Құқықтық мониторинг институтын жетілдіру мәселелері
Қазақстанда қажетті пәрменді ұйымдық-құқықтық тетік ретінде заңнама мен құқық қолдану мониторингін институттандыру 2006 жылы «Нормативтік құқықтық актілер туралы» Заңның 43-бабына 2-1) тармақшасын енгізумен және осы Заңды 43-1-бабымен толықтырылуымен басталды. Нормативтік құқықтық актілердің заңдылығын қамтамасыз ету мақсатында алғаш рет уәкілетті мемлекеттік органдардың өздері қабылдаған және (немесе) әзірлеушілері болып табылатын заңға тәуелді нормативтік актілерге тұрақты мониторинг жүргізу және оларға өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу немесе олардың күші жойылды деп тану жөнінде уақтылы шаралар қабылдау міндеті көзделдетін толықтырулар енгізілді.
Көрсетілген новеллаларды іске асыру үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 25 тамыздағы № 817 қаулысымен заңға тәуелді құқықтық актілердің мониторингін жүргізу қағидалары бекітілді, ал кейіннен мұндай мониторинг орталық мемлекеттік органдардың міндетті функциясы ретінде енгізілді.
Заңнаманы жетілдірудің тиімді тетігі ретінде құқықтық мониторингті одан әрі саяси-құқықтық бекіту Қазақстан Республикасы Президентінің 2009 жылғы 24 тамыздағы №858 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған құқықтық саясат тұжырымдамасында жүзеге асырылды. Бұл тұжырымдама заңнаманы жетілдіру міндеттерінің бірі құқық салалары мен құқықтық жүйелер үрдістеріне, нормативтік құқықтық актілерді қолдану практикасына мониторинг жүргізу арқылы құқық шығармашылығы қызметін болжамды-талдамалық қамтамасыз етуді қояды.
Аталған тұжырымдамада көрсетілгендей, атап айтқанда, енді олардың қатарына заңнамалық актілер мен құқық қолдану практикасы енгізілген мониторинг объектілерін кеңейту қажеттігі осы ұйымдық-құқықтық институттың маңыздылығын күшейтуге алып келді. Яғни 2011 жылғы 1 сәуірде «Нормативтік құқықтық актілер туралы» Заңда «құқықтық мониторинг» ұғымы заңдық тұрғыдан айқындалып, Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен нормативтік құқықтық актілерге құқықтық мониторинг жүргізу қағидалары бекітілді. Құқықтық мониторинг жүргізуді үйлестіру және бақылау Әділет министрлігіне жүктелді, оның корпоративтік порталында «Құқықтық мониторинг» кіші жүйесі жұмыс істей бастады.
Елімізде шағын және орта бизнесті одан әрі дамыту, азаматтық қоғам институттарын осы саладағы заңнаманы жетілдіру процесіне белсенді түрде қосу туралы «Қазақстан-2050» Стратегиясының ережелеріне сәйкес «Нормативтік құқықтық актілер туралы» Заңға 2013 жылы 43-2 «Нормативтік құқықтық актілердің қоғамдық мониторингі» бабы енгізілді, оны іске асыру жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделеріне қатысты бөлігінде Қазақстанның Ұлттық Кәсіпкерлер палатасына жүктелді.
Заңнама мен құқық қолдану мониторингінің құқықтық тетік ретінде заңды бекітілуіне келтірілген шолу оны институционализациялау процесінің динамикасын ғана емес, сонымен бірге құқықтық мониторингтің қолданылу саласы мен міндеттерінің кеңеюін, сондай-ақ оның үнемі өсіп келе жатқан қажеттілігі мен өзектілігін көрсетеді.
Бұдан басқа, Мемлекет басшысы 2014 жылы «Nur Otan» партиясының кезекті XVI съезінде ұсынған мемлекеттілікті нығайту үшін бес институционалдық реформаның ішінде заңның үстемдігін қамтамасыз ету деп атады, ол сайып келгенде экономикалық өсудің негізі болады. Бұл міндет заңдылықты қамтамасыз етудің барлық факторларын, оның ішінде заңнаманы және құқық қолдану практикасын құқықтық мониторинг арқылы жетілдіру белсенді енгізілген және үздіксіз жұмыс істеген жағдайда шешіледі. Осылайша, институционалдық деңгейде Қазақстандағы заңнама мен құқық қолдану практикасы мониторингінің саяси-құқықтық негізі жеткілікті түрде дамыған болып көрінеді.
