? ҚР шығуын уақытша шектеу туралы қаулы қандай жағдайларда шығарылады?
Жауабы:
Сот орындаушысы:
1) атқарушылық құжаттың мерзімді төлемдерді өндіріп алу туралы талаптары үш айдан астам;
2) республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген қырық еселенген айлық есептік көрсеткішке тең не одан асатын сомаға атқарушылық құжаттың талаптары орындалмаған жағдайда борышкер болып табылатын жеке тұлғаның, заңды тұлға басшысының (міндетін атқарушының) Қазақстан Республикасынан шығуын уақытша шектеу туралы қаулы шығаруға міндетті.
Қазақстан Республикасынан шығуға уақытша шектеу борышкер болып табылатын жеке тұлға, заңды тұлға басшысы (міндетін атқарушы) уақытша шектеуді қолдану туралы тиісті түрде хабарланған күннен бастап бес жұмыс күні өткеннен кейін қойылады.
Борышкер болып табылатын жеке тұлғаның, заңды тұлға басшысының (оның міндетін атқарушының) Қазақстан Республикасынан шығуын уақытша шектеу туралы сот орындаушысының қаулысы Қазақстан Республикасының азаматтық іс жүргізу заңнамасында белгіленген тәртіппен соттың санкциялауына жатады (Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 2 сәуірдегі № 261-IV «Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» Заңының 33-б. 1 –т.).
5-сұрақ. Борышкердің шетелге шығуына уақытша шектеуді жою тәртібі қандай?
Жауабы:
Борышкер болып табылатын жеке тұлғаның, заңды тұлға басшысының (міндетін атқарушының) Қазақстан Республикасынан шығуына уақытша шектеуді алып тастау мынадай:
1) Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы Заңның 47-бабында көзделген негіздер бойынша атқарушылық іс жүргізу тоқтатылған;
2) мерзімдік өндіріп алулар туралы атқарушылық іс жүргізулер бойынша берешек болмаған;
3) атқарушылық құжат соттың немесе құжатты берген басқа органның талап етуі бойынша орындалмай қайтарылған;
4) мемлекет пайдасына өндіріп алуларды қоспағанда, өндіріп алушы өтініш берген;
5) басшы заңды тұлғаның жалғыз құрылтайшысы (қатысушысы) болып табылатын жағдайларды қоспағанда, борышкер болып табылатын заңды тұлғаның басшысы ауысқан;
6) сот орындаушысының атқарушылық іс жүргізуді қозғау туралы қаулысының күші жойылған жағдайларда бір жұмыс күні ішінде жүргізіледі (Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 2 сәуірдегі № 261-IV «Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» Заңының 33-б. 4 –т.).
6-сұрақ. Қандай жағдайларда борышкерге іздеу жарияланады? Егер сіздің борышкеріңіз жасырынып жүрсе, борышкерді қалай табуға болады?
Жауабы:
Борышкердің болатын жері белгісіз болған кезде сот орындаушысы ішкі істер органдары, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет, экономикалық тергеу қызметі арқылы борышкерге іздеу салуды жариялау туралы қаулымен атқарушылық құжат орындалатын жердегі прокуратура органдарына жүгінуге міндетті. Борышкерге іздеу салу жарияланған және оның өндіріп алуды қолдануға болатын мүлкі болмаған кезде атқарушылық іс жүргізу тоқтатыла тұрады.
Борышкердің орналасқан жері белгілі болған немесе оның мүлкі анықталған кезде атқарушылық іс жүргізу қайта басталады (Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 2 сәуірдегі № 261-IV «Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» Заңының 45-б. 1 –т.).
7-сұрақ. Қандай мүліктен өндіріп алуға болмайды?
