2022 жылғы 8 маусымда өткен республикалық референдум қорытындысы бойынша еліміздің Конституциясы Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің конституциялық мәртебесіне арналған жаңа баппен толықтырылды.
Мәселен, Конституцияда Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл адам мен азаматтың бұзылған құқықтары мен бостандықтарын қалпына келтіруге жəрдемдеседі, сондай-ақ оларды ілгерілетуге ықпал етеді деген норма бекітілген. Оның тәуелсіздігі мен мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдарға есеп бермеуі кепілдіктері бекітілді.
Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің құқықтық жағдайын және қызметін ұйымдастыруын айқындау мақсатында 2022 жылғы 5 қарашада «Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы» Конституциялық заң қабылданды.
Адам құқықтары жөніндегі уәкіл қызметінің мақсаттары адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың, оларды сақтау мен құрметтеудің мемлекеттік кепілдігін қамтамасыз ету болып табылады.
Ал қызметінің міндеттері адамның және азаматтың бұзылған құқықтары мен бостандықтарын қалпына келтіруге жәрдемдесу, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын ілгерілетуге ықпал ету болып табылады.
Әрбір азамат өзінің құқықтары мен бостандықтары бұзылған жағдайда Адам құқықтары жөніндегі уәкілге жүгінуге құқылы.