2009 жылғы 4 желтоқсанда «Тұрмыстық зорлық- профилактикасы туралы» Қазақстан Республикасының Заңы ресми түрде жарияланды, ол жарияланған сәттен бастап 10 күн өткен соң күшіне енді. Осы Заң мемлекеттік органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, ұйымдардың және Қазақстан Республикасы азаматтарының тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы жөніндегі қызметінің құқықтық, экономикалық, әлеуметтік және ұйымдастырушылық негіздерін айқындайды.
1. «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» Заңы неге негізделген?
Қазақстан Республикасының тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады (Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 4 желтоқсандағы «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» №214-IV Заңы 2-б. 1-т.).
2. Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы принциптері қандай?
Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы: заңдылық; адамның және азаматтың құқықтары, бостандықтары мен заңды мүдделері сақталуына кепілдік беру; және азаматтың дене зардабын және (немесе) психикалық зардап шегуіне жол бермеу; отбасын қолдау және сақтау; құпиялылық; өмірлік қиын жағдайда жүрген әрбір адаммен және азаматпен жеке жұмыс жүргізу; тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасының алдын алу шараларының жазалау шараларынан басымдығы; кешенділік және жүйелілік принциптеріне негізделеді (Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 4 желтоқсандағы «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» №214-IV Заңы 3-б.).
3. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың қандай түрлері бар?
Тұрмыстық зорлық-зомбылық күш көрсету, психологиялық,сексуалдық және (немесе) экономикалық зорлық-зомбылық түрінде болуы мүмкін. Күш көрсету зорлық-зомбылығы - дене күшін қолданып, денені ауыртып денсаулыққа қасақана зиян келтіру. Психологиялық зорлық-зомбылық - адамның психикасына қасақана әсер ету, оны қорқыту, қорлау, бопсалау немесе құқық бұзушылықтарды немесе өмірге немесе денсаулыққа қауіп төндіретін, сондай-ақ психикалық, дене және жеке басы дамуының бұзылуына әкелетін әрекеттерді жасауға мәжбүрлеу (еріксіз көндіру) арқылы ар-намысы мен абыройын кемсіту. Сексуалдық зорлық-зомбылық - адамның жыныстың тиіспеушілігіне немесе жыныстық еркіндігіне қауіп төндіретін құқыққа қарсы қасақана іс-әрекет, сондай-ақ кәмелетке толмағандарға қатысты сексуалдық сипаттағы іс-әрекеттер. Экономикалық зорлық-зомбылық - адамды заңмен көзделген құқығы бар тұрғын үйінен, тамағынан, киімінен, мүлкінен, қаражатынан қасақана айыру (Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 4 желтоқсандағы «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» №214-IV Заңы 4-б.).
4. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың профилактикасы аясында Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыреті қандай?
Қазақстан Республикасының Үкіметі: зорлық-зомбылық профилактикасы саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлейді; тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы субъектілерінің өзара іс-қимыл жасауын және олардың қызметін үйлестіруді қамтамасыз етеді; Қазақстан Республикасының Конституциясында, заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады (Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 4 желтоқсандағы «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» №214-IV Заңы 6-б.).
5. Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссиялар қандай функцияларды атқарады?
Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссиялар: тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы мәселелері бойынша тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасының субъектілерімен өзара іс-қимыл жасайды; атқарушы органдарға тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасына бағытталған ұйымдастырушылық-практикалық шаралар қолдану туралы ұсыныстар енгізеді; көмек көрсету жөніндегі ұйымдармен бірлесіп тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы және жәбірленушілерді оңалту жөніндегі іс-шараларды ұйымдастырады және өткізеді (Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 4 желтоқсандағы «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» №214-IV Заңы 8-б.).
6. Кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссиялардың құзыреті қандай?
Кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссиялар: кәмелетке толмағандардың арасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы мәселелері бойынша тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасының субъектілерімен өзара іс-қимыл жасайды; жергілікті атқарушы органдарға кәмелетке толмағандардың арасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасына бағытталған ұйымдастырушылық-практикалық шаралар қолдану туралы ұсыныстар енгізеді; көмек көрсету жөніндегі ұйымдармен бірлесіп тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы және тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен кәмелетке толмағандарды оңалту жөніндегі іс-шараларды ұйымдастырады және өткізеді (Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 4 желтоқсандағы «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» №214-IV Заңы 9-б.).
7. Ішкі істер органдарының құзыретіне не кіреді?