Жауабы:
Мыналардан:
1) жарақат алудан немесе денсаулығын өзгедей зақымдаудан, сондай-ақ асыраушысының қайтыс болуы салдарынан келтiрiлген зиянды өтеу үшiн борышкер алған сомалардан;
2) асыраушысынан айрылуына байланысты балаларға берiлетiн жәрдемақы түрiнде борышкер алатын сомалардан;
3) мүгедек балаларға берiлетiн жәрдемақы түрiнде борышкер алатын сомалардан;
4) адамдарға қызметтiк мiндеттерiн орындау кезеңiнде мертiккен (жарақаттанған, зақымданған, контузия алған) кезде оларға төленетiн және олардың қаза табуына (қайтыс болуына) байланысты отбасы мүшелерiне төленетiн сақтандыру сомалары мен бiржолғы жәрдемақылардан;
5) мемлекеттік ислам арнайы қаржы компаниясының, өзі шығарған исламдық жалдау сертификаттары бойынша бөлінген активтерді жалға беруден және сатудан алған ақшасынан (осы исламдық жалдау сертификаттарынан туындайтын талаптар бойынша болатын реттерден басқа);
6) бала тууға байланысты берілетін жәрдемақылардан, кәмелетке толмаған балаларды асырауға берілетін жәрдемақылардан, сондай-ақ зейнеткерлер мен I топтағы мүгедектерге төленетін жәрдемақылардан;
7) жарақат алудан не денсаулығын өзгедей зақымдаудан залал келтiрiлген жағдайларда жәбiрленушiлердiң қосымша тағамына, санаторий-курорттық емдеу мен протездеуге және оларды күтiп-бағу жөнiндегi шығыстарға төленетiн сомалардан;
8) зиянды немесе қысылтаяң жағдайлардағы жұмысқа төленетiн өтемақылардан, сондай-ақ табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлардың зардаптарын жою кезiнде экологиялық апаттан немесе радиациялық әсерден зардап шеккен азаматтарға төленетiн ақша сомаларынан;
9) төлем көзiне қарамастан, бiржолғы сипаттағы материалдық көмектен;
10) жерлеуге берiлген жәрдемақыдан;
11) арнайы мемлекеттiк жәрдемақылардан;
12) жүкті болуы мен бала тууына, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуына байланысты, баланы бір жасқа толғанға дейін күтіп-бағуға байланысты табысын жоғалтқан жағдайда төленетін әлеуметтік төлемдерден;
13) кәмелетке толмаған балаларды асырауға арналған алименттерден;
14) зейнетақы активтерінен;
15) салымшының (алушының) борыштары бойынша зейнетақы жинақтарынан;
16) тұрғын үй жағдайларын жақсарту және (немесе) емделуге ақы төлеу мақсатында бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін біржолғы зейнетақы төлемдерінен;
17) «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көп балалы аналарға берілетін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақылардан;
18) бірге тұратын төрт және одан көп кәмелетке толмаған баласы, оның ішінде кәмелеттік жасқа толғаннан кейін білім беру ұйымдарын бітіретін уақытқа дейін (бірақ жиырма үш жасқа толғанға дейін) орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысаны бойынша білім алатын балалары бар көпбалалы отбасыларға берілетін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақылардан;
19) атаулы әлеуметтік көмектен өндіріп алуға болмайды.
20) әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының активтерінен өндіріп алуға болмайды.
21) тұрғын үй төлемдерінен;
22) тұрғын үй төлемдерін пайдалану есебінен жинақталған тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы түріндегі тұрғын үй құрылысы жинақ банктеріндегі банктік шоттардағы ақшадан;
23) кондоминиум объектісінің ортақ мүлкіне күрделі жөндеу жүргізу мақсатында жасалатын шарттар бойынша міндеттемелердің орындалмауы туралы істер бойынша сот шешімдерінің негізінде өндіріп алуларды қоспағанда, кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге жинақтар түрінде екінші деңгейдегі банктердегі банктік шоттардағы ақшадан;
24) нотариус депозиті шарттарында енгізілген ақшадан;
25) Қазақстан Республикасының мемлекеттік-жекешелік әріптестік саласындағы және концессиялар туралы заңнамасына сәйкес инвестициялық шығындардың өтемақысын есепке жатқызуға арналған банктік шоттардағы ақшадан;
26) «Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жасалған білім беру жинақтау салымы туралы шарт бойынша ашылған банктік шоттардағы ақшадан;
27) клирингтік ұйымның (орталық контрагенттің) кепілдік немесе резервтік қорларына жарналар, маржалық жарналар, қор биржасының сауда жүйесінде ашық сауда-саттық әдісімен және (немесе) орталық контрагенттің қатысуымен жасалған мәмілелер бойынша міндеттемелердің орындалуын толық және (немесе) ішінара қамтамасыз ету болып табылатын ақшадан;
28) жеке сот орындаушысының өндіріп алушылардың пайдасына өндіріп алынған сомаларды сақтауға арналған ағымдағы шотындағы ақшадан өндіріп алуға болмайды (Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 2 сәуірдегі № 261-IV «Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» Заңының 98-б.).