Қолданыстағы тәртіп бойынша ведомстволық және жергілікті нормашығармашылықта мемлекеттік және орыс тілдері қатар қолданылады. Орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың нормативтік құқықтық актілерінің жобаларын әзірлеу рәсімдері, бастамашылықтан бастап оларды нормативтік құқықтық актілер ретінде қабылдауға дейінгі барлық кезеңдер екі тілде қатар жүргізіледі.
Осындай параллельдік, мемлекеттілік пен ұлттық құқықтық жүйенің қалыптасу кезеңінде қажетті әрі орынды болған шығар, өйткені құқықтық жүйе негізінен мемлекеттер одағының құқықтық базасына негізделді. Бір жағынан Конституция мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілін белгілесе, екінші жақтан орыс тілі барлық достастық елдерінің құқықтық жүйесінің бастапқы тілі ретінде заңдардың «әріпін» және «рухын» мүмкін жақсырақ бейнеледі деп саналды.
Сонымен қатар, соңғы бірнеше жылдағы ведомстволық нормашығармашылық тәжірибесін жинақтау мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нормативтік құқықтық актілер мәтіндерінің теңтүпнұсқалығын қамтамасыз ету мәселелері орын алғанын көрсетеді. Мұндай тәжірибе белгілі бір тәуекелдер мен қиындықтарға алып келеді және қабылданатын нормативтік құқықтық актілердің сапасына теріс әсер етеді.
Атап айтқанда, әзірлеу және келісу процестерінде қазақ және орыс тілдеріндегі жобалардың мәтіндері арасында айтарлықтай сәйкессіздіктер анықталады. Сондай сәйкессіздіктер жалпы мағыналық ұқсастықты сақтай отырып, салыстырмалы түрде «шамалы» болуы мүмкін, бірақ кейбір жағдайларда теңтүпнұсқалық шеңберінен шығып, олардың практикалық қолданылуына қатысты даулар туындауы мүмкін.
Мысалы, жобалардың бірінде кемелерді, яғни теңізде жүзу үшін қолданылатын кемелерді тіркеу нөмірлерін белгілеу мәселелері қарастырылған.
Алайда мемлекеттік тілдегі жобаның редакциясы «автоматты түрде» аударма жасалғанын анық көрсетті, өйткені «судов» сөзі мемлекеттік билік органы ретінде көрсетіліп, ол «соттарға» деп аударылған.
Басқа бұйрықта белгілі бір мемлекеттік қызмет көрсетудің мерзімдерін орыс және қазақ тілдеріндегі мәтіндерде әртүрлі белгілеген. Мәселен, қазақ тіліндегі жоба «30 жұмыс күні» деп қарастырылған, ал орыс тіліндегі мәтінде он бес жұмыс күні деп көрсетілген. Осы жоба бойынша біз бұйрық жобасы және оған қосымшалардағы мәтіндердің мемлекеттік және ресми тілдерде теңтүпнұсқалығын қамтамасыз етуде тиісті ескертулер бердік.
Осындай мән-жайлардың тәуекелдерін дұрыс бағалау қажет. Олар сыбайлас жемқорлыққа жағдайды қоспағанның өзінде кедергілер туғызып, құқық қолдануды қиындатуы мүмкін.
Сәйкессіздіктерді анықтау және түзету әзірлеушілер мен мемлекеттік органдардың сараптамамен айналысатын қызметкерлерінің көп еңбек және уақыт ресурстарын қажет етеді. Мемлекеттік және ресми тілдердегі мәтіндердің теңтүпнұсқалығын қамтамасыз ету әзірлеуші мемлекеттік органдардың міндеті болып табылатынына қарамастан, бүгінгі таңда жобалар мәтіндерінің теңтүпнұсқалығын қамтамасыз ету жұмысына құқықтық сараптама жүргізетін сарапшылар да тартылуда. Себебі жоғарыда аталған мысалдар сәйкессіздіктердің көп жағдайда әдеттегі стильдік, грамматикалық тең түпнұсқалық бұзушылықтар шегінен шығып, нормативтік құқықтық актімен реттелетін субъектілер үшін мүлдем әртүрлі құқықтық салдарға әкелуі мүмкін екенін көрсетеді.
Бұл ретте, «Құқықтық актілер туралы» Заң қабылданған нормативтік құқықтық актілер мәтіндерінің тең ұтымды сәйкеспеу мәселелерін реттемейді, өйткені олардың толық тең түпнұсқалығы көзделінеді. Алайда, егер қолданысқа енгізілген нормативтік акт екі тілде әртүрлі нормаларға ие болса, құқық қолданушы немесе соттың оларды қалай қолданатынын елестету қиын.