Ішкі істер органдары: тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы саласындағы нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеуге қатысады; тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы жөніндегі шараларды жүзеге асырады; балаларын тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін орындамайтын немесе тиісінше орындамайтын, оларға қатысты құқыққа қарсы іс-әрекеттер жасайтын ата-аналарды немесе олардың орнындағы адамдарды анықтайды; профилактикалық есепке алуды жүргізеді және профилактикалық бақылауды жүзеге асырады; тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері немесе олардың жасалу қаупі туралы өтініштер мен хабарламаларды сол жерге барып қарайды және олардың жолын кесу жөніндегі шараларды қолданады; жәбірленушілердің өтініші бойынша оларды көмек көрсету жөніндегі ұйымдарға немесе денсаулық сақтау ұйымдарына жібереді; профилактикалық әңгімелесу жүргізеді; тұрмыстық зорлық-зомбылық жасаған адамды ішкі істер органдарына жеткізеді; қорғау нұсқамасын шығарады; прокурор алдында қорғау нұсқамасының қолданылу мерзімін ұзартуға санкция беру туралы өтініш жасайды; әкімшілік ұстауды жүргізеді; сот алдында тұрмыстық зорлық-зомбылық жасаған адамның мінез-құлқына ерекше талаптар белгілеу туралы өтініш жасайды; қылмыстық ізге түсуді, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер жүргізуді жүзеге асырады; қылмыстық іс жүргізудің мәжбүрлеу шараларын қолданады; жәбірленуші қауіпсіздігінің қылмыстық-құқықтық шараларын қолданады; ішкі істер органдарының қызметкерлері үшін тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы мәселелері бойынша арнайы оқу курстарын ұйымдастыруды қамтамасыз етеді (Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 4 желтоқсандағы «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» №214-IV Заңы 10-б.).
8. Көмек көрсету жөніндегі ұйымдар қандай әрекеттерді орындайды?
Көмек көрсету жөніндегі ұйымдар: жәбірленушілерді қабылдауды жүзеге асырады; жәбірленушілерге қажетті психологиялық, педагогикалық, медициналық, заң көмегін көрсетуді ұйымдастырады, қажет болған жағдайда, медициналық көмек көрсету және одан әрі оңалту үшін оларды денсаулық сақтау ұйымдарына жібереді; мүмкіндіктерге қарай жәбірленушілерге уақытша тұратын жер ұсынады; жәбірленушілерге арнаулы әлеуметтік кызметтер көрсетеді, сондай-ақ олардың мүдделері үшін аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарына арнаулы әлеуметтік кызметтердің кепілдік берілген және (немесе) кепілдік берілген көлемнен тыс көрсетілетін қосымша көлемін көрсету туралы өтінішпен жүгінеді; тұрмыстық зорлық-зомбылық жасаған адамдармен психологиялық түзету бағдарламаларын жүргізеді; тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері туралы немесе олардың жасалу қаупі туралы ішкі істер органдарына хабарлайды; тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы мәселелері бойынша құқықтық түсіндіру жұмысын жүзеге асырады; тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы мәселелері бойынша жеке және заңды тұлғалармен өзара іс-қимыл жасауды жүзеге асырады (Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 4 желтоқсандағы «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» №214-IV Заңы 15-б. 1-т.).
9. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жеке профилактикасы шараларын қолдану үшін қандай негіздер бар?
Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жеке профилактикасы шараларын қолдану үшін мынадай мән-жайлардың бірі: жеке және заңды тұлғалардың өтініштері немесе хабарламаларының келіп түсуі; ішкі істер органы қызметкерінің тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жасалу не оны жасауға әрекет ету фактісін тікелей анықтауы; мемлекеттік органдардан және жергілікті өзін-өзі басқару органдарынан келіп түскен материалдар негіз болып табылады (Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 4 желтоқсандағы «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» №214-IV Заңы 18-б. 1-т.).
10. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жеке профилактикасы шаралары қандай?
Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жеке профилактикасы шаралары: профилактикалық әңгімелесу; әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттаманы жасау не қорғау нұсқамасын шығару үшін тұрмыстық зорлық-зомбылық жасаған адамды ішкі істер органдарына жеткізу; қорғау нұсқамасы; әкімшілік ұстау; медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары; құқық бұзушының мінез-құлқына ерекше талаптар белгілеу; әкімшілік жаза қолдану; ата-ана құқығынан айыру не оны шектеу, бала (ұл, қыз) асырап алудың күшін жою, қорғаншыларды және қамқоршыларды өз міндеттерін орындауынан босату және одан шеттету, баланы патронаттық тәрбиешінің тәрбиесіне беру туралы шартты мерзімінен бұрын бұзу; іс жүргізудің мәжбүрлеу шаралары және қылмыстық процесте жәбірленушілердің қауіпсіздік шаралары; сот үкімі бойынша қолданылатын шаралар болып табылады (Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 4 желтоқсандағы «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» №214-IV Заңы 17-б. 2-т.).