Бүгінгі күні Құқықтық мониторингті ғылыми білім ретінде және практикалық қызмет ретінде түсінуді қалыптастыру кезеңі негізінен аяқталды деп айтуға болады, соның нәтижесінде құқықтық мониторингтің мақсаттары, міндеттері, объектілері мен субъектілері, қағидаттары мен түрлері, оны жүзеге асырудың әдістері мен құралдары айқындалды.
Құқықтық мониторинг жан-жақты сипатқа ие және жүйелік ұғым ретінде тек заңның, нормативтік құқықтық актілердің жай-күйін бақылаудан гөрі кеңірек мағынаға ие. Ол мемлекеттік саясатты заңнамалық қамтамасыз ету жөніндегі заң шығару қызметі, заңға тәуелді заң шығару, құқық қолдану қызметі сияқты заң шығару процесінің барлық кезеңдерін қамтиды.
Қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес нормативтік құқықтық актілердің заңдылығын қамтамасыз ету шараларының бірі уәкілетті мемлекеттік органдардың тұрақты негізде құқықтық мониторинг жүргізуі болып табылады. Құқықтық мониторинг Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келетін, ескірген, сыбайлас жемқорлық және тиімсіз іске асырылатын құқық нормаларын анықтау, сондай-ақ оны жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлеу арқылы жүргізіледі.
Құқықтық мониторингтің негізгі мақсаты:
- нормативтік құқықтық актілердің мазмұнын жетілдіру;
- нормативтік құқықтық актілердің практикада талап етілмеген немесе қолданылмайтын ережелерін анықтау;
- нормативтік құқықтық актілерді қолданыстағы заңнамаға сәйкес келтіру және тағы басқалары болып табылады.
Көрсетілген мақсаттарды іске асыру үшін құқықтық мониторинг екі бағытта жүргізіледі:
- заңнама жүйесінің жай-күйін кешенді талдау;
- заңнаманы жетілдіру бойынша ұсынымдар дайындау.
Міндеттерді анықтаумен қатар құқықтық мониторинг тетігінің маңызды элементі субъектілер болып табылады. Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасындағы құқықтық мониторингтің жалғыз субъектісі мемлекеттік органдар болып табылады. Құқықтық мониторингке қоғамдық және ғылыми ұйымдар, азаматтар тартылған жағдайда түпкілікті нәтиженің сапасы үшін жауапкершілік мемлекеттік органға жүктеледі. Мәселен, «Құқықтық актілер туралы» Заңның 50-бабының 2-тармағына сәйкес мемлекеттік органдар өздері қабылдаған және (немесе) әзірлеушілері болған не өздерінің құзыретіне жататын нормативтік құқықтық актілердің мониторингін жүзеге асырады және оларға өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу немесе олардың күші жойылды деп тану жөніндегі шараларды уақтылы қабылдайды.
Айта кетейік, Әділет министрлігі жыл сайын мемлекеттік органдардың заң қызметтерінің үйлестіру кеңесінің отырысы аясында мемлекеттік органдармен құқықтық мониторинг нәтижелерін талқылауда. Іс-шаралардың басым бөлігі анықталған кемшіліктерді жою бойынша нақты шараларды әзірлеуге және, әдетте, мониторинг жүргізу тетігін жетілдіруге бағытталды.
Сонымен қатар, мемлекеттік органдардың құқықтық мониторинг жүргізу қорытындылары бойынша ақпарат оны жүргізу деңгейі Құқықтық саясат тұжырымдамасында қойылған мақсаттар мен міндеттерге толық көлемде жауап бермейді.
Қолданыстағы заңнаманы жетілдіруде мониторингтің қолданыстағы жүйесі оң рөлін көрсеткеніне қарамастан, бірқатар кемшіліктер бар:
- мемлекеттік органдар жүйелі түрде қателер жібереді, атап айтқанда, күші жойылған НҚА-ға құқықтық мониторинг жүргізеді, НҚА кемшіліктері толық көрсетілмейді, құқықтық мониторинг пен заң жобалау жұмысының арасындағы өзара байланыс жоқ.
Жоғарыда баяндалғанды қорытындылай келе, құқықтық мониторингтің негізгі мақсатына қол жеткізу – заңнама жүйесінің жай-күйін кешенді талдау, заңнаманы жетілдіру жөнінде ұсынымдар дайындау – құқықтық мониторингтің барлық субъектілерінің, ең алдымен уәкілетті органдардың ауқымды және тынымсыз жұмысының нәтижесінде ғана мүмкін болатынын атап өтеміз.
Осыған байланысты Әділет министрлігі «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне нормашығармашылықты жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы шеңберінде құқықтық мониторингтің жаңа тәсілдерін әзірлеуде.