Сондай-ақ, соңғы уақытта заңнама ережелерін тұжырымдау кезінде мемлекеттік тілді неғұрлым ұтымды пайдалану бойынша «кері» үрдіс байқалатынын атап өткен жөн. Мәселен, «Сауда қызметін реттеу туралы» Заңның 7-бабы 2-4) тармақшасында таңбалануға жататын тауарлар тізбесі мен «оның» енгізілу күні айқындалады. Бұл жағдайда орыс тіліндегі мәтінде құзыреттілік дұрыс белгіленбеген, себебі логикалық тұрғыдан «оның» сөзі «тізбеге» емес, «күнге» қатысты қолданылуы тиіс. Ал қазақ тіліндегі тұжырымы заң шығарушылар белгілеген норманы дұрыс жеткізеді – «таңбалануға жататын тауарлар тізбесін және оның енгізілетін күнін айқындайды». Ресми тіліндегі мәтіндегі жіберілген қателік қазақстандықтардың орыс тілін қазақ тіліне қарағанда жақсырақ меңгергендігі туралы стереотипке қарамастан, кері жағдайлардың да жиі кездесетінін көрсетеді.
Бұдан басқа, семантикалық құрылымның ерекшеліктеріне байланысты кейбір жағдайларда қазақ тіліндегі мәтін орыс тіліндегі мәтінге қарағанда норманың мәнін дәлірек және неғұрлым айқын жеткізеді, ал орыс тіліндегі мәтін көбінесе әртүрлі түсіндіруге бейім болып келеді.
Бұған мысал ретінде «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекстің 83-бабы 2-тармағын келтіруге болады. Осы нормаға сәйкес: «Иностранцы и лица без гражданства, временно пребывающие в Республике Казахстан, лица, ищущие убежище, имеют право на получение гарантированного объема бесплатной медицинской помощи при заболеваниях, представляющих опасность для окружающих, по перечню и в объеме, определяемых уполномоченным органом, если иное не предусмотрено законами Республики Казахстан или международными договорами, ратифицированными Республикой Казахстан».
Орыс тіліндегі осы уәкілетті органның құзыретін былайша түсіндіруге болады: 1) айналасындағыларға қауіп төндіретін аурулар тізбесін және медициналық көмектің көлемін анықтау құзыреті ретінде, немесе: 2) айналасындағыларға қауіп төндіретін аурулар кезінде медициналық көмек көрсету тізбесі мен көлемін анықтау құзыреті ретінде.
Ал қазақ тіліндегі: «Қазақстан Республикасында уақытша болатын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың, баспана іздеген адамдардың, егер Қазақстан Республикасының заңдарында немесе Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, айналасындағыларға қауіп төндіретін аурулар кезінде уәкілетті орган айқындайтын тізбе бойынша және көлемде тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін алуға құқығы бар» деген мәтінде «тізбе» мен «көлем» сөздері сөйлем құрылымына сәйкес тек «медициналық көмектің көлеміне» ғана қатысты қолданылған.
Егер аурулар тізбесіне қатысты құзырет осы Кодекстің 196-бабында жеке белгіленгенін ескеретін болсақ, қазақ тіліндегі мәтін уәкілетті органның құзыретін дұрыс анықтап отыр.
Келтірілген мысалдар мен заңнамалық актілердің ережелері нормативтік құқықтық актілер жобаларын бір тілде сапалы әзірлеудің және оларды мүдделі мемлекеттік органдармен келісудің мақсатқа сай екенін көрсетеді.
Мұндай тәсіл қабылданатын заңға тәуелді актілерде тілдік мәселелерді және нормаларды түсіндірудегі қиындықтарды болдырмайды, нормативтік құқықтық актілердің «оқылымдылығын» жақсартады. Сондай-ақ мемлекеттік органдардың еңбек ресурстары техникалық рәсімдерге емес, құжаттармен мазмұнды жұмысқа қайта бөлінетінін ескеру маңызды.
Сонымен қатар, нормативтік құқықтық актілерді қабылдамас бұрын бір тілде әзірлеп, қабылдар алдында аударуды қамтамасыз ете отырып олардың екі немесе одан да көп тілде ресми жариялануын жоққа шығармайды және Қазақстан Республикасының Конституциясы мен Қазақстан Республикасындағы тілдер туралы заңнамасына қайшы келмейді.