11. Мінез-құлыққа ерекше талаптар қойылған адамға қандай шектеулер бар?
Мінез-құлқына ерекше талаптар белгіленген адамға: жәбірленушінің отбасының кәмелетке толмаған және (немесе) әрекетке қабілетсіз мүшелерін қоса алғанда, оның еркіне қарамастан, оны іздестіруге, оның ізіне түсуге, оған баруға, онымен ауызша, телефон арқылы сөйлесуге және өзге де тәсілдермен байланыс жасауға; атыс қаруын және басқа да қару түрлерін сатып алуға, сақтауға, алып жүруге және пайдалануға; психикаға белсенді әсер ететін заттарды медициналық емес мақсатта тұтынуға тыйым салынуы мүмкін.
Жәбірленуші мен оның отбасы мүшелерін күзету және қорғау үшін сот ерекше жағдайларда тұрмыстық зорлық-зомбылық жасаған адамға осы адамның басқа да тұрғын жайы болған жағдайда, жәбірленушімен бірге жеке тұрғын үйде, пәтерде немесе өзге де тұрғын жайда тұруға тыйым салу түрінде әкімшілік-құқықтық ықпал ету шарасын да қолдануға құқылы (Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 4 желтоқсандағы «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» №214-IV Заңы 22-б. 3-т.).
12. Профилактикалық әңгімелемудің міндеттері қандай?
Профилактикалық әңгімелесудің негізгі міндеттері тұрмыстық зорлық-зомбылық жасаудың себептері мен жағдайларын анықтау, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың әлеуметтік және құқықтық салдарларын түсіндіру және заңға мойынсынушылық мінез-құқықтың қажеттігіне сендіру болып табылады (Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 4 желтоқсандағы «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» №214-IV Заңы 19-б. 1-т.).
13. Қорғаныс нұсқамасы берілген адамға қандай әрекеттерге тыйым салынады?
Қорғау нұсқамасында тұрмыстық зорлық-зомбылық жасауға, жәбірленушінің отбасының кәмелетке толмаған және (немесе) әрекетке қабілетсіз мүшелерін қоса алғанда, оның еркіне қарамастан оны іздестіруге, оның ізіне түсуге, оған баруға, онымен ауызша, телефон арқылы сөйлесуге және өзге де тәсілдермен байланыс жасауға тыйым салынады (Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 4 желтоқсандағы «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» №214-IV Заңы 20-б. 3-т.).
14. Әкімшілік ұстаудың мақсаты қандай?
Әкімшілік құқық бұзушылық құрамы бар тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жолын кесу мақсатында және жәбірленушінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қорғау нұсқамасын шығару жеткіліксіз деп ұйғаруға негіздер болған жағдайда ішкі істер органдарының лауазымды адамы тұрмыстық зорлық-зомбылық жасаған адамды арнаулы орында мәжбүрлеп ұстай отырып, іс-әрекет және жүріп-тұру бостандығынан уақытша айыруды көздейтін әкімшілік ұстауды жүргізеді (Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 4 желтоқсандағы «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» №214-IV Заңы 21-б. 1-т.).
15. Әкімшілік ұстау мерзімі қандай?
Әкiмшiлiк ұстап алу осы Кодекстiң 785-бабында көрсетiлген мақсаттарға қол жеткiзу үшiн қажеттi уақыт iшiнде жүзеге асырылады және үш сағаттан ұзақ болмауы керек.
Ұстап алынған адамның бас бостандығы ұстап алған адамға қандай да бір процестік мәртебе берілуіне немесе өзге де формальды рәсімдер орындалуына қарамастан, шын мәнінде шектелген кезде, минутына дейінгі дәлдікпен сол сағат ұстап алу мерзімінің басталуы болып табылады. Масаң күйдегі адамға қатысты әкімшілік ұстап алу мерзімі – медицина қызметкерi оны айықты деп куәландырған уақыттан бастап есептеледi. Нақты ұстап алу уақытынан бастап үздіксіз есептелетін үш сағаттың өтуі осы мерзімнің аяқталу кезі болып табылады (Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 5 шілдедегі №235-V Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 789-б. 1-т